ҚР Премьер-министрі
О. Бектеновке
ҚР Бас прокуроры
Б.Н. Асыловқа
Президент
Қ.Тоқаевтың бірқатар тапсырмасы аясында Үкімет мемлекеттік сатып алу жүйесін
жүйелі түрде ретке келтіруде.
Алайда,
адалдықтан жұрдай, бәлкім, жемқор, жергілікті шенеуніктер мемлекеттік сатып
алулардағы ашықтық талаптарын айналып өтудің жаңа жолдарын ойлап тауып жатыр.
Мәселен,
мемлекеттік органдардың сатып алудың арнайы рәсімдерін қолданып, сатып алатын
тауарларды, жұмыс мен қызметтерді өз қалауымен мемлекеттік құпияға жатқызудың
көбеюі жөнінде «Ақ жол» демпартиясына кәсіпкерлер шағымданып жатыр.
«Мемлекеттік
сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес ерекше тәртіппен сатып алулар мәліметтері
мемлекеттік құпияларды құрайтын және таратылуы шектелген қызметтік ақпараты бар
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайда жүзеге
асырылады.
Сонымен қатар,
«Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік құпияларға
стратегиялық маңызы бар нысандар мен олардағы жұмыстар туралы мәліметтер
жатады. Мұндай ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызу тәртібі мен құпиялауға
жататын бекітілген тізім бар.
Дегенмен, бизнес
мемлекеттік органдардың жекелеген қызмет көрсетушілердің мүдделерін қолдау
мақсатында өз сатып алудағы нысанның мемлекеттік құпияға қатысы барын алға
тартып, сатып алуды ерекше режимге көшіретін мысалдың көбейгенін хабарлайды.
Мысалы үшін,
2024 жылғы 29 сәуірде мемлекеттік сатып алу веб-порталында жалпы сомасы 7,8
млрд.теңгеге «Екібастұз қаласындағы бас төмендету қосалқы станциясының
құрылысы» ферроқорытпалпр өндірісі бойынша зауыттың конкурсы жарияланған
болатын.
Ал 2024 жылдың 5
маусымында «Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ түріндегі
ұйымдастырушы еш заңды негіздемесіз, бағаны түзетуді сылтауратып конкурстың
күшін жойып, сатып алуды ерекше тәртіпті қолдану арқылы жүргізеді.
Алайда, бұл
жағдайда аталмыш сатып алу нысанын мемлекеттік құпиялар немесе таратылуы
шектеулі ақпарат қатарына жатқызуға болмайды, өйткені ұйымдастырушы құрылысқа
қатысты барлық ақпаратты сәуір айында жариялап тастаған.
Оған қоса,
қалайша зауыттың қарапайым құрылысы аяқ астынан "құпия" нысан болып
шығады?
Сатып алулар
бойынша дәл осындай жағдай 2024 жылы Түркістан (No 12633715-1, № 11631243-1, №
11630961-1) және Атырау облысында да (No 11616492-1) орын алып, әдеттегі
рәсімдер ойда жоқта "стратегиялық" және "құпия" боп шыққан.
Еске сала
кетейік, 2017 жылы Өскемен қаласының құрылыс бөлімі екі қосалқы стансаның
(110/10-10 кВ) құрылысына келісім-шарттар жасасқан еді. Аталмыш нысандар
құпиялауға жататын тізімге кірмесе де, сатып алулар құпия режимде өткен.
Алайда, ШҚО
бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл сатып алуларды заңсыз деп
танып, олардың күшін жою туралы шешім қабылдады.
Яғни, Қаржы
министрлігі білікті қызмет көрсетушілердің сатып алуға қатысуы мақсатында
заңнамалық актілерді әзірлесе, кейбір мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар
өздерінің сыбайлас жемқорлық схемаларымен «таңдаулы» мердігерлердің пайдасына
барлық заңдарды айналып өтеді екен.
«Ақ жол»
демпартиясы шенеуніктердің мұндай әрекеттерін сыбайлас жемқорлықтың айқын
белгілері бар адал бәсекені заңсыз шектеу деп санайды.
Сатып алуды
ұйымдастырушылардың мұндай әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабына сай
қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде қарастыру керек деп санаймыз.
Мемлекет басшысы
Қ.Тоқаев 2019 жылғы өзінің алғашқы Жолдауында мемлекеттік сатып алулардың 75
пайызы бір көзден алу тәсілімен бәсекесіз жүзеге асырылғанын атап өтіп,
шенеуніктер мен басқа да орта жолдан пайда табушылар үшін бұл мүмкіндікті
жабудың уақыты келгенін айтқан еді.
Алайда, көріп
отырғанымыздай шенеуніктер бұған белсенді түрде қарсыласып, жаңа фокустар
шығаруда.
Жоғарыда
айтылғандарды ескере отырып "Ақ жол" ҚДП келесіні сұрайды:
1) Үкіметтен -
жергілікті мемлекеттік органдардың арнайы сатып алу рәсімін өз бетінше
пайдалануына тыйым салу, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен айқындылығы
талабын негізсіз айналып өту үшін мұндай рәсімді қолдануды болдырмайтын қатаң
критерийлерді анықтауды.
2) Бас Прокуратурадан – сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мемлекеттік құпияларға қатыстылығына сілтеме жасай отырып, ерекше тәртіпті қолданған мемлекеттік органдардың сатып алуларына прокурорлық тексеру жүргізуін сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
С.Ерубаев
Е.Бейсенбаев