7 қараша 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент
Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бастаған партияның орталық аппаратының
өкілдері Жамбыл жеріне арнайы сапармен келді.
Азат Тұрлыбекұлы Жамбыл облыстық филиалының кеңес мүшелері, жергілікті
мәслихат депутаттарымен бірге Тараз көтерме тарату орталығына барды.
Халық қалаулыларын орталықтың құрылтайшысы Алтай Карабеков қарсы алып,
инфрақұрылым, логистикалық мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ аймақтағы
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орталықтың рөліне тоқталып өтті.
Тараз көтерме тарату орталығы – ауыл шаруашылығы өнімдерін жинақтап, сақтау
және аймақтық нарыққа тиімді таратуға арналған заманауи кешен. Мұнда
салқындатылған сақтау қоймалары, жүк түсіру мен жөнелту алаңдары, сондай-ақ
өнім сапасын бақылау жүйелері қарастырылған.
Кездесу барысында орталықтың ішкі жұмыс процесі туралы айтылды. Халық
қалаулылары орталық арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыға тікелей
жеткізу тетіктері туралы сұрады. Фермерлермен өзара әрекеттесу мен логистика
саласындағы туындайтын мәселелерге назар аударды.
Бұдан соң Азат Тұрлыбекұлы бастаған топ Тараз көтерме тарату орталығында
жалға алу негізінде жұмыс жүргізіп отырған Rich Gold компаниясының жұмысымен
танысты.
Аталған заманауи кәсіпорын табиғи өнімдерді өңдеумен айналысады. Негізгі
бағыты — жеміс-жидектерді өңдеу, соның ішінде шырын, пульпа, пюре және
концентраттар өндіру.
Компанияның басты мақсаты — өндірілетін отандық өнімдердің үлесін арттыру,
ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосу.
Кәсіпорын жеміс өсіретін дихандармен тығыз әріптестік орнатқан. Компания
ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өнімдерін сатып алып, олардың еңбегін
тиімді етуге көмектесіп келеді.
Компания басшыларының айтуынша, Rich Gold дихандардың өнімдерін қабылдап,
өңдеп, сапалы дайын өнімге айналдырады. Өңделген табиғи, экологиялық таза және
пайдалы өнімді тұтынушыларға ұсынады.


