13
Желтоқсан

13.12.2023

Шенеуіктердің рейдерлік әрекеттері тоқтатылсын!

ҚР Бас прокуроры

Б.Асыловқа

«Ақ жол» демпартиясына заңды бизнесі орналасқан жер телімдері бойынша мемлекеттік органдардың заңсыздығына қатысты кәсіпкерлер әлі де жүгінуде.

Мәселен, биылғы жылдың 27 маусымында санитарлық аймақтарды бұза отырып, тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлуге байланысты табысты кәсіпорындарды мақсатты түрде жоюға бағытталған мемлекеттік органдардың әрекеттері салдарынан Оралдағы әйгілі «Кублей» зауыты, Алматы облысындағы «KZ Recycling» үлгілі кәсіпорны, Алматы қаласындағы «Нұртау Темір» ЖШС және т.б. зардап шеккендері жөнінде фракциямыз сауал жолдаған болатын.

Белгілі болғандай, жуырда Жоғарғы сот «Кублей» зауытының ісін қараудан бас тартты, бұл оның толықтай жабылып, жүздеген жұмыс орны мен ұлттық ет брендінің жойылуын білдіреді.

Алайда, «Ақ жол» демпартиясы осы және басқа да кәсіпорындардың тағдыры үшін табанды күресін жалғастырады және мұндай істер бойынша Бас прокурордан наразылық енгізуді талап етеді.

Дегенмен, біздің шенеуніктер табысты бизнесті жоюдың немесе басып алудың жаңа әдістерін ойлап табуда.

Мысалы, бізге 2019 жылы Түркістан облысындағы «Алтын-Бұлақ» шипажайын қарамағындағы гольф клубымен бірге өзге компаниядан сатып алған «СТС» ЖШС жүгінді. Бұрынғы иесі бұл нысандарды 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционында сатып алған.

Жаңа қожайындар шипажайды қайта жөндеуден өткізіп, оған 4,5 миллиард теңгеден астам қаржы құйғанымен, күтпеген жерден өткен жылы аудандық жер қатынастары бөлімі Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2003 жылғы (яғни, 20 жылдан кейін!) санаторий, гольф клубы және іргелес резиденцияны салуға жер телімдерін бөлу туралы қаулысын жарамсыз деп тану жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген.

Авторлардың хабарлауынша, шипажайдың жанындағы резиденцияны сатып алып, аудандық бөлім сотқа шағым түсіргеннен кейін оны басқа ЖШС өткізіп жіберген Болат Назарбаев.

Әдетте, қайтқан адамдарды сөз қылмайды, бірақ бұл жерде біз оны айтуға мәжбүрміз.

2023 жылы соттар ЖҚРБ талап арызын қанағаттандырып, іс жүзінде бизнестің жеке мүлкін тәркілеп, талап қою мерзімін де, «СТС» ЖШС түріндегі адал сатып алушының заңды құқықтары мен заң алдындағы теңдік қағидаттарын елеусіз қалдырған.

Алайда бір нысанға (Болат Назарбаев 2022 жылы басқа ЖШС-ға шұғыл аударып жіберген резиденция) қатысты сот істі тоқтатып, бітімгерлік келісімді бекіткен. Бұл ретте сот заң бұзылмаған деп санаса керек. Алайда, жер телімдерінің барлығы (санаторий, гольф-клуб пен резиденция үшін) біріңғай тәртіппен бөлініп, құрылыстар салынған.

Талаптардың осылайша бөлшектеніп, бір нысанның бірыңғай талаптан оқшаулануы соттың бейтараптығына, жер комитеті қызметкерлерінің шынайы мақсатына негізді күмән туғызады.

Мәселе мемлекет мүддесін қорғау емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды басып алу жөнінде болып отырған сияқты. Бұл шенеуніктер өз гольф алаңы бар толықтай жаңартылған шипажай сияқты табысты кәсіпті кімге қайта сатуды жоспарлап отырғанын болжауға ғана болады.

Оған қоса, мұның барлығы «ескі Қазақстанмен күрес» деген желеумен жүргізіліп жатыр. Бұрыңғы дәуірдің символдарының бірі қайтыс болғаннан кейін де жеңімпаз болып шығып, нарық жағдайында бизнесін қалыптастырған адал кәсіпкерлер тағы да бизнесінен де, құйған инвестициясынан да айырылып қалып жатқан біртүрлі қызық күрес екен.

Бұл жосықсыз басып алудың жай-жапсары кәсіпкерлердің үндеуінде егжей-тегжейлі баяндалған, мұндай шағымдар әлі де келіп түсуде.

«Ақ жол» фракциясы авторлардың уәждерін мұқият зерделеу үшін кәсіпкерлер өтінішін Бас Прокурорға жолдап, олардың заңды құқықтарын қорғауды және соттың бұл анық әділетсіз шешіміне наразылық білдіруді сұрайды.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

А.Садықов

Е.Бейсенбаев