Фракцияның сөйлеген сөзі:
«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің 2024 жылға арналған есебіне қарсы дауыс береді.
Оның басты себептерін әріптестеріміз атап өтті.
Сонымен қатар біраз басқа да жүйелі олқылықтарға назар аударғым келеді.
●Біріншіден - бюджет саясатының теңгерімсіздігі.
Әлеуметтік саланы қаржыландыру - өткен жылда 12%-ке өсіп, 9,6 трлн теңгеге
дейін жетті.
Ал нақты секторға, керісінше, инвестициялар 2,9 триллионға дейін азайып,
20%-ке қысқарды.
Яғни, Үкімет, болашақ кірісті қамтудан гөрі, өтеусіз әлеуметтік шығындарға
3 есе көп қаражат жұмсауда.
Негізі, пропорция басқаша болуы керек еді.
Бұл ұзақ мерзімді жоспардағы теңгерімсіз саясатты көрсететін өте алаңдатар
үрдіс.
Үкіметтің нақты басымдықтары жоқ сияқты, бюджеттің нақты шамасын есепке
алмай, барлық мәселелерді бірден шешуге тырысатын секілді.
Бірақ, бұл қате жол.
Ағымдағы мәселелерді шешу үшін, ең алдымен қолда бар экономикалық
мүмкіндіктермен санасу керек.
Қазақша айтқанда «Көрпеге қарап, көсілу керек».
Бұл қиын, қиын болса да, - басқа жол жоқ.
Бәлкім, Үкімет өзінің барлық жұмысын көрсетпеген болар, өйткені аймақтарде
жаңа ірі индустниялық жобалар пайда болуда.
Бірақ оларға қыруар қаражат бюджет пен парламенттен тыс, Үкімет
тапсырмаларымен бағытталуда.
Яғни, елімізде параллельді дүниелер пайда болған сияқты: біреуі бюджет
арқылы өтсе, екіншісі - парламентте талқыланбайтын, және есеп бермейтін
экономикалар.
Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің 5,9%-ке, машина жасаудың 9,7%-ке,
металлургияның 6,9%-ке, фармацевтиканың 21,8%-ке өсуі - мақтауға лайық нәрсе.
Бірақ бұл өсудің сипаты туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ең бастысы,
сандық емес, сапалық өсу қажет. Ал, бұл Есептерден көрінбейді.
Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы жыл сайын қоғам мен парламент осы триллиондардың
жұмсалуын мақұлдап, бақылауға алу үшін, сондай-ақ олардың экономикаға әсерін
көру үшін, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражатын
бюджет арқылы бағыттауды ұсынады.
● Екіншіден: квазимемлекеттік сектордың сақталып келе жатқан «өзінше бір
төбе» болған рөлі.
«Ақ жол» фракциясы 2024 жылға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде
Бюджет кодексіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық пайдасын бюджетке
алуды талап еткен.
Оның орнына «Самұрық-Қазына» қорының өзі таңдайтын жүйелік маңызды
компаниялары кірісінің 50 пайызын ғана бағыттау туралы норма қабылданды.
Нәтижесінде, "Бәйтерек" холдингтегі барлық даму институттар мен
банктері, жүздеген СПК-лар, әкімдіктер мен министрліктердің жанындағы
ТОО-лардың табыстары тағы да бюджеттен тыс қалды.
Тіпті осы қабылданған талаптың өзі де орындалмай жатыр. Жоғарғы аудиторлық
палатасы «Самұрық-Қазына» қорының кірісінде 11 компанияларының - 347 млрд теңге
кірісі есепке алынбағаны және бюджетке түспегені анықтады.
Қор кірістерінің барлық басқа түрлері де, мемлекеттік бюджеттен тыс өтеді –
қаржылық кірістер, шоттар бойынша банк сыйақылары, валюта курстарының
айырмасынан түсетін кірістер және т.б., - бұл деген тағы да 1 триллион 250
миллиард есепке алынбаған және мемлекеттік бюджетке жіберілмеген қаражат.
Сонымен бірге, парламенттің көп жылғы сынына қарамастан, 2024 жылы Қордағы,
бір көзден сатып алудың үлесі 56%-тен 60%-ке дейін өсті. Бұл жолмен, сатып
алуға ашықтық пен бәсекеге талаптарына қайшы 2 триллион 200 миллиард теңге
жұмсалды.
Мәселен, сол әдіспен «KEGOK» АҚ шынайы бағадан 3 есе қымбатқа құрал-жабдық
сатып алған.
Ал ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың көптеген еншілес
компаниялары, мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бизнеске белсенді
араласып, жеке кәсіпкерлерді «жаншып» жатыр.
– «Самұрық-Қазына Констракшн» компаниясы тұрғын үй құрылысының бәсеке
нарығына кіріп, ал басшылық миллиардтаған ақша жымқырды.
– Денсаулық сақтау министрлігінің орнына «СК-Фармация» АҚ медициналық препараттар мен өнімдерге мемлекеттік тапсырыстарды игеріп, бәсекені өлтіріп, монополияларға қызмет етуде.
– «Қазавтожол» АҚ жүктеген жұмысын атқарудың орнына, мемлекеттің миллиардтаған қаржысын үлестіріп отыр, т.б.
Осындай құрылымдар арқылы, миллиардтаған бюджет қаражаты қоғам мен парламенттің бақылауынан шығарылды, бұл олардың ашықтығы мен есептілігіне күмән туғызады.
«Ақ жол» фракциясы Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласында айтылғандай, осы функциялардың барлығын бюджет, қоғам және парламент бақылауына, мемлекеттік органдардың құзыретіне қайтару қажет деп санайды.
Оның үстінде, бүгінгі жағдайда бюджет шығындарын үнемдеп, азайту керек, ал сол жайында Есепте бір сөз жоқ!
● Үшіншіден: Үкіметтің кешенді бағдарламасының жоқтығы.
Есептерді қарау кезінде, бюджетті үкіметтің іс-қимыл бағдарламасынсыз талқылаудың тиімсіз екеніне тағы да көзіміз жетті.
Парламент Үкіметтің жұмысын бюджетті игеруі бойынша бағалайды. Бірақ қоғамға тек қаржылық құжат қана емес, Үкіметтің бюджетті қандай жүйелі мақсаттарға бағыттап жатқанын және оның күш-жігерін көрсететін бағдарламалық құжат та қажет.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы Үкіметтен Парламентте бюджетті ғана емес, осы бюджетті жүзеге асыруға арналған іс-шаралар бағдарламасын да бекітуді ұсынады.
Құрметті ханымдар мен мырзалар.
Бәлкім, бүгін біз әріптестерімізге тым сыни көзбен қарап отырмыз, себебі, 2024 жылғы көрсеткіштер, негізінен апатты су тасқыны, пандемиядан кейінгі жинақталған әсері және т.б. форс-мажорлық жағдайларға байланысты болды.
Әділін айтқанда, биылғы жылдың алғашқы 5 айы сол қиындықтардан асып өтіп, ВВП рекордтық 6%-ке, ал, негізгі алты салада, тіпті, 8,6%-ке өскені, мемлекеттік бюджеттің профициті және басқа да дұрыс өзгерістер мәлім болуда.
Бұл Еліміздің экономикасы қуатты, мемлекеті берік, ары қарай даму үшін тиісті ресурстары жеткілікті екенін тағы да көрсетеді.
Бұл көрсеткіштерде қазіргі Үкіметтің рөлін де мойындауымыз керек.
Сол себептен, Бектенов үкіметіне бұл жұмыста біз сәттілік пен табандылық тілейміз.
Сонда да, Парламент биылғы жылдың бюджетіне келесі жылы баға береді.
Ал, әзірше 2024 жылға арналған бюджеттің атқарылуына баға бере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің есебін қолдамайды, оған ҚАРСЫ дауыс береміз.
Назарларыңызға рахмет.