«Ақ жол» партиясының депутаттары жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендетуді талап етті

» Баспасөз релиздері » «Ақ жол» партиясының депутаттары жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендетуді талап етті

18.02.2021, 15:15

18 ақпан 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясының депутаттары жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендетуді талап етті. Бұл туралы Дания Еспаева Премьер-Министрдің атына жолданған депутаттық сауалда мәлімдеді.

«Ақ жол» партиясына саланың проблемалық мәселелері бойынша жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы жүгінді. Соңғы 5 жылда сала кәсіпорындарының 40%-дан астамы өз қызметін тоқтатты, жұмыс істейтіндердің саны екі есеге, яғни 25 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарды. Мұндай жағдай көп жағдайда осы саланы дамытудың мемлекеттік стратегиясының болмауына байланысты қалыптасты. Өз кезегінде, отандық өндірушілердің осы проблемалары импортқа тәуелділікті күшейтеді және тұтыну нарығында киімнің, аяқ киімнің, тамақ өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің және т.б. қымбат болуын негіздейді.

Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттары жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін бірқатар ұсыныстарды, олардың ішінде ҚҚС мөлшерлемесін төмендетуді айтты. Мұндай тәжірибе көптеген жылдар бойы Еуропалық Одақта, ЭЫДҰ елдерінде, тіпті Ресейде де қолданылып келеді. «Ақжолдықтардың» пікірінше, ол «Қарапайым заттар экономикасының» маңызды факторына айналып, тұтыну нарығын өз тауарларымен қамтамасыз етуге және өмір сүру деңгейінің импорт пен валюта бағамына тәуелділігін төмендетуге көмектесер еді.

«Ақ жол» партиясы 2012 жылдан бастап салық заңнамасына ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемесін енгізу туралы бірнеше рет ұсыныс жолдады, бірақ бұл бастаманы мемлекеттік органдар қолдаған жоқ.

2020 жылы Президенттің шешімімен Төтенше жағдай аясында әлеуметтік тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі 8%-ға дейін уақытша төмендетілді. Бірақ депутаттардың мұндай тәсілді заң деңгейінде бекіту әрекеттері тағы да қолдау таппады.

Тек 2020 жылы «Ақ жол» фракциясының бұл бастамаларынан Үкімет наурыз, мамыр және қараша айларында үш рет бас тартты, әкімшілендірудің қолайсыздығы және «жеңілірек механизмдерді қолдану» қажеттілігі туралы мәлімдеді.

Дегенмен, «Ақ жол» демократиялық партиясы әлеуметтік тауарлар мен басым секторлар үшін ҚҚС-ның төмендетілген мөлшерлемелерін енгізуді халық пен шағын және орта бизнесті қолдаудың аса қажетті шарасы деп санайды. Осыған байланысты Үкіметке жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен халық тұтынатын тауарлар үшін ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесін 3% деп белгілеу талабымен кезекті сауалын жолдады.

«Ақ жол» партиясы мен оның парламенттік фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жұмыстарын жалғастыруда.