15
Сәуір

15.04.2026

Президент жариялаған рақымшылық аясында «Ақ жол» демпартиясы кәсіпкерлерге қарсы істерді қайта қарауды не қысқартуды ұсынды

ҚР Бас Прокуроры

Б.Н. Асыловқа


Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» (2023 ж.) атты Жолдауында экономикалық қылмыстарды декриминализациялау бойынша жұмыс жүргізу тапсырылған болатын.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Парламенттегі қызметінде бұл ұстанымды жүйелі түрде қорғап келеді.

Біз мемлекетке орны толмас залал келмеген немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қоғамдық қауіп төнбеген жағдайда кәсіпкерлерге қылмыстық жауапкершілік қолдануға жол берілмеу керек деп санаймыз.

Осы тұрғыда «Ақ жол» фракциясы құқықтың жазалаушы емес, превентивті моделіне, яғни, алдын алу шараларына басымдық беретін және бұзушылықтардың орнын толтыру мүмкіндігін қарастыратын жүйеге көшуді қолдайды.

Кәсіпкерлік қызметтің ерекшелігі – кейде бизнес, әсіресе, жаңа және технологиялық салаларда, оны реттеу шараларынан да жылдамырақ дамиды. Мұндай жағдайда қылмыстық нормаларды формалды түрде қолдану шаруашылық үдерістерді криминализациялауға әкеліп, инвестицияларды тежеп, бәсекелестіктің дамуын шектейді.

Бизнесті де-криминализациялау жұмысында «Ақ жол» фракциясы белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, 10 жылға созылған даулардан кейін Қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік» туралы бап алынып тасталды, бұл баптың салдарынан, бір қате мәмілеге бола тұтас кәсіпорындар жойылып кететін.

Одан кейін фракциямыз «жалған шот-фактуралар» деп аталатын тізбектер бойынша бизнесті қорғауды жалғастырды, мұнда да бұзушылықтар үшін жауапкершілік адал контрагенттерге жүктелетін.

Сондай-ақ, «Ақ жол» депутаттары салық даулары заңда белгіленген тәртіппен шешілгенге дейін қылмыстық істер қозғауға жол берілмеуі керектігін бірнеше рет көтерді. Жалпы алғанда, біздің фракция кәсіпкерді бас бостандығынан айырмай-ақ, еселенген мөлшерде өтелуі мүмкін экономикалық құқықбұзушылықтарды де-криминализациялау қажет деп санайды.

Мұндай жағдайлардың барлығында экономикалық бұзушылықтар бюджет есебінен кәсіпкерді түрмеде ұстау арқылы емес, келтірілген залалды өтеу сияқты экономикалық шаралармен реттелуі тиіс деп есептейміз.

Былтыр «Ақ жол» фракциясының бастамасымен Қылмыстық кодекстің 31-бабына өзгерістер енгізіліп, ресми бизнестегі қызметтік міндеттерді бөлуді ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) белгісі ретінде қарастыруға тыйым салынды.

Шынайы ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметі зорлық-зомбылықпен, бандитизммен, бопсалаумен және басқа да ауыр қылмыстармен байланысты, бұл бизнес қызметінен түбегейлі ерекшеленеді.

Кейіннен осыған ұқсас №72-НП қаулысын Конституциялық Сот та қабылдады.

Алайда келіп түсіп жатқан ақпарат заңнамаға қарағанда іс жүзінде жағдай баяу өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Кәсіпкерлер, олардың туыстары мен адвокаттары шаруашылық қызметтің әлі де тергеу және сот органдары тарапынан ҰҚТ-ға қатысу ретінде бағаланатын жағдайлар бар екенін хабарлауда. Сондай-ақ мұндай айыптаулар бойынша бұрын шығарылған үкімдер Қылмыстық кодекстің 5 және 6-баптарына, сондай-ақ Жаңа Конституцияның 5-бабы 5-тармағына қайшы түрде қайта қаралмай отыр. Аталған нормалар заң жеңілдетілген жағдайда бұрынғы жазалар қысқартылуға тиіс екенін тікелей бекітеді.

Бұл жағдайға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тиісті нормативтік қаулысының созбалаңға түсуі де әсер етуде, алайда Қылмыстық кодекстің өзі тікелей атқарылып, қолданылуы міндетті болып табылады.


Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы төмендегіні сұрайды:

1) 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, ҰҚТ-ға қатысу белгілері бойынша қозғалған кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істердің қаншасы тоқтатылды немесе қайта қаралды?

2) Осыған байланысты, экономикалық құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған қанша кәсіпкерлер мен азаматтардың ісі Президент жариялаған рақымшылық шеңберінде қайта қарауға жатады?

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары:

Е.Барлыбаев,

А.Перуашев,

Д.Еспаева,

Қ.Иса,

С.Ерубаев,

О.Нұралдинов