17
Қараша

«Ақ жол» демпартиясының орталық офисінде бірқатар кездесулер өтті

https://t.me/peruash/14407

Бүгін фракция отырысынан кейін «Ақ жол» демпартиясының орталық офисінде бірқатар кездесулер өтті. Атап айтқанда, пилотсыз авиациялық құралдарлың операторларын дайындайтын БАС құзыреттілік орталығының жетекшісі Абзал Ерубаевты қабылдадық. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік және төтенше жағдайлар саласында дрондарды пайдаланудың қазіргі жағдайы мен болашағын, қауіпсіздік пен саладағы «көлеңкелі» қатысушылар мәселесін талқыладық. Сондай-ақ, заңнамалық реттеу, сертификаттау және саладағы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру мәселелерінде түйткілдер бар. Өз қызметінде БПЛА қолданысын енгізіп жатқан бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерімен жиын өткізуге келістік.

Содан кейін, Мәжілісте қауіпсіз еңбек жағдайлары мен азаматтардың еңбек құқықтарының кепілдіктері туралы заң жобасы қаралуына байланысты бизнес өкілдерімен жұмыс берушілердің қызметкерлерді сақтандыруы мәселелерін талқыладық. Бұл тақырыпты толығырақ зерттеуге бір күн уақыт алдық.

Сондай-ақ, салық реформасы мәселелері бойынша кәсіпкерлер тобымен кездестік, атап айтқанда, АСР қатысушылары үшін B2B қолдануға қойылатын шектеулерді талқыладық. ШОБ бұрынғы заңды тұлғалар санатындағы контрсеріктестермен келісімшарттардың бұзылуы, тендерлерге қатыса алмауы және т.б. сияқты шектеулерді қазірдің өзінде сезініп отыр.

«Ақ жол» фракциясы Парламенттегі талқылаулар кезінде жаңа Салық кодексіне қарсы шыққаны белгілі, B2B мәселелері бойынша пікірталасты да жалғастырамыз.

Сонымен қатар, есірткі саудасы мен оны таратқаны үшін сотталған жасөспірімдердің ата-аналары делегациясын қабылдадық. Олардың мәліметтері бойынша, мұндай қылмыстар үшін сотталғандардың 50%-дан астамы жастар, соның ішінде 16 және 17 жастағылар. Президент Қ. Тоқаевтың Құрылтайдағы тансырмаларына сәйкес, алғаш рет заң бұзғандар үшін бұл қылмыс бойынша жаза жеңілдетілді. Дегенмен, ата-аналар көп жағдайда айыптаулардың ауырлығына және бірнеше айыптау қатар тағылған соң істерді қайта қарауға немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қол жеткізе алмайтындарын хабарлады. Ата-аналардың бастамашыл тобы Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қытай және Еуропа мемлекеттері сияқты әртүрлі елдердегі заттардың мөлшері мен соған сай жазалар ауырлығының салыстырмалы кестесін келтірді. Шынында да, бірқатар жағдайларда біздің еліміздегі талаптар тіпті Қытайдағыдан да әлдеқайда қатаң.

Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есірткі таратуға арналған баптарды және ұйымдасқан қылмысқа арналған бөлек бапты бір мезгілде қолдану күмән тудырады, бұл бір қылмыс үшін екі жазаға қатар тартылуды білдіріп, тіпті, алғаш рет қылмыс жасаған ұл-қыздарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынан айырады.

Біздің заңгерлер тобына дәлелдерді мұқият қарап, осы мәселелер бойынша ұстанымымызды дайындауды тапсырдық.

Соған қарамастан, ата-аналарға есірткі саудасы - кінәлілер заң жүзінде жауапкершілік арқалауы тиіс қылмыс екенін еске салдық. Әрине, жаза қылмыстың ауырлығына сай болуы керек, ал сүрінгендердің өз қателіктерін мойындап, қоғамға қылмыстық ойлау қабілеті қалыптасқан қылмыскерлер емес, қалыпты адамдар ретінде оралу мүмкіндігі болуы керек. Президенттің алғаш рет қылмыс жасағандарға жазаны азайту бастамаларының негізі осында.