11
Маусым

11.06.2025

Сот орындаушыларының банк счеттарын негізсіз бұғаттауы

ҚР Әділет министрі

Е. Ж. Сарсембаевқа

«Ақ жол» демпартиясына азаматтардың банктік шоттарының толық бұғатталуына байланысты жиі келетін шағымдардың саны, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бұл – азаматтардың қаржылық құқықтарының бұзылуының айқын дәлелі.

Қазіргі таңда тұрғындардың салық, айыппұл немесе коммуналдық төлемдер және тағы басқа берешегі болған жағдайда, сот орындаушы, қарыздың нақты мөлшері мен бұғаттау сомасының айырмашылығына қарамастан, банктік шотты тұтастай бұғаттайды.

Мысалы, азаматтың шотында – 300 000 теңге бар, қарыз – бар болғаны 50 000 теңге. Нәтижесінде – толығымен 300 000 теңге бұғатталады.

Бұндай шамадан тыс әрекеттер, азаматтың күнделіктіқажеттіліктерін өтеу мүмкіндігінен айырады, атап айтқанда, тамақ, дәрі-дәрмек сатып алу және т.б. күнделікті тіршілік.

Бұл тетіктер, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңында, сот орындаушыға борышкердің қарызын қайтарып алуға барынша қарастырылған, соның ішіндегі ең әсерлісі – банктік есеп шоттарын толығымен бұғаттау тәсілі.

Мұндай тәсіл, сот орындаушылардың өз өкілеттіктерінасыра пайдаланып, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріп, оларды шарасыз күйге түсіреді.

Тіпті қарыз сомасы жабылған жағдайдың өзінде, мән-жәйді анықтап, банктік шотты бұғаттан босату үшін, сот орындаушыға 2-3 күн уақыт кетіп қалуы мүмкін.

Ал, шотты бұғаттау сәті демалыс, мереке күндеріне немесе азамат шетелде жүрген кезіне түсетін болса, бұл мәселені одан әрі қиындатады.

Оның үстіне, істің санатына байланысты, өндіріп алу сомасының 25 пайызына дейін жететін сот орындаушысының төлемақысы тағы бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге назар аударып, азаматтардың шоттарын толық бұғаттау тәжірибесін тоқтатуды тапсырған болатын. Алайда тапсырма берілгелі бір жылға жақын уақыт өтсе де, бұл салада нақты (оң) өзгерістер байқалмай тұр.

Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын ойлайтын мемлекет өз азаматтарын жазықсыз шектемей, әділеттілік пен құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс деп есептейміз.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы келесіні талап етеді:

1. Қарыз мөлшеріне сәйкес, шоттағы қаржыны ішінара бұғаттау тәртібін заңнамама жүзінде бекіту;

2. Шоттарды бұғаттау туралы қаулыда нақты соманыкөрсетуді мемлекеттік органдар мен соттар үшін міндеттеу;

3. Азаматтардың банктік шоттарына шектеулер енгізілмей тұрып, қарызды өз еркімен өтеу мерзімін белгілеп, бұғаттау жөнінде алдын-ала хабарлауды міндетті түрде қамтамасыз ету.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Ерубаев С.

Перуашев А.

Еспаева Д.

Иса Қ.

Барлыбаев Е.

Бейсенбаев Е.