19
Қазан

«Ақ жол» демпартиясы салық амнистиясын жүргізіп, мәмілелерді жарамсыз деп тануға мораторий енгізуді ұсынды

19 қазан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» демпартиясы салық амнистиясын жүргізіп, мәмілелерді жарамсыз деп тануға мораторий енгізуді ұсынды – бұл туралы Салық кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты «Ақ жол» фракциясының ұстанымын жариялау барысында Азат Перуашев мәлімдеді.

«Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа ғана асығыстық танытпай, көптеген мәселелерді жаңа Салық кодексіне қалдыруға шақырды. Алайда, мәмілелерді жарамсыз деп тану кәсіпкерлерге қамшыдай тиюде, бұл тығырықтан шығудың жолын бүгіннен бастап іздеу керек. Кейбір жағдайларда салық тексерулерін өткізбей-ақ, яғни, ешбір дәлелсіз бірден сотқа шағым түсіреді. Ал, соттар «бюджет мүддесі» дегег желеумен қажетті шешімдерді шығарып, кәсіпкерлердің салықты төлегені туралы құжаты сияқты аргументтерді назарға да алмайды», - деді А.Перуашев.

Ол, сондай-ақ, жантүршігерлік жағдайлар туралы да айтып өтті: мәселен, Қарағандыдағы ТБӨ зауытына 1,8 млрд тг қосымша салық салынған, ал, кінәлі ретінде оның 4-ші тізбектегі контрагенті танылған, яғни, арада өзге 4 кәсіпорын бар. Зауытта 250 адам жұмыс істейді, қазірдің өзінде зауыт 300 млн салық төлеп қойған, жылужелілерін, мектептер, тұрғын үйлер салып беріп отыр. Ал, енді бұл зауыт шығынға ұшырауы керек. Аяқ астынан әлдебір тұлғалар қомақты алым үшін мәселені шешіп беруді де ұсынып отыр екен. Яғни, салық қызметкерлері қолдан проблема жасап, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды қаласа жауып, қаласа тиіспей жүре бере алады. Бұл жерде мемлекеттің мүддесі қайда? Мұндай мысалдар аз емес.

Сонымен қатар, «Ақ жол» демпартиясының лидері осы тақырып бойынша фракцияның биылғы жылдың 31 мамырындағы сауалына берген жауабында Бас прокуратура бұл мәселе ҚҚС төлеушілердің тек 5 пайызына ғана қатысты деп жауап бергенін еске салды.

Дегенмен, «ақжолдықтар» мұндай әдіспен бұл көрсеткіштер тек өсе беретінін сол кезде-ақ айтқан еді. Арада небәрі 4 ай өтті, кеше дөңгелек үстел барысында Қаржы вице-министрі Е.Біржанов мәмілелерді жарамсыз деп тану кәсіпорындардың 11 пайызына әсер еткенін, ал салық кеңесшілерінің мәліметі бойынша, бір жылда әрбір үшінші кәсіпкерд қайта салық салуға ұшырайтынын немесе кәсіпорнына жабылу қаупі төнетінін атап өтті.

«Бұл бассыздықты тоқтату керек. Кәсіпкерлер қазірдің өзінде мұндай талаптар бойынша салық амнистиясын, немесе бұл процедура ретке келтірілгенге дейін мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін шағым түсіруге мораторий жариялауды сұрап отыр.

Әйтпесе, салық органдары ондаған табысты кәсіпорынды жасанды түрде банкротқа ұшыратуда»,- деді А. Перуашев.