Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
М.К. Қарабаевқа
«Ақжол» демпартиясына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы бойынша Қазақстан арқылы теміржол транзитімен өтетін бос контейнерлерді пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныспен шағын және орта бизнес кәсіпкерлері хабарласуда.
Ақысы төленген, алайда, пайдаланылмайтын бос вагон мен контейнерлері бар составтар Қытай Халық Республикасына қарай және кері бағытта күн сайын жүріп өтеді.
Кәсіпкерлер бұл бос контейнерлерді пайдалануды ұсынып отыр, бұл логистиканың арзандауы мен табыстың өсуіне, сондай-ақ, отандық кәсіпорындар бәсекелестігінің артуына ықпал етеді.
Шағын және орта бизнес сыртқы нарыққа бәсекеге қабілетті бағамен отандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік алады.
Алайда, қазіргі уақытта ҚТЖ-ның Қытайдағы өкілдігі, дәлірек айтсақ, «Қазтеміртранс» АҚ-ның еншілес кәсіпорны құны әлдеқайда төмен бос вагондар мен контейнерлердің кері тасымалын пайдалануға рұқсат етпей, тек өз вагондарын ғана ұсынып отыр.
Мұндай саясатты мемлекеттің қатысуы бар кәсіпорын тарапынан жеке кәсіпкерліктің заңды құқықтарын бұзатын жосықсыз бәсекелестік деп санаймыз. Іс жүзінде нарықтың өзге қатысушыларына зиян тигізу арқылы саланы квазимемлекеттік кәсіпорын тұтастай монополиялап алған, бұл нарықтық экономиканы дамыту секілді мемлекеттің саясатына сәйкес келмейді.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» фракциясы жеке кәсіпкерлерге төмендетілген тарифтер бере отырып, Қытаймен арадағы қозғалыстағы бос вагондар мен контейнерлерді пайдалану мәселесін қарастыруды орынды деп есептейді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы
Садықов А.А.
Перуашев А.Т.
Еспаева Д.М.
Барлыбаев Е.Х.
Иса Қ.Ж.
Бейсенбаев Е.А.