05
Желтоқсан

Азат Перуашев: Мораторий белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс - Казак yнi (Алматы)

Мораторий - бүл төтенше шара, оны ұзарта беруге болмайды. Оның міндеті - бизнесті тексеруде үзіліс болсын деп емес, сонымен бірге, заң шығарушылықты уақыт талаптарына сәйкестендіру, бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормалар мен талаптарды жою. Бұл туралы Азат Перуашев жақында Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді.
«Осы жылдың соңына қарай бизнеске жарияланған мораторий аяқталады. Одан бизнеске тигізген пайдасы не зияны болды ма? Жекелеген ақпараттар бар, бизнеске мораторий жарияланғанымен кейбір заң бұзушылықтар орын алып, оны тексеру жалғасты. Сіз бұл туралы не айтасыз?» — деген сұраққа: «Бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы үшінші мораторий. Мемлекет басшысы мораторий енгізу туралы тапсырма бергенде оны жай тексеруге үзіліс болсын деп қана емес, үкіметке сонымен қатар, осы кезенді кәсіпкерлікті қолдау саласында заңнаманы, нормативті-құқықтық базаны жақсартуға пайдалануды тапсырды. - Мораторий, әрине, бизнеске қолайлы, үлкен жеңілдік, бизнесті нақты қолдау, Бірақ бүл төтенше жағдай болғандықтан, ол уақытша ғана құбылыс, оны үнемі қайта-қайта соза беру мүмкін емес. Бизнеске, шығаратын тауарларына, қызметтерінің сапасына мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан да қойылатын талаптар бар. Бизнес өз жұмысын сол талаптарға сәйкес, заңды жолмен жүргізіп, әлеуметтік жауапкершілік алуға дайын болуы тиіс.
А.Перуашевтің пікірінше, мораторий белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. «Оны енгізудің себебі — заңдарымыздың және ведомстволар шығарып жататын құжаттардың шарттары бизнес үшін өте қиын, күрделі. Үздіксіз тексерістер, әсіресе, ШОБ-ті тексерулер, парақорлыққа итермелеп, жемқорлықтыққа жол ашады. Әрине, мұндай тенденциялармен күресуіміз керек — деп есептейді «Ақ жол» көшбасшысы. — Егер мораторий уақыты — бизнес үшін маза бермейтін тексерулерден тыныстап алу, жеңілдік болса, мемлекеттік органдар, үкімет пен парламент, ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бұл қызу жұмыстың кезеңі болуы тиіс. Бүл уақыт ішінде қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, бизнесті тексеру жөніндегі құжаттарды жүйеге келтіріп алуымыз керек».
Мемлекеттік органдардың мораторий біткен соң бизнесмендерге қысым көрсетуін тоқтатпайтын жағдайлар болуы мүмкін. «Бизнес мемлекеттік органдарға қарсы тұруға дайын ба? Егер қажет болса, Сіздің жеке өзіңіз мораторийді созуға бастама көтеруге дайынсыз ба?» - деп көтеріліп отырған мәселені одан әрі қазбалай түсті журналистердің бірі.
А.Перуашев Елбасының тікелей қойған дәл осындай сұрағына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың лайықты жауап бергенін атап өте келіп, қазіргі таңда Мәжілісте бизнес ортаны түбегейлі жақсарту бойынша заң жобасымен жұмыс жүргізілуде, жақын арада Кәсіпкерлік Кодексінің жобасын қарау жоспарлануда деген еді. «Алайда, белгілі бір себептермен Елбасының керекті заңдарды әзірлеу және қабылдау жөніндегі тапсырмалары мерзімінде немесе толықтай орындалмаса, бизнеске кедергі келтіретін тексеріс әрекеттері жалғаса берсе, онда біз бизнестің мүдделеріне және заңды құқықтарына қайтадан нұқсан келтіру мүмкіндіктеріне жол бермеуіміз қажет — деді журналистерге Азат Перуашев. — Мұндай сұрақтарды сіздер бірінші рет қойып отырған жоқсыздар. Кәсіпкерлермен көптеген кездесулерде де осы мәселе алдымнан шығуда. Жуырда ғана мен Жезқазғанда, Шымкентте, Кентауда болдым. Сонда олар да алаңдаушылықтарын білдірді. Егер бизнесті қорғау және мораторийді ұзартуға мәжбүрлі қажеттіліктер қайтадан туындаса, онда мен сырттан тек бақылаушы болып қалмай, депутат ретінде бұл мәселені қозғауым керек. Елбасының тапсырмасы тек үкіметке немесе министрлерге ғана емес, парламентке де қатысты, яғни бұл менің өз басым үшін де үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті мен әрдайым лайықты түрде көтеруге дайын болуым керек» деді.

Дерекнама - Казак yнi (Алматы), № 47 (655), 25.11.2014