08
Қыркүйек

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің мәлімдемесі

Мәлімдеме

"Ақ жол" Демократиялық партиясы Президент Қ. Тоқаевтың бүгінгі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты халыққа және Парламентке жасаған Жолдауын түбегейлі қолдайды.

Мемлекет басшысы бірқатар аса маңызды әлеуметтік-экономикалық бастамаларды көтерді, соның ішінде, Бас прокуратура жанынан Инвестицияларды қорғау комитетін құру, ЕАЭО аясында өндірушілерді қолдау, экономиканың индустриялды негізін дамыту, сирек жер кен орындарының геологиялық барлауы мен металлургиясын қалыптастыру, жаппай цифрландыру мен криптотехнологияларды енгізу, 21 кодекс нормалары пен 300 астам заңды Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сай қылу, адал кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жаңа Салық кодексін әкімшілендіру, бюджет пен квазимемлекеттік сектордың қисапсыз шығындарын азайту және т.б. бар.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Президенттің ұстанымын түбегейлі қолдайды, Мәжілістегі фракциямыз бұл мәселелерді мемлекеттік органдар алдында үнемі көтеріп келеді. Бүгінгі Жолдау нәтижесінде енді Парламенттің Үкіметтен нақты шешімдерді талап ету негіздері пайда болды.

Дегенмен, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Президент Қ.Тоқаевтың бір палаталы Парламентке көшу және оның депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау туралы бастамасын ең өзекті, стратегиялық тұрғыдан негізделген, тіпті революциялық ұсыныс деп санайды.

2022 жылғы конституциялық реформадан кейін қоғамның, партиялар мен Парламенттің жаңа саяси мәдениеті олардың функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша тежемелік және тепе-теңдік жүйесінде оларға көбірек салмақ беру үшін жетілді.

Бір палаталы Парламент мемлекеттің бүкіл аумағында біртұтас саяси ерік-жігерді жүзеге асырудың түпкілікті сипатын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның мемлекеттік құрылымының унитарлық сипатына сәйкес келеді. Сонымен қатар, жоғарғы палатаның болмауы билік партиясы тарапынан көппартиялы Мәжілістің шешімдеріне «цензура/түзетулерден» бас тартуын білдіреді.

Ал, Парламенттің партиялық тізім бойынша жасақталуы мүдделес депутаттарға парламент мінберінен өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, қажетті шешімдер мен заңдардың қабылдануына қол жеткізу үшін бірігуге, яғни, назар аудару үшін ғана емес, нәтиже үшін де күресуге мүмкіндік береді.

Бұл партиялар институтын ғана емес, сонымен қатар, сайлаушылардың ауқымды тобының мүддесін білдіретін Парламенттің өз институтын да нығайтады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы өткен кезеңдерде де мұндай ұстанымдарды бірнеше рет көтерген болатын, біз Мемлекет басшысының бүгінгі бастамаларын шешімді түрде қолдаймыз.

Өз сайлаушыларымызды және Қазақстанның барша азаматтарын еліміздің саяси жүйесі үшін Президент Қ.Тоқаев ұсынған өзгерістердің тағдырлы маңыздылығын түсініп, бір жылдан кейін өтетін референдумда қолдауға шақырамыз.

("Ақ жол" Демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің отырысында қабылданды, 8 қыркүйек 2025 жыл, 17:20)