Кеше өткен «Ақ жол»
фракциясының отырысында алдағы Мәжілістің пленарлық отырысынан бөлек, бірқатар
өзекті мәселелерді талқыладық.
Атап айтқанда, өткен
аптада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауылдық округтер әкімдері форумы
жөнінде пікір алмастық. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы бүкіл билік вертикалінің
алғашқы ашық диалогы. Форумда сөз сөйлеген «Ақ жол» демпартиясы мүшесі, Владимировка ауылының әкімі Әлия
Жүнісованың баяндамасы қуантты. Ол – кәсіпкерліктен бастап, мәслихат депутаты
және туған ауылының әкімі болып сайлануға дейінгі жолды жүріп өткен көпбалалы
ана.
Аталмыш форумдағы
Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін
кеңейту, оларды өздеріне тән емес функциялардан босату, сондай-ақ, 4-деңгейлі
бюджеттер пен салықтарды қалыптастыру мәселелері бойынша заң жобалары
әзірленетін болады.
Сонымен бірге, Мемлекет
басшысы заңнамаларда кейбір депутаттардың аудан әкімдерін сайлауды тоқтату
жөніндегі бастамасын қарауды тапсырды. Осыған байланысты, мен өңірлердегі
филиалдарымыз бен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына «Жергілікті
мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына, Бюджет және Салық
кодекстеріне, «Сайлау туралы» заңы мен өзге де заңнамалық актілерге енгізілетін
өзгерістер бойынша он күндік мерзімде ұсыныстарын жолдауды тапсырдым.
Сондай-ақ, Мәжіліс
вице-спикері Дания Еспаева «Ақ жол» Демпартиясы Әйелдер қанатының атқарушы
хатшысы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Қабдығалиеваға 2026
жылға арналған Әйелдер қанатының жұмыс жоспарын дайындап, оны желтоқсан айының
ортасына дейін партияның әйелдер ұйымдары кеңесінің қарауына шығару жөнінде
тапсырма берді.

Фракция отырысынан кейін
ТМД бойынша Tik-Tok өкілі Михаил Якушевті қабылдап, заманауи коммуникация
құралдарының дамуы және олардың бизнесті ілгерілетудегі рөлі жөнінде пікір алмастық.
Сонымен бірге, Мәжілісте қаралып жатқан Цифрлық кодекстің қабылдану барысы да
талқыланды.

Одан бөлек, цифрландыру
құралдары мен деректер базасын талдау арқылы бюджет қаражатын жымқыру
фактілерін анықтау жөніндегі тәжірибесімен бөліскен «Криминологиялық
аналитикалық орталық» ЖШС басшысы Еркін Байтуровты қабылдадым. Оның айтуынша,
Орталық мамандары тәжірибе ретінде бес квазимемлекеттік ұйымның қызметін
талдап, миллиардтаған теңге көлемдегі қаржы жымқырылғанын анықтаған. Алайда
материалдар уәкілетті органдарға берілгеніне қарамастан, қылмыстық істер сол
күйі ашылмаған.

Е.Байтуров Орталық
әдістемесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың жұмысына енгізуді ұсынды.
Оның айтуынша, жемқорлықтың негізгі зардабын ең алдымен бизнес тартады:
кәсіпкерлер «откат» беруге мәжбүр болып, қылмыс әшкереленгенде кінәлі тұлға
ретінде қалу қаупімен бетпе-бет келеді. Бұл және өзге де көтерілген мәселелерді
зерделейтін боламыз.