ҚР Премьер-Министрінің
орынбасары
Е. Б. Көшербаевқа
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысатын жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдерінен көптеген әрі жүйелі түрде шағымдар түсуде.
Арыздардың мазмұны мынаған саяды: қазіргі конфигурациясында МӘМС жүйесі жекеменшік медициналық қызмет көрсетушілерге қатысты айқын кемсітушілік танытады. Денсаулық сақтау жүйесін басқару органдары меншік нысандарының теңдігі мен әділ бәсекелестікке негізделген конституциялық қағидаттарды елемейтіндей әсер қалдырады.
Өңірлерден алынған ақпараттарға сәйкес келесі жағдай қалыптасып отыр:
1. Қаржыландырудағы жүйелі теңсіздік. Жекеменшік медициналық ұйымдар МӘМС Қорымен келісімшарттары болғанына қарамастан, мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда айтарлықтай аз мөлшерде қаржыландырылады. Бұл ретте олардың көрсететін қызметтерінің сапасы мен көлемі кейбір жағдайларда мемлекеттік ұйымдардан асып түседі. Мұндай жағдай институционалдық көзқарастың бар екенін көрсетеді.
2. Санкциялар қолданудағы таңдамалылық пен біржақтылық. Ұқсас заңбұзушылықтар орын алған кездежекеменшік ұйымдарға ең қатаң санкциялар – айыппұлдан бастап төлемдерді тоқтатуға дейін – қолданылады. Ал,мемлекеттік мекемелерге қатысты тым жұмсақ немесе символдық шаралармен шектеледі. Бұл әділет қағидаттарын бұзып қана қоймай, бүкіл мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.
3. Ашықтықтың болмауы мен ережелердің көмескілігі. Әлі күнге дейін медициналық қызмет көлемін бөлу және тарифтерді белгілеу бойынша нақты, түсінікті әрі ашық критерийлер әзірленбеген. Бұл субъективті шешімдерге, жемқорлық тәуекелдеріне және бәсекелестік ортаның бұрмалануына әкеліп соғады.
Жоғарыда айтылған жайттар:
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында көрсетілген мемлекеттік және жекеменшік меншіктің тең қорғалу қағидатын;
- Конституцияның 26-бабындағы адал емес бәсекелестікке тыйым салуды — өрескел бұзып отыр деп есептейміз.
Сонымен қатар, қазіргі жағдайда мемлекеттік медициналық ұйымдар күрделі шығындар – құрылыс, жөндеу, жабдықтау – бойынша тікелей бюджеттік қаржыландыру алады. Ал жекеменшік сектор бұл артықшылықтардан айырылған және тек өз қаражаты есебінен даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге мәжбүр. Сонымен қатар, МӘМС тарифтеріне инвестициялық құрамдас енгізілмеген.
Осының салдарынан жекеменшік медициналық ұйымдар әу бастан тең емес және әділетсіз жағдайларға тап болып отыр, бұл түптеп келгенде халықтың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етеді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда жекеменшік медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетушілердің 60%-дан астамын құрайды және ТМККК мен МӘМС аясындағы медициналық қызметтердің 25%-ға дейінгі көлемін қамтамасыз етеді. Олардың нарықтан кетуі денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді, ал мемлекеттік жүйе бұл жағдайға жедел әрекет етуге дайын емес.
Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП фракциясы келесі талаптарды алға тартады:
1. Соңғы үш жыл ішінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар арасында МӘМС қаражатын бөлу механизмдері мен критерийлері туралы ресми ақпарат ұсыну;
2. МӘМС Қорымен жасалған келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін қолданылған барлық санкциялар бойынша меншік нысанына қарай бөлінген егжей-тегжейлі статистика ұсыну;
3. МӘМС жүйесіне барлық қызмет көрсетушілердің, меншік нысанына қарамастан, тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Үкімет қабылдап жатқан нақты шараларды жариялау;
4. Жекеменшік медициналық ұйымдарға қатысты уәкілетті және қадағалаушы органдар тарапынан әкімшілік қысым көрсету немесе мүдделер қақтығысы фактілерінің анықталуы жөнінде ақпарат беру.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Е.Бейсенбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
С.Ерубаев