ҚР Бас прокуроры
Б. Асыловқа
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бірқатар маңызды реформалар жарияланды. Солардың ішінде ең көп талқыланған бастамалардың бірі — Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта құру болды.
«Ақ жол»
демократиялық партиясы өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғай
отырып, Президенттің бұл шешімін толық қолдайды. Себебі инвестициялар мен жеке
меншікті қорғау — нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі.
Жеке меншік пен
инвестицияның қол сұғылмаушылығы кәсіпорындардың негізгі қорларының өсуіне,
олардың тұрақты технологиялық жаңаруына негіз болады. Ал, бұл – жалпы
экономиканың ажырамас бөлігі.
Сондықтан,
болжамды, әділ құқықтық ортаның белгісі ретінде бұл шешімді кәсіпкерлер қауымы
оң қабылдады.
Алайда бұл
бастамаға қатысты пікірлер әртүрлі болды. Кейбір бақылаушылар бұл өзгеріс
заңсыз активтерді қайтару жұмыстарын тежейді деп асығыс мәлімдеме жасады.
Осыған байланысты айтып өткіміз келетіні – заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитеттің атауына емес, 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға сүйенеді. Бұл заң күшін жойған жоқ.
Айта кету керек,
«Ақ жол» демократиялық партиясы 2013 жылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді
қайтару мәселесін жүйелі түрде көтеріп келеді. Сол уақыттан бері Үкімет пен Бас
прокуратураға шамамен 30 депутаттық сауал жолданды. Олардың қатарында Кипрдегі
қазақстандықтардың банк шоттарына, «Панама досьесі» мен «Жұмақ тізіміндегі»
олигархтарға, Швейцариядағы HSBC банкінде шоттары бар 82 қазақстандыққа (оның
ішінде министрлер мен әкімдер бар) қатысты сұраулар болды.
Біз бұл жұмыстың жалғасуы тиіс екеніне және жалғасатынына сенімдіміз. Алайда, енді негізгі назар шетелдік юрисдикциялармен ынтымақтастыққа аударылады. Бұл басқа елдермен ай сайын дерлік құқықтық көмек, қылмыскерлерді экстрадициялау және басқа да келісімдердің ратификациялануымен расталып отыр.
Ал Қазақстан ішінде, әлемдік экономикада инвестициялар көлемі жаппай азайып жатқан қазіргі жағдайда, бизнестің тұрақты дамуы үшін негізгі шарт-жағдайды қамтамасыз ету аса маңызды. Жеке меншік пен инвестицияларды қорғау — бұлардың алғашқысы.
Осы орайда соңғы 2–3 жылда ғана «Ақ жол» фракциясы адал бизнеске қарсы заңсыз активтерді қайтару желеуімен жасалған рейдерлік әрекеттер бойынша оннан астам депутаттық сауал жолдағанын атап өтуіміз керек.
Мысалы, марқұм
Болат Назарбаевтың активтерін тәркілеу деген сылтаумен Сарыағаш аудандық
әкімдігі Қаржы министрлігінің ашық аукционы арқылы мүлдем басқа кәсіпкерлер
заңды түрде сатып алған шипажайды сот арқылы тартып алып, Болат Назарбаевтың
өзіне (нақтырақ айтқанда, оның компаниясына) нысандарды еш дау-дамайсыз
қайтарып берген.
Басқа да мұндай жағдайлар болды. Өкінішке қарай, ол кезде мұндай фактілердің барлығына мемлекеттік органдар тиісті назар аударған жоқ.
Сондықтан, Бас прокуратураның Жолдаудан кейін бірден осы жағдайға қарсылық білдіргенін, оған дейін де біздің өтініштеріміз бойынша Алматыдағы жаңа кәсіпорынға шамамен 7 млрд теңге инвестиция салған ірі инвестор - «ЕвразКабель» АҚ, Жамбыл облысындағы «Жеміс-Жидек» ЖШС және басқа да кәсіпорындардың шағымдарына назар аударғанын жоғары бағалаймыз.
Біз Бас прокуратураға адал бизнесті қорғау бағытында қабылдаған шаралары үшін алғыс айтып, және осы жұмысты ары қарай күшейтуге шақырамыз. Себебі, «Ақ жол» фракциясының сауалдарының Қостанай, Қарағанды, Тараз, Ақтау және басқа өңірлердегі ұқсас фактілерге де қатысы бар.
Сондай-ақ, біз сот органдарына да Мемлекет басшысының Жолдауын басшылыққа алып, инвесторлардың заңды құқықтарын шынайы қорғауға шақырамыз.
Әрине,
капиталдың қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген жағдайда, Қазақстандағы
болсын, шетелдегі болсын заңсыз активтер халық пен мемлекетке қайтарылуы тиіс.
Бірақ адал және заңды бизнес, Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сай, мемлекеттің нақты қолдауын және қорғауын сезінуі қажет.
Осыған байланысты, Президент Жолдауын іске асыру мақсатында «Ақ жол» депутаттық фракциясы инвесторлардың құқығын қорғау және терең зерттеу үшін адал кәсіпкерлерге қатысты рейдерлік фактілер бойынша бұған дейінгі депутаттық сауалдарды Бас прокуратураға қайта жолдайды.
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
А.
Перуашев
Д.
Еспаева
Е.
Барлыбаев
Қ.
Иса
С.
Ерубаев
О.
Нуралдинов