20 ақпан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев пен партияның елордалық филиалының жетекшісі Асқар Смағұлов сайлауалды үгіт-насихат кампаниясы аясында «Астана су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті.
- «Ақ жол» партиясы - бұл отандық өндірушілер партиясы. Біз үнемі Парламент мінберінен болсын, жалпы өкілетті органдармен сөйлескен кезде де отандық өндірушілерді нақты іс жүзінде қалай қолдау керектігін айтып отырамыз, - деді Азат Перуашев жиынның ашылуында.
Кездесу аясында «Ақ жол» лидері партияның бағдарламасына тоқталып, жұмысының басым бағыттарын атады.
- Бағдарламамыз басым бағыты болып, біріншіден, тәуелсіздігіміз, жер тұтастығымыз болып табылады. Бұл еліміздің басты құндылықтары. Алаш Республикасының көсемі Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» деп айтып кеткен. Біз барлық этностардың тілі мен мәдениетіне құрметпен қараймыз және мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге тырысамыз.
Екінші мәселе демократия және парламентаризм. Конституциялық реформаны жүзеге асыру, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдікті нығайту, парламенттік республикаға көшу.
Үшінші: Жемқорлық пен бюрократияға қарсы күрес. Жемқорлық жайламаған жер қалмады. Біз бұл дертті түбірімен құртудың нақты шараларын ұсынамыз.
Төртінші – либералды нарықтық экономика, ШОБ пен бәсекелестікті қолдау. Экономикада ашық, әділ бәсекелестік жоқ.
Көптеген секторларда ұлттық компаниялар түріндегі мемлекеттік монополиялар қалыптасқан. Екібастұз, Риддер, Петропавловск пен Рудныйдағы тариф саясатынан көріп отырғанымыздай олигополиялар әсіресе қауіпті, - деді Азат Перуашев.
Кездесу барасында еңбек ұжымының өкілдері «Ақ жол» төрағасына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Жиналғандардың көпшілігін «Ақ жол» демпартиясының жемқорлықпен күрес, әсіресе, шетелге заңсыз шығарылған халыққа тиесілі қыруар қаржыны елге қайтару бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары қызықтырды.
- Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару, де-офшоризация бұл партиясыздың ұдайы назарында тұратын жұмыс. Біз парламентте фракция боп құрылғалы бері бұл тақырыпты қарсылықтарға қарамастан көтеріп келеміз. Мысалы, 2013 Кипрде көптеген офшорлық счеттар әшкере болды. Біз сол кезде Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдап, шоты анықталғандардың арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтауды сұрадық. Егер бұл заңды түрде шығарылған отандық кәсіпкерлердің өзінің адал еңбегімен тапқан ақшасы болса, оларды қорғау керек. Ал, егер ұрланған қаржы болса, оны бөтен мемлекетке қалдырмай, халыққа қайтарылу қажет.
Ұлттық банк «аталмыш офшорлық аймақта Қазақстан азаматтарының шоты жоқ» деп жауап берді. Бірақ, сол кездегі РБК банкінің басшысы Жомарт Ертаев, өзінің жеке мәліметі бойынша Кипрде кемінде 2 млрд доллар Қазақстан азаматтарының ақшасы барын мәлімдеді. Ұлттық банк бұл мәліметке қатысты жауап бергісі келмеді.
2016 жылы халықаралық журналистер Панама тізімін жариялады. Біз сол бойынша да сауал жолдадық. Оған Ұлттық банк «банк құпиясы» деп сылтау айтты. Жалпы, осы мәселеге қатысты біз көптеген депутаттық сауалдар жолдадық. Соның нәтижесінде қылмыстық істер де қозғалды, кейбір лауазымды тұлғалар қызметінен айырылды. Біз бұл жұмысты ары қарай да жалғастыра береміз, - деді А. Тұрлыбекұлы.
Жиналған қауым, сондай-ақ, жастарды әлеуметтік баспанамен, қолжетімді тұрғын үйлермен қамтудың бүгінгі таңда өте өзекті екенін тілге тиек етті. «Ақ жол» төрағасы бұл мәселені бұған дейін 2017 жылы көтергендерін көпшіліктің есіне салды.
- Өздеріңіз білесіздер, біз жастарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесін Мәжіліс мінберінен көтерген болатынбыз. Яғни, тұрғын үй көлемі шағын, бағасы арзан баспаналарды салып, бірінші қабаттарын оқу орталықтарын, тігін цехтарын, не шеберханаларды орналастыруды ұсындық. Демек, бір жағынан жастар баспанамен қамтылады, әрі жұмыс көздері ашылады. Себебі, жыл сайын 300 мыңнан жарты миллионға дейін жастар легі қалаға ағылады. Олардың үйі жоқ, тіркеуі жоқ, жұмысы жоқ. Сол кезде орыстілді ақпарат құралдары бұл тақырыпты әдейі бұрмалап шығарды. Үкімет сол орыстілді БАҚ-тан қорқып, біздің ұсынысымызды қабылдамай тастады. Қабылдамағаннан бөлек, Үкімет осы мәселені шешу үшін өздері де ештеңе ұсынбады.
Сол сауалдан кейін шамамен бір аптадан соң, 2017 жылдың көктемінде біз басқа депутаттық сауал жолдағанбыз - БЖЗҚ-ның Әзірбайжанның бонкрот болған халықаралық банкінің акцияларын 500 млн долларға сатып алғаны туралы. Содан кейін бірден біз әшкерелеген зейеткерлерден ұрланған миллиондаған доллар тақырыбын жабу үшін, әлеуметтік баспана туралы ұсынысымызға шабуыл басталды.
2018 жылы Ұлыбритания «шыққан дерегі белгісіз байлық» туралы заң қабылдады. Ол заңды ең бірінші зергерлік дүкеннен Қазақстан азаматтарының 30 миллион долларына бұйым сатып алған сол Әзірбайжан банкі басшысының әйеліне қатысты қолданды. Бәлкім, бұл дәл сол қазақстандық зейнеткерлерден ұрланған ақша болуы мүмкін.
Былтыр баспанасы жоқ, жұмысы жоқ жастар Қаңтарда көшеге шықты. «Ақ жол» депутаттары Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше қалаға барып, түрмеге қамалған жастармен кездесті. Сол кезде жастардың бәрі «Не үйім, не маңдыған жұмысым жоқ, үмітсіздіктен шықтым» деп жауап берді.
Бұл жерде бес жыл бұрын жастарға арнап әлеуметтік баспана салудан бас тартқан шенеуніктердің де кінәсі бар деп ойлаймын,- деп жауап берді Азат Перуашев.
Ал, жалақы мөлшеріне, елдегі қымбатшылыққа қатысты сауалға жауап берген Азат Перуашев, ең алдымен отандық тауар өндірушілерді қолдау қажеттігін алға тартты.
- Отандық өнімді дамытпай, отандық тауар өндірушілерді қолдамай қамбатшылықпен күресу мүмкін емес. Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін несие ставкаларын көтерумен ғана шектеліп отыр. Бұл тек импортқа тәуелділікті арттырып, баға тұрақсыздығын одан сайын арттырады. Сондықтан, жалақыны қанша көтергенмен, одан халықтың әл-ауқаты еселенбейді. Біз қымбатшылықтың, ақшаның құнсыздануының себеп-салдарымен күресуіміз керек, - деді А. Перуашев.
Отандық өндірісті дамытпай кедейлікпен күресі мүмкін емес. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту бойынша сұрақтар қойды.
- Біздің бағдарламамыздың «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау» атты бесінші бөлімінде бұл мәселеге де жіті тоқталғанбыз. Ауыл шаруашылығын қолжетімді қаржыландыру үшін Агробанк құрып, барлық ауылдық жерлерде филиалдарын ашу керек деп санаймыз, - деп жауап берді «Ақ жол» басшысы.
Ол, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау, суармалы су тапшылығы мәселелерін шешу, жаңа агротехниканы енгізу және ауыл шаруашылығы машиналарының паркін жаңарту бойынша сауатты және тұрақты саясаттың қажеттігіне назар аударды.
Еске сала кетейік, Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Берік Дүйсенбинов бастаған «Ақ жол» демпартиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы өз жұмысын Ұлытау өңірінен, әйгілі Жошы хан кесенесіне зиярат етуден бастап, одан кейін Қарағанды облысының, Теміртау қаласының еңбек ұжымдары және кәсіпкерлерімен, жергілікті ақсақалдармен кездесулер өткізді.