26
Мамыр

«Ақ жол» партиясында мемлекеттік тіл құзыреттілігін кеңейту стандартының жобасы таныстырылды

26 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін Астана қаласындағы «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде ұлттық стандарттардың алғашқы редакцияларының қайта қаралуын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. 


Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың басқаруымен өткен дөңгелек үстел жұмысына фракция мүшелері, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Ержан Бейсенбаев, Асқар Садықов, партия төрағасының орынбасары Серік Ерубаев,  фракция аппаратының жетекшісі Берік Дүйсембинов, Қазақстан Стандарттау және метрология институтының, ҚР БҒМ Қазтест жүйесін дамыту басқармасының, «ҚазСтандарт» РМК-нің мамандары, ҰҒА академиктері, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

- Мемлекеттік стандарттарды қарастыру техникалық жұмыс. Технологияда, қаржы, құрылыс саласында қазақ тілінің контексі басқаша қолданылуы мүмкін.  Бүгінгі талқылауда таныстырылған баяндама мемлекеттік қызмет санаттарына арналған. Иа, міндеттеу жолын таңдауымыз да дұрыс шығар. Бірақ, мәселе тек міндеттеуде ғана емес, тілдің қажеттілігінде. Біздің азаматтарымыз қазақ тіліне бетбұруға мүдделі болуы керек. Президенттің өзі Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек» деді. Міне біз осыған қадам басуымыз керек. Ол үшін біз не істеуіміз керек? Мысалы, Банк операцияларында стандарт бар ма, жоқ па? Сондай-ақ, шағын дүкендердегі саудагер мен тұтынушы арасындағы қарым-қатынас. Тұтынушы өзінің мемлекеттік тілінде қызмет көрсетуін сұрайды. Тіл білмейтін сатушымен сөзге келіп қалады. Бұл жерде сатушының да, тұтынушыныңда кінәсі жоқ. Бұл сол дүкен иесінің қателігі. Егер ол барлық тұтынушының разы болуын қаласа, неге қазақ тілді сатушыны да жұмысқа алмасқа. Міне, мәселенің оп-оңай шешімі. Бірақ мұны да бір стандартқа келтіру керек сияқты. Ал квазимемлекеттік секторлардың ішінде, ірі шетелдік инвесторлар техникалық шарттарын ағылшын немесе орыс тілінде жасап жүрді. Неге қазақ жерінде жүріп, мемлекеттік тілде іс жүргізу керек деген шағымнан кейін ғана қазақ тіліне көшеді? Осы сияқты мысалдар көп. Экономикада да, талап болса, басқа да азаматтар қазақ тілін қолдануды қалыптастырады. Оған біз жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі тіл стандарттарына арналған бұл алғашқы отырысымыз. Алда нақты іске көшіп, нәтиже беретін жұмыс жүргізуіміз керек,  - деді Азат Перуашев. 


Жиын барысында Қазақстан Стандарттау және метрология институтының маманы Айнұр Махамбетова қазақ тілінің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін кеңейту бойынша әзірленген стандарт жобасын таныстырды. Жоба мемлекеттік тілді меңгеру бойынша бірнеше деңгейге бөлінген. 

Сонымен қатар, ол 2011-2022 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгеру курстарынан өткен адамдар туралы статистиканы келірді. Дерекке сүйенсек, осы жылдар аралығында тіл курсынан 700 мыңға жуық адам өткен, оның 173 мыңнан астамы мемлекеттік қызметкерлер. Ал, интситут өкілі ұсынған статистика бойынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша мемлекеттік тілді білетін адамдар үлесі 91% құраса, мемлекеттік тілді мүлдем білмейтіндер саны 3,1% ғана екен. 

Стандарттау жобасына сәйкес,  мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес меңгеруге ұсынылатын кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі толықтырылған. 


Жиын барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса аталмыш стандартқа қатысты пікірін білдіре отырып, Қазтест жүйесіне сын айтып, мемлекеттік тілге мұқтаждық болмай, тіл мәселесі шешілмейтінін тілге тиек етті. 

- Мемлекеттік тілді міндеттеу - мемлекеттің міндеті. «Ақ жол» партиясы 2012 жылы Мәжілісте фракциясы құрылған күннен бастап мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін көтеріп келеді, - деген депутат партияның депутаттық сауалдарына Үкіметтің жалаң жауап беріп келе жатқанына наразылық танытты. 

Ол, сонымен қатар, жақында ғана талқылауға ұсынылған мемлекеттік тіл тұжырымдамасынан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау талабының алып тасталғанын айтып, тіл мәселенінің шешілуіне тежеуіш болып отырған факторларды атады. 


Жиын аясында «Ақ жол» демпартиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсенбинов сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін оған қарапайым мұқтаждық, қажеттілік жасау керек екенін жеткізді. 

- Біз балалардың ағылшын тілін білуі үшін өз қалтамыздан ақша шығарып, ақылы түрде оқытамыз. Себебі, ертең оның болашағына, жұмысына ағылшын тілі керек болады деп ойлаймыз. Сол секілді қызмет жасауы үшін болсын, қоғамдағы қарым-қатынаста болсын қазақ тілін білу қажет болатындай жағдай жасау керек, - деді Б. Дүйсенбинов. 

Дөңгелек үстел жұмысы барысында ҰҒА академиктері Кәрімбек Құрманалиев, Сайлау Батыршаұлы секілді ел ақсақалдары да тіл мәселесіне қатысты алаңдаушылықтарын айтып, «Ақ жол» ддемпартиясы басшылығына өз ұсыныстарын жеткізіп, осы мәселеде партия жұмысына септесіп, толық қолдайтындықтарын алға тартты.

- "Біз, жалпылама саяси ұғымдардан гөрі нақты, күнделікті қарапайым қара жұмысқа көшуіміз керек. Тек «тіл, тіл» деп айқалағанмен ештеңе өзгермейді. Мәселемен егжей-тегжейлі мұқият айналысуымыз керек. Қарапайым, көзге түспейтін жұмыстардың бірі салалық стандарттарды енгізу. Себебі, техникалық мамандықтарда бір терминдер пайда болуы мүмкін. Мұнайшыларда басқа, машина жасау саласында басқа, қызмет көрсету саласында өзге ұғымдар болуы мүмкін. Сол үшін біз әр салаға өз стандартын дайындап, бекітуіміз керек. Өткені жай ғана қазақша сөйлеу бір әңгіме, сауатты, кәсіби тілде сөйлеу, құжат рәсімдеу қазақ тілін жаңа дәрежеге шығарады.", - деп дөңгелек үстел жұмысын түйіндеді партия лидері Азат Перуашев.