02
Сәуір

«Ақ жол» фракциясының депутаттары Ақмола облысына іс-сапармен барды

2 сәуір 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

         «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты  Ерлік Өмірғали  жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды.

         Сапар барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаевпен кездесіп, облыстың жергілікті экономикалық-әлеуметтік жағдайымен танысты.

         Мұнан соң партия төрағасы Азат Перуашев өткен жылғы пандемия кезінде адамдарды аман алып қалу үшін бар күш-жігерлерін жұмсаған бір топ ақмолалық медицина қызметкерлерін «Жанқиярлық күрес үшін» төсбелгісімен марапаттады.

         Азат Перуашев ел басына күн туған кезде бар өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, жан-тәндерімен өз анттарына қылау түсірмеген ержүрек жандарға ризашылығын білдірді. Осы кезеңде партия тарапынан жасалған ізгілік істер жөнінде баяндады. Бұл ортақ мүддеден ешкімнің сырт қалмағанын баса атап өтті.

         Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықов өңірдің медицина саласы қызметкерлері атынан ризашылығын білдіріп, еңбектерін бағалаған «Ақ жол» партиясына алғыс айтты. Әрқашан өз міндеттеріне адал болатынын да жеткізді.

         Сондай-ақ,  Азат Перуашев жуырда қорытындысы шығарылған «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған «Әр қазақ - менің жалғызым!» фотобайқауының бас жүлде иегері көкшетаулық белгілі фотожурналист Советбек Мағзұмовқа  700 мың теңгенің сертификаты мен арнайы дипломды салтанатты түрде табыс етті.

         Сапар аясында Ақмола облысының бірқатар аудандық  мәслихат депутаттарымен кездесіп, пікір алмасты. Онда партияның заң шығару процесіндегі қызметі жөнінде айтылды.         

Депутаттар Көкше жерінің сан салалы мәселелерін жоғары заң шығарушы органда көтеруге ынталы екенін жеткізді.