Азат Перуашев: Спортқа бөлінген қыруар қаржы әділетті емес /Жангелді Қаржан/ - www.alashainasy.kz
Мәжілісті депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев спорт саласына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, бүгінгі спортты қаржыландыру өте әділетсіз, бөлінген ақшаға сай нәтиже байқалмайды. Яғни, қазақстандық футбол қазіргі уақытта шығыны көп, бірақ бұл салада бокс пен ауыр атлетикамен салыстырғанда зор жетістіктер мүлдем жоқ. Осыған орай халық қалаулысы Мәжілістің кезекті отырысында дабыл қақты.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазақстан Президентінің бұқаралық спортты дамыту мен ұлт денсаулығына зор көңіл бөлетінін білеміз. Осы орайда барлық жергілікті бюджеттер түрлі деңгейде спорттық іс-шараларды қаржыландырып отыр. Бюджеттік қаржыны реттестіріп бөлгенде жергілікті спорт басқармалары қандай қағидаларды негізге алады деген сұрақ спортсүйер қауымды мазалайтыны жасырын емес. Ең дұрысы, жастар арасында аса танымал спорт түрлерін қолдау қажет. Ал қазақстандық спортшылар дәстүрлі түрде бокс, күрес, ауыр атлетика және тағы да бірқатар спорт түрлерінде медаль иеленіп жүр.
Партия төрағасы спортты дамытуға мемлекеттік бюджеттен өңірлерге бөлінетін қаражат көлемін есептеп шығарыпты. Оның сөзінше, жергілікті бюджеттер бойынша мәліметтерге талдау жасалған. Күрес секциясына барлық өңірлер жергілікті бюджеттен 2015 жылы 3,1 млрд теңге, боксқа - 1,5 млрд, ауыр атлетикаға - 487 млн теңге бөлінеді. Бірақ қомақты қаражат 14,6 млрд теңге оңтайландыру жүргізілгеннен кейін де футбол клубтарына бағытталғалы отыр. Бұл дегеніміз, ең зор жетістігіміз Еуропа чемпионатының іріктеу тобында соңғы қатарда тұрған футболға жергілікті спорт басқармасы боксқа қарағанда 10 есе көп мемлекеттік қаржыны жұмсап келеді. Еліміздің кейбір өңірлерінде футболға бокс пен ауыр атлетикамен салыстырғанда 10 емес, 100 есе артық ақша бөлінген.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бокс пен күреске ауылдар мен қалалардағы қазақстандық балалар барса, ал футбол клубтарында жергілікті бютжет есебінен шетелдік легионерлер өмір сүріп жатыр. Олардың жалақысы қазақстандық спортшылардың түсіне де кірген емес. Бүкіл әлемде кәсіптік футболда клубтар өз күндерін өздері көреді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың сөз жүзінде емес, шын мәнінде, қоғамға қызмет етіп, біздің азаматтар өмірінің жоғары сапасын қамтамасыз етуі тиіс.