Үкімет мемлекеттік
сатып алуларда құрылыс компанияларының жеке тәжірибесін ескеру қажеттігін
талқылауға дайын – «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына жауап
«Ақ жол»
демократиялық партиясының фракциясы мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде
құрылыс компанияларының тәжірибесін есепке алу мәселелері бойынша ҚР
Премьер-Министрінің атына жолданған депутаттық сауалына (https://t.me/peruash/13254 ) Үкіметтен ресми
жауап алды.
Еске салайық, «Ақ
жол» фракциясы өз сауалында Қаржы министрлігінің жеке жобалар мен МЖӘ аясында
жинақталған барлық тәжірибені компаниялардың біліктілігін бағалаудан алып
тастау ниетіне алаңдаушылық білдірген болатын. Мұндай тәсіл, партияның
пікірінше, кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді және
мектептер, емханалар, балабақшалар және т.б. жеке нысандарға инвестиция салған
қатысушыларды дискриминациялауға әкеледі.
Үкіметтен алынған
жауапта жеке тәжірибені есепке алу мәселесі шынымен де Қаржы министрлігі,
бизнес-қоғамдастық, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы
талқылау тақырыбы екені расталады. Кәсіпкерлердің алаңдаушылығын және
расталмаған деректермен айла-шарғы жасау қаупін ескере отырып, Үкімет
мемлекеттік сараптамалар мен цифрлық жүйелер арқылы растауға болатын техникалық
күрделі объектілердегі жеке тәжірибені есепке алуға мүмкіндік беретін
компромисстік нұсқаны әзірлеуде.
Бұл ұстаным «Ақ
жол» фракциясы депутаттары көтерген негізгі мәселелердің біріне жауап береді:
біліктілігі объективті деректермен расталған мердігерлердің мүдделерін қорғау.
Осыған орай, осы
аптада «Ақ жол» фракциясы келісілген ұстанымдарды әзірлеу үшін мемлекеттік
органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен құрылыс компанияларын мемлекеттік
сатып алу нарығына қатыстыру мәселесі бойынша жиын өткізеді.