11
Қазан

Азат Перуашев Үкіметке - «Нұр-Отанның қателіктерін қайталамаңыздар»

«Ақ жол» демпартиясының Үкіметтің сайлаушылардың өтінімдері бойынша жұмысына қатысты ұстанымы (фракция атынан сөйлеген сөз мәтіні)

Құрметті әріптестер.

«Ақ жол» демпартиясының сайлаушылары өз өтініштерінде көбі бүгінгі сұрақтар мен жауаптар сессиясында айтылған мәселелерді көтеруде. Бизнес пен отандық өндірушілердің партиясы ретінде біз үшін бұл мәселелер ең алдымен қолданбалы экономика тұрғысынан өзекті. 

Уақыттың тығыздығына байланысты мен «Ақ жол» фракциясы сайлаушылардың өтініші бойынша соңғы кездерде көтерген, алайда, әлі күнге дейін тиісті шешімін таппаған бірнеше тақырыпты ғана атап өтемін. 

Бірінші - бұл инфляция мен баға өсуі мәселесі. Мемлекеттік органдар инфляциямен қарама-қайшы әрекеттер арқылы күреспек: Ұлттық банк бизнес үшін несиелердің тым қымбаттап кетуіне алып келетін базалық мөлшерлемені шарықтатуда. Осы орайда, Сауда министрлігі мен әкімдіктер тиісті баға қалыптастыруға тыйым салып отыр, яғни, шығынға батуға итермелеуде. Ол аздай, Үкімет монополистерге тауардың өзіндік құнына кіретін тариф бағасын өсіруге рұқсат беруде. 

Құрметті мемлекеттік органдар, сіздер өзара бір ымыраға келіп, нақты мақсаттарыңыздың қандай екенін анықтап алмайсыздар ма?!. Әйтпесе, бұл шырғалаң аққу, шаян һәм шортан мысалынан аумайды. Қазір шынтуайтында сіздер банк олигархтары мен энергетика олигархтарын қолдап отырсыздар. Ал, ақыр аяғында барлығы шағын және орта бизнестің мойнына артылуда, алайда, олар да осы елдің бір бөлшегі. 

Үкіметтің кешегі отырысында инфляцияның төмендегені аталып өтті. Ұлттық банк басшысының орынбасары бұл жоғары базалық мөлшерлеменің әсері десе, премьер Ә.Смайылов әділ наразылық танытып, инфляцияның төмендеуі Ұлттық банкттің еңбегі емес, Үкімет жұмысының нәтижесі екенін алға тартты. Бұл дұрыс.

Дегермен, бұл экономика үрдістерінің маусымдылығы мен біздің кәсіпкерлердің шыдамдылығының нәтижесі екенін де атап өтуді жөн санаймын. Міне, соларға алғыс айту керек. 

Олар офшорларға қаржысын шығармайды, яхталары мен жеке ұшақтары жоқ, керісінше, күнделікті табанды еңбегімен қосымша құн жасап, экономиканы ілгерілетуде. Оларға жұмыс жасауға мүмкіндік беріңіздер - несиелерді қазіргі 22-23%-дан тым болмағанда 10-12%-ға дейін төмендетіңіздер; тарифтердің бөтеннің қалтасына емес, энергетиканы жаңғыртуға жұмсалуын қамтамасыз едіңіздер; президент тапсырғандай, әлеуметтік тауарлар үшін салықты азайтыңыздар. Ал, сіздер керісінше ҚҚС-ты 12-ден 16%-а дейін көтермексіздер. Бұл саботаж ба, сауатсыздық па?

«Ақ жол» фракциясы мұндай салықтарға қарсы екенін алдын ала мәлімдеп, өзге фракциядардағы әріптестермізді бизнесті үкіметтің қол сұғушылығынан қорғауға шақырамыз.

Бөлшек салық өңірлерге берілді, алайда, «Ақ жол» фракциясының сауалынан кейін тек Астана, Қостанай мен Қарағанды ғана мөлшерлемені 4%-дан 2-3%-ға дейін төмендетті. Яғни, шын мәнінде шағын бизнеске жеңілдетілген 3%-дан бөлшек бойынша 4-8%-ға дейін жүктеме ұлғайды.

Келесі. «Ақ жол» демпартиясына мемлекеттік органдар тарапынан жабылу не көшіп кету талаптарына тап болған өндірістік кәсіпорындардан (олардың жұмысы нарықты тауармен толтыруға және инфляцияға тікелей әсер етеді) шағымдар келіп түсуде. Мұндай дабылдар әр өңірде қағылуда, бәлкім, бұл рейдерліктің жаңа әдіснамасы да шығар. 

Ісіне адал емес шенеуніктер барлық нормаларға қайшы болса да, санитарлық аймақтарда тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге рұқсат беріп, ондаған жылдар бойы сонда жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарды елемеуде. Ал, соттар шенеуніктердің ығына жығылуда. 

Алматы облысындағы макулатура өңдеу зауыты, Оралдағы «Кублей» етконсервілерінің зауыты, «Солнечный» сүт зауыты, Алматыдағы «Нұртау Темір» ТБӨ зауыты және тб. - барлығы осы тектес жағдайлардың тұтқындарына айналған.

Қисынға салып, оқиғалардың қайталануын бағамдаса бұл нағыз әділетсіздік әрі жергілікті әкімдіктердің жерді бөлудегі мүдделілігі екені анық, ал, үкімет жағдайды сырттай ғана бақылап отыр. Бұл тауарөндірушілерді, салық төлеушілер мен мыңдаған жұмыс орындарын жою екендігі түсінікті емес пе? 

Мұндай жағдайда қандай бизнес, қандай инвестициялық климат туралы айтуға болады?

«Ақ жол» фракциясы маусымның 27-күні мұндай жағдайда заңсыз шешімдерді шығару арқылы бизнеске келтірілген залалды шенеуніктердің өз қалтасынан өтеуін ұсынды. Тамыздың 2 күні Үкімет бұл ұсыныстан бас тартты. Бизнес шарттары жөніндегі заң жобасы бойынша өткен отырыста жұмыс тобы біздің ұсынысымызды қолдағанын хабарлаймын. Талқылаудың келесі кезеңдерінде де соны талап ететін боламыз. 

Біздің ғана емес, барлық сайлаушыларды толғандырып отырған тағы бір мәселе: капиталдардың қайтарылуы. Қоғам мен парламент президент Қ. Тоқаевтың бұл тапсырмасын бір ауыздан қолдады. Бұл заңды талқылау аясында көптеген сұрақтар қойылды - неге 50 не 10 емес, 100 млн доллардан бастап ғана қайтарамыз; тергеуден бас тарту себептері қандай және тб. Мұның барлығын сайлаушылар бізге кездесулер кезінде айтты. Ең резонансты мәселе заңсыз олигархтар тізімін іріктеп, оларға қолданылатын шараларды анықтауы тиіс комиссияның құрылуы еді.

«Ақ жол» фракциясы барлық фракциялар қатысатын парламенттік тергеу комиссиясын құрып, жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді ұсынған болатын. 

Кеше БАҚ комиссия үкімет жанынан құрылып, алғашқы отырысы өткенін, комиссия құрамында парламент депутаттарының да барын хабарлады. 

Алайда, оған нақты кімдердің енгені беймәлім? Оларды кім, қалай іріктеді?  Сайлаушылар бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуді сұрады. Ақыры комиссияны үкімет жасақтағасын, оған жай ғана депутаттарды қосып қоймай, бүкіл партиялық фракциялардың өкілдерін араластыру керек. Және жақында Жолдау бойынша есеп беру кезінде болғандай билік партиясымен жеме-жем қалып, есікті тарс жауып алмай, жұмысының толық ашықтығын қамтамасыз ету қажет.  Әйтпесе, сіздер қайтадан экономикадағы монополияны жасырып жатқан саяси монополияға айналудасыздар. Нұр-Отанның қателіктерін қайталамаңыздар.

Бүгінгі талқылау - қоғам үшін маңызды мәселелер ашық әрі барлық фракциялардың қатысуымен қалай талқылануы керектігінің жақсы мысалы. 

Мәжіліс пен үкімет басшылығына мұндай новелла үшін алғыс білдіреміз, жұмысты осы бағытта жалғастыра беру керек деп санаймыз.

Дегенмен, үкімет тарапынан сайлаушылардың ағымдағы бірқатар қажеттіліктерін қанағаттандыру бағытында аз жасалып жатпағанын ескере отырып, жүйелі деңгейде түйткілді мәселелердің де аз емес екенін мойындау керек, олар бойынша сайлаушылардың талаптары мен депутаттардың ұсыныстары тиісті шешімдерін таппауда.

Назарларыңызға рахмет.