22
Тамыз

«Ақ жол» партиясының өкілдері мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

22 тамыз 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ержан Бейсенбаев пен «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Адай Кенжебайұлы жаңа оқу жылының басталуына дайындық жұмыстарын зерделеу мақсатында №1 Талант мектебінде болды.

Кездесу барысында халық қалаулысы білім саласының маңыздылығын атап өтіп, жаңа оқу жылын тыңғылықты дайындықпен бастау қажеттігін айтты.

Мектеп директоры Рахат Арғынбай өз кезегінде Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына қатысты өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, аталмыш құжатқа сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары жекеменшік мектепте оқыған жағдайда қала сыртындағы жекеменшік лагерьлерде демалыспен қамтылмайды.

«Бұл – теңсіздікке әкелетін норма. Себебі бүгінде Шымкент қаласындағы 140-тан астам жекеменшік мектепте 60 мыңнан аса оқушы білім алуда. Оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар да бар. Мысалы, «Мектепке жол» акциясы аясында 7 400-ден астам оқушы өтінім білдірген. Сондықтан мемлекеттік және жекеменшік мектеп оқушылары арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін қаулыға толықтырулар енгізу қажет», – деді мектеп директоры.

Депутат Ержан Бейсенбаев бұл ұсынысты назарға алып, Үкімет деңгейінде қаралуына ықпал жасайтынын жеткізді.