26 тамыз 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Алаш Республикасының 105 жылдығы және
Қазақ Конституциясының қайнар көздері: жаңа дереккөздер, зерттеудің мәселелері
мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысы аясында жаңа деректер негізінде ұлт-азаттық
қозғалыс, «Алаш» партиясы, Алаш ұлттық-аумақтық Республикасы тарихын зерттеудің
болашағы мен мәселелерін талқыланды.
Келелі жиынға "Ақ жол" демократиялық партиясының
төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов,
Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры
Томохико Уяма, Сұлтанхан Аққұлы, Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Еркін
Әбіл және т.б. секілді белгілі алаштанушы ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым мен
БАҚ өкілдері қатысты.
- Құрметті Алаш елі, қадірлі жиынға қатысушылар!
Бүгінгі конференцияның ғылыми, тарихи, саяси және ұлттық маңызы
өте жоғары.
“Ақ жол” демпартиясы үшін Алаш — тарих қана емес, бұл біздің
бүгініміз және болашағымыз.
Небары он жыл бұрын, 2012 жылдың 7-қарашасында 80 жылдық террордан
кейін алғаш рет “Ақ жол” демпартиясы парламенттік мінберден “Алашорданың” 95
жылдығын, Алаш қайраткерлерінің ерлігін мемлекеттік деңгейде атап өтуді
ұсынған.
Үкімет сол кезде жалаң жауаппен құтылған еді.
Әрдайым біздің аузымызды жабуға тырысып, Алаштың маңызы туралы
кезекті баяндамалардан соң мені Ақордаға шақыртып, бұл тақырыпты қозғамауымды
талап ететін.
Ал, бүгінде Тәуелсіздік үшін күрестегі Алаштың рөлін Президенттен
бастап барлығы мойындайды. Бұл Алаштанушы ғалымдардың ерен еңбегінің нәтижесі,
олардың көбі бүгін осы жиынға қатысып отыр. Барлығын атап кету мүмкін емес,
бірақ, баяндама жасаушы құқығымды пайдалана отырып, Тұрсын Жұртбай, Еркеш
Нұрпейісов, Дихан Қамзабек, Сұлтанхан Аққұлы, Зиябек Қабылдинов, Амантай Шәріп,
ЕҰУ жанындағы Алаштану институтының ұжымы және тағы басқаларды атап өткім
келеді.
Бұл ғалымдар өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында жаңа
фактілер мен құжаттар тауып, Алаш арыстары ұстанған идеялардың мазмұнын елге
жеткізуге, олардың көмегімен “Ақ жол” демпартиясы жыл сайын “XXI ғасырдағы
Алаштың Ақ жолы” атты жастар арасындағы жалпыұлттық байқауды өткізіп,
практикалық жұмыста мемлекеттік деңгейде Алаш ұстанымын зерттеп, насихаттап
келеді.
Бұл ғалымдарға өз атымнан, мыңдаған “Ақ жолдықтар” атынан,
елімізге Алаш атын ғана емес, Алаш идеясын, яғни ұлттық идеяны қайтарғаны үшін
шексіз алғыс айтқым келеді.
Ең маңыздысы — 105 жыл өтсе де бұл идеялардың өзектілігі кемімей,
керісінше арта түсті.
Алаш — тәуелсіздік, Алаш — мемлекеттілік, Алаш — аумақтық
тұтастық, Алаш — демократия және нарықтық экономика.
Жақында Жапон ғалымдары тапқан Алаш қайраткерлері мен Жапон
үкіметі арасындағы хаттар мен Сұлтанхан Аққұлының бұл туралы мақаласы
“Алашорда” тәуелсіздікке ұмтылды ма?” деген пікірталасқа түбегейлі нүкте қояды.
Алашорда тәуелсіздікке ұмтылып қана қоймай, толық тәуелсіз
мемлекет болды деп айтуға негіз бар.
Бүгінгі БҰҰ құрылуының басында тұрған Дүниежүзілік ұлттар лигасы
конфедерациясына қосылу туралы өтініштер соған дәлел.
Бүгіннен бастап, Алаш автономиясы емес, Алаш республикасы деп атау
керек.
Бұл Президент Қ. К. Тоқаевтың Ұлытаудағы құрылтайда тарихымызды
қайта қарап, Қазақстан тарихы оқулығын бөгде ықпалсыз қайта жазу қажеттігі
туралы тапсырмасы аясында өте маңызды.
“Қазір Қазақстан тарихының көптомдығы әзірленіп жатыр. Белгілі
ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске ат салысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа
үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен,
мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің
көзқарасымен жазылуы керек”, - деген еді Президент.
Құрметті үзеңгілестер!
“Ақ жол” демпартиясы Алаштың саяси және рухани мұрасын өз
идеологиясының басты ұстанымы деп санайды. Алаш - елімізді тәуелсіздікке әкелген, қазақтың ұлттық идеясы.
Алаш республикасы ұзақ жылғы бодандықтан кейінгі ұлттық
тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы.
Дәл осы Алаш идеясы бізді прогресивті, демократиялы және табысты
Қазақ Республикасына айналдырады.
"Ақ жол" демпартиясы осымен жеті жыл көлемінде дәстүрлі
түрде "Алашқа тағзым" шеруін өткізіп келеді. Жыл сайын бұл шеруді
өткізуге Нұр-Сұлтан қаласының болсын, басқа облыс орталықтарының әкімдіктері
болсын, рұқсат бермей, тіпті, полицияның шара қолданатыны туралы да жауаптар
қайтарып келді. Ал, Алмтының төрінде Берия мен Сталиннің портреттерін
жалаулатқан шерулерге еш кедергі жасалмайды. Соған қарамастан, біз Алаш мұрасын
жүйелі түрде дәріптеуден еш тайынбадық, - деді Азат Тұрлыбекұлы өз баяндамасында.
Мәжіліс депутаты, сонымен қатар, ҚР СІМ ғимаратының алдында
Алашорда атынан Жапония сияқты өзге мемлекеттерге екіжақты қарым-қатынасты
бекіту ұсынысымен шыққан, халықаралық конференцияларда Алаш Республикасын ресми
түрде мойындату туралы қадамдар жасаған Райымжан Мәрсековке немесе қазақтың
тұңғыш кәсіби дипломаты, төртінші және толыққұқықты елші рангы бар Нәзір
Төреқұловқа еңселі ескерткіш орнатуды ұсынды.
Осы конференцияға қатысқан Жапонияның Хоккайдо университетінің
славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Томохико Уяма Алаш арысы
Райымжан Мәрсековтың Жапония үкіметіне қару сұрап хат жазғаны туралы архивтен
табылған деректеріне қатысты баяндама жасады.
- Өз хатында Жапониядан азық-түлік, медикаменттер мен қару-жарақ
беруді сұрайды. Сондай-ақ, Алашорданың дербестігін мойындап, өзге елдерді де
осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінеді. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде
сол кезде Алашорда өкілдерінен бөлек Жапониямен келіссөз жүргізіп жатқан Колчак
үкіметін бір де бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде
сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің
бастығы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның сыртқы істер министріне жетекхат
жазған. Сол хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапония вице-консулымен
әңгімелескені айтылады. Осы әңгімеде Мәрсеков Алашорданың автономия
жариялағанын, келешекте көршілес, діні бір халықтармен бірлесіп үлкен тәуелсіз
мемлекет құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы
қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де
қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі
арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі
Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі
керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті. Мәрсеков
онда қаруды Қытайдың Шәуешегі арқылы айналма бағытпен жіберуді сұрайды. Бұған
да жол жоқ деген жауап айтылады.
Ал Жапония Сыртқы істер министрінің жауабы қысқа болған. Ол
Жапония үкіметі қазақтардың пұшайман күйі мен тығырықтағы жағдайына жаны
ашитынын, әзірге қару мен медикамент жеткізуден тартына тұру керектігін жазған.
Бұл қысқа жауап айтарлықтай кеш жолданған. Владивостокқа жауап хат келген кезде
Мәрсеков ол жақтан кетіп қалғанға ұқсайды.
Тарих мұнымен бітпейді. Жапон
офицерлері өз беттерімен қазақтар туралы мәліметтер жинауды үдете түскен. Тіпті
біреуі қазақтардың саяси оянуы мен газеттері туралы очерк жазды. Бір капитан
Иркутск қаласында Әлімхан Ермековпен кездесіп, Колчак үкіметінің ішіндегі ахуал
туралы мәлімет алған. Тағы бір аты аталмаған қазақтардың өкілі Жапонияның
Омбыдағы консулына кіріп, Мәрсековтің үндеуіне жауап беруді сұрайды. Яғни,
қазақтар тарапына Жапонияның жауабы жетпеген болып тұр. Ол консул да бұл туралы
ештеңе білмеген. Бірақ Жапония Ресейдің ішкі істеріне араласа алмайтынын
айтқан. Ал қазақтардың өкілі жапон бауырларымен тығыз байланыс орнатқысы келетінін,
сосын Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып береді. Әрі қарай
олардың арасында қызықты келісім болады. Консул айтарлықтай оптимистік тұрғыда
Ресей саясаткерлері бұрынғыдай автократиялық саясат жүргізу енді мүмкін емес
екенін түсінуі керектігін, автономиялық республикалар мойындалатынын айтады. Ал
қазақтардың өкілі орыстардың большевизмге әуес екенін, тіпті большевиктерді
қуып жіберу мүмкін болмағанның өзінде орыс халқын автократиядан басқа жолмен
басқару қиын болатынын қарсы уәж етіп айтады. Қазақтар өздеріне қатысты
құрметсіздік пен қудалау саясатынан құтылу үшін автономия мен тәуелсіздік
керектігін жеткізеді, - деді өз сөзінде Томохико Уяма.
Сонымен қатар, жиын барысында қазақ тарихының заман талабына сай
етіп 7 томдығын шығару, Алаш мұрасын зерттеудегі жаңашылдықтар секілді өзге де
тақырыптар қамтылды.