07
Тамыз

«Ақ жол» демократиялық партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелері Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының Төрағасы Дания Еспаева бастаған Республикалық штаб мүшелері Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Басқосу барысында партия өкілдері «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басты бастамалары мен ұстанымдарын ортаға салды.

Әсіресе, ауыл мен аудан тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерге айрықша назар аударылды. Шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ сапалы білім мен медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.

Ашық диалог форматында өткен жүздесуде ауыл тұрғындары өз ойларын еркін білдіріп, елді мекенге ортақ түйткілді мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Республикалық штаб мүшелері жұртшылықтың сауалдарына тұщымды жауап беріп, көтерілген тақырыптар бойынша партияның нақты ұстанымын жеткізді.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері халықпен бетпе-бет кездесулер азаматтардың шынайы талап-тілектеріне құлақ асып, оларды партияның алдағы қызметінде міндетті түрде ескеруге жол ашатынын атап өтті.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Республикалық сайлауалды штабының Алматы облысындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.