29
Мамыр

Азат Перуашев: Экологиялық заң жобасының даулы нормалары бойынша жұмыс жалғасуда

https://t.me/peruash/16142

Кеше Мәжілістің пленарлық отырысында экология мәселелері жөніндегі заң жобасына байланысты Еділ Жаңбыршин екеуміздің арамызда қызу пікірталас болды.

Еділ Терекбайұлы осы заң жобасы авторларының бірі ретінде, менің аталған құжаттағы кейбір нормаларға қатысты, бәлкім, тым қатаңдау айтылған сыныма (https://t.me/peruash/16121) артықтау реакция танытып, оппоненттерді бизнесті «лоббилады» деп айыптады (осы ретте айта кетейін, «Ақ жол» фракциясы лобби жасамайды, бірақ бизнесті қолдап, қорғайды).

Депутаттық этиканың өрескел бұзылғанына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бірден назар аударып, мұндай айыптауларға жол берілмейтінін айтты. Еділ Жаңбыршин кейінгі сөзінде өз мәлімдемесінің шамадан тыс эмоциямен айтылғанын мойындап, заң жобасында ұсынылған экологиялық бақылау мен тексерулерді Кәсіпкерлік кодекстің 129-бабынан алып тастау тек ірі компанияларға қатысты әрі «Ақ жол» демпартиясы қорғап жүрген шағын және орта бизнеске қатысы жоқ екенін атап өтті (айтпақшы, мен өз сөзімде дәл ірі энергетика, металлургия және мұнай-газ кешені нысандарына бақылауды күшейту мүмкіндігі туралы, ал ШОБ үшін ҚР Кәсіпкерлік кодексінде қарастырылған бақылау тәртібін сақтап қалу қажеттігін айтқан болатынмын).

Пікірталасты қорытындылай келе, жауап сөзімде қарсы тарап ұсынған нормада кәсіпорындарды ірі, орта немесе шағын бизнес деп бөлу қарастырылмағанын атап өтуге тура келді; сондықтан олардың ұсынып отырған жаппай әрі іс жүзіндегі құқықтық негізден тыс (Кәсіпкерлік кодекстен шығарылған) бақылауы барлық кәсіпорын түрлеріне, соның ішінде шағын және орта бизнеске де қатысты болмақ.

Бұл ескерту, сірә, баспасөз назарынан тыс қалған-ау деймін, себебі, кейін Еділ Жаңбыршин Facebook парақшасында орынды атап өткендей, кейбір БАҚ бұл пікірталасты жеке бастың жанжалына дейін жеткізіп, тым әсірелеп көрсетті. Қалай болғанда да, мен әріптесіме барынша сабырлы жауап беруге тырыстым.

Еділ Терекбайұлының бұл даудың таза кәсіби сипатта дегенімен келісемін, қарым-қатынастамыз жақсы, жолдастық сипатта (https://www.facebook.com/share/p/18comJCHp3/). Ол Мәжіліс төрағасының ескертуінен кейін артық эмоцияға берілгенін бірден мойындап, отырыстан кейін журналистерге берген пікірінде де соны түсіндіруге тырысты. Қалғанының бәрі — жұмыс барысындағы жағдайлар.

Екінші жағынан, бұл пікірталастың қоғамда үлкен резонанс тудырғанын пайдалы деп есептеймін. Ол заң жобаларымен жұмыс істеудің қаншалықты күрделі өтетінін, Парламентте кейде қандай қызу тартыстар болатынын көрсетті. Сондай-ақ ең өткір пікірталастарда да сабыр сақтаудың қаншалықты маңызды екенін аңғартты.

Бүгін Палата Бюросының отырысынан кейін біз заң жобасын да, оның айналасындағы қоғамдық пікірталасты да тағы бір мәрте талқыладық. Сондай-ақ экологиялық бақылауды Кәсіпкерлік кодекстен алып тастауға қатысты даулы норма шағын және орта бизнеске қолданылмайтындай етіп нақтылайтын түзету әзірлеп жатқанымды айттым. Құжатпен жұмыс жалғасуда.

Еділ Терекбайұлына кейбір пікір білдірушілерді объективті болуға шақырғаны үшін алғыс айтамын.

Сабырлы әрі табанды болу керек. Баршаңызға сәттілік тілеймін.