30
Шілде

2026 жылғы 30 шілдеде Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері Қарасай ауданының Тұрар ауылында тұрғындармен кездесті

2026 жылғы 30 шілдеде Құрылтай сайлауына арналған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері Қарасай ауданының Тұрар ауылында тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Шынасилова Мейраш, облыстық филиал төрағасының орынбасары Сағымбекұлы Абзалбек, облыстық кеңес мүшесі Ерғалиева Еңлік және сайлауалды штаб мүшесі Жаңғышупова Әлия қатысты.

Іс-шараға 40 тұрғын жиналды. Кездесу барысында штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, кәсіпкерлікті қолдау, әділ салық саясатын қалыптастыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар туралы баяндады.

Тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, елді мекендегі қаңғыбас иттердің көбеюі, олардың тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне төндіретін қаупі, сондай-ақ оларды аулау мен бақылау жұмыстарын жүйелеу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар кездесуде салық салу мәселелері талқыланды. Тұрғындар салық жүктемесі, салық төлеу тәртібі, шағын кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау және салық жүйесінің қарапайым әрі түсінікті болуы жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері алдағы партиялық жұмыс барысында назарға алынатынын жеткізді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық пікір алмасу өтті.

Кездесу соңында штаб мүшелері тұрғындарға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, халықпен тікелей диалог орнату өңірдегі өзекті мәселелерді анықтау мен оларды шешудің маңызды тетігі екенін атап өтті.