Індет кезіндегі «той» – «Ақ жол» депутаттары шенеуніктердің тәбетін сынға алды

» Баспасөз релиздері » Індет кезіндегі «той» - «Ақ жол» депутаттары шенеуніктердің тәбетін сынға алды

06.05.2021, 17:05

6 мамыр 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Жергілікті мемлекеттік органдардың қымбат дүниелерге деген құштарлығы «оба кезіндегі тойды» еске түсіреді. Бұл туралы демократтар фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Парламенттегі бюджетті нақтылауды талқылау барысында мәлімдеді.

«Бөлінген қаржыны үнемді әрі ұқыпты пайдаланудың орнына, кейбір мемлекеттік органдар өздерінің біліксіздігі мен тәбетін пандемияға жаба бастады. Сондықтан қосымша бюджетті пайдалану, сыбайлас жемқорлық пен негізсіз шығындардың жолын кесу қоғамның да қатаң бақылауында болуы тиіс» – деп мәлімдеді депутат.

Халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алуға әуестену жеке назарды талап етеді. Жалпы алғанда, Үкіметтің өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ұмтылысын мақұлдай отырып, біздің ойымызша, жергілікті мемлекеттік органдар тәбеттерін төмендетіп, асқан шығындардан бас тартып, мектептердің, ауруханалардың, спорт ғимараттарының және т.б. үлгілік жобаларын іске асыруға көшуі қажет.

Әйтпесе, тым қымбат дүниелерге деген құмарлық «оба кезіндегі тойды» еске салады және адамдар әр тиынды үнемдеп жүргенде бұл әрекет ысырапшылдықты білдіреді», – деп атап өтті Азат Перуашев.

Ол пандемиямен күресуге бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау үшін барлық партиялардың қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін парламенттік топ құруды ұсынды.

«Бұл ұсыныс өткен кезеңде экономиканы және халықты қолдау шараларын іске асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша құрылыстың жоғары құнынан бастап, мектеп ноутбуктерін тікелей ұрлауға дейінгі  көптеген дабылдарға байланысты біздің алаңдаушылығымыздан туындады.

Осы қаражатты жұмсау нәтижесі бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу қажет деп санаймыз», – деп толықтырды Перуашев.