09
Маусым

Азат Перуашев шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Мәжіліске парламенттік тергеу жүргізу құқығын беруді ұсынды

2022 жыл 9 маусым, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі


Азат Перуашев конституциялық реформаны дамыту мақсатында шенеуніктердің жемқорлығы фактілер бойынша Жоғары аудиторлық палатаның актілері негізінде Мәжіліске парламенттік тергеу жүргізу құқығын беруді ұсынады.


Бұл туралы ол Үкімет пен Есеп комитетінің 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында айтты. (https://akzhol.kz/kk/blog/kmett-biudzhett-atarlu-tural-eseb-bojnsha-a-zhol-dp-frakciiasn-stanm ).

«Конституциялық өзгерістер біздің жұмысымызға да тікелей әсер етеді. Мысалы, бүгін біз қарастырып отырған Есеп комитетінің Қорытындылары - Жоғарғы Аудиторлық палатасының актілеріне айналып, тіпті сонда анықталған заңбұзушылықтар бойынша іс қозғауға және лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуға негіз болады», - деді А.Перуашев. 

«Ақ жол» бұл Парламент жұмысын жаңа деңгейге шығарып, биліктің атқарушы және өкілді тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің күшейтетініне сенімді.

«Конституциялық реформаны әзірлеу барысында және әлемдік тәжірибеге сәйкес Мәжіліске Жоғарғы есеп палатасы анықтаған қаржы жымқыру және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Парламенттік тергеу жүргізу құқығын беруді талап етеміз», - деген А.Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясы заңнаманы Конституцияның жаңа редакциясына сәйкестендіру барысында осы және басқа да бастамаларды енгізетінін де атап өтті.

Ақпарат үшін: «Ақ жол» ҚДП фракциясы дауыс беру кезінде Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамады.