Қазақстан
Республикасы
Көлік министрі
Н. Е. Сауранбаевқа
Өңірлерге сапар
барысында, елдің батысындағы көлік қатынасы жолдарының аса мүшкіл жағдайына
тағы да көзіміз жетті.
Атап айтқанда,
Республикалық бюджеттің ірі доноры – Атырау облысында бірде-бір километр
бірінші санатты төрт жолақты автомобиль жолдары жоқ.
Сонымен қатар, Атырау мен
Орал қалалары арасындағы логистика стратегиялық маңызға ие екендігі белгілі.
Аталған қалалар арасында теміржол ешқашан болмаған. Соның салдарынан жүк
тасымалдаушылар Ақтөбе қаласы арқылы айтарлықтай айналма жасауға мәжбүр. Бұл өз
кезегінде тасымалдау мерзімін ұзартып, жол құнын едәуір арттыруда.
Сондықтан, Атырау-Орал
автожолы Батыс Қазақстанның негізгі көлік артерияларының бірі болып табылады
және өзінің функционалдық мақсаты мен қозғалыс қарқындылығы бойынша, кемінде
төрт жолақты автомобиль жолының параметрлеріне сәйкес келуі тиіс.
Алайда, бүгінде 20 жыл
бұрын пайдалануға берілген, ұзындығы 500 шақырым болатын жолдың тозығы әбден
жеткен. Оған 2024 жылғы көктемдегі су тасқыны қосымша өз үлесін қосып,
төсемінің бұзылуы, көптеген шұңқырлар және опырылулар пайда болып, жол
қозғалысына тұрақты қауіп төндіруде. Тасқыннан кейін зақымдалған жол
учаскелердің кейбір бөліктері осы уақытқа дейін толық қалпына келтірілмеген.
Оның үстіне, Атырау-Индер
автожолында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты, барлық ауыр жүк көліктері
аталмыш трассамен жүріп, жол қозғалысына елеулі қосымша жүктеме туғызуда.
Бұған дейін,
технико-экономикалық негіздеме әзірленіп, Атырау мен Орал қалалары арасында
заманауи автомагистраль салу жобасы қарастырылған болатын.
Алайда, қазіргі уақытта
ені 9 метр жолдың орташа жөндеуімен шектелу туралы шешім қабылданған. Орташа
жөндеудің қолданыстағы нормативтерінің үлкен проблемасы – бұндай жұмыстар
жүргізілген кезде уақытша айналма жол салу қарастырылмайтынына назар аудару
қажет.
Нәтижесінде, жөндеу
жұмыстары кезеңінде көлік құралдары дала жолдарымен жүруге мәжбүр. Бұл шаң
көтеріліп, көрінудің нашарлауына әкеледі және жол қозғалысы қауіпсіздігіне
тікелей қауіп төндіреді.
Жүргізушілердің айтуынша,
қазіргі кезде трассадағы қозғалыс, әсіресе түңгі уақытта және қолайсыз ауа-райы
жағдайында өте қауіпті, кейбір учаскелерде жүргізушілер терең шұңқырларды
айналып өту үшін қарсы жолаққа шығып, жол-көлік оқиғаларына тап болуда.
Ішкі істер министрлігінің
ресми деректері бойынша, бұл учаскеде жыл сайын жол-көлік оқиғаларының едәуір
саны тіркеліп, оның 81 пайызына жуығы адам өлімімен аяқталады. 2026 жылдың
қаңтарының өзінде осы трассадағы апат салдарынан қаза болу фактілері тіркелген.
Тағы бір атап өтетін
мәселе – жол құрылысында пайдаланатын химиялық материалдар.
Қазақстандық жол химиясын
өндірушілер мен салалық ғылыми-зерттеу ұйымдары, ірі жол жобаларын іске асыру
кезінде шетелдік арнайы қоспалар мен модификаторларды қолданудың жүйелі
мәселесіне назар аударуда.
Қазіргі кезде, елде жол
химиясының отандық өндірісі жолға қойылған. Қазақстанның климаттық және
геологиялық жағдайларына бейімделген отандық аналогтарды әзірлеуге және
қолдануға мүмкіндік беретін ғылыми және зертханалық база бар. Алайда, отандық
материалдар көбінесе жобалау-сметалық құжаттамаға салынбай, іс жүзінде белгісіз себептермен
қолданысқа алынбайды.
Бұндай жағдай, отандық
жол-химия саласын дамытудың орнына, шетелдік өндірісті қолдау болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарға
байланысты «Ақ жол» фракциясы:
1. Атырау мен Орал
қалалары арасында I санатты төрт жолақты автомобиль жолын салу мүмкіндігін
қарастыруды;
2. Орташа жөндеу
жобаларында уақытша айналма жолдардың қарастырылмау себептерін түсіндіруді;
3. Жол құрылысы мен
жөндеу жобаларын іске асыру барысында, отандық жол химиясы мен материалдарын
басымдықпен пайдалану мүмкіндігін қарастырып, қабылданып жатқан шаралар туралы
ақпарат беруді сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП
фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нұралдинов