12 желтоқсан 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Астана қаласында «Ақ жол» Демократиялық партиясының, партияның
Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен және Маңғыстау облысы әкімдігі
мен Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қолдауымен «Қайраткер Жалау Мыңбайұлы және
Тәуелсіздік құндылықтарының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық
конференция өтті.
Алаш арысы, қазақ халқының аяулы перзенті Жалау Мыңбайұлының өнегелі өмірі
мен ел үшін жасаған қызметін үлгі етіп,
130 жылдығын тиісті деңгейде өткізу және жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған
шараға есімі елге белгілі зиялы қауым өкілдері, Мәжіліс депутаттары, тарихшылар
мен БАҚ өкілдері, сонымен қатар, қайраткер Жалау Мыңбайұлының ұрпақтары
қатысты.
Алаш ардақтысының өмір жолына деген қызығушылықтың жоғары болғандығы
себепті конференцияға ZOOM платформасы арқылы Түркия елінің Анкара қаласынан
Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, Уфа және Астрахань елінен
ғалымдар, Түркіменстан Этномәдени бірлестік төрағасы, Дүниежүзі түрікмендерінің
гуманитарлық қауымдастығының Башқұрстан Республикасындағы шетелдік бөлімшесінің
басшысы, Халықаралық "Түркі әлемі" студиясының бас директоры,
Қарақалпақстан Республикасы, Нүкіс қаласы Бердах атындағы Қарақалпақ
мемлекеттік университетінің Қазақ тілі
және әдебиеті кафедрасының доценті де қатынасып, өз пікірлерін ортаға салды.
Жеті жұрт жай тапқан Маңғыстаудың үнімен үндесіп, тарихымен тілдескен,
еңсесі биік Жалау Мыңбайұлының арналған конференцияны «Ақ жол» ҚДП төрағасы,
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кіріспе сөзімен ашып, жиылған жұртқа өз
ризашылығын білдірді.
- «Бүгінгі күн жай дата емес, бүгін біз Алаш Республикасының 105 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 105 жыл бұрын азаттық аңсаған ата-бабаларымыз Алашорда үкіметін құрды. Алаш идеясына қызмет етті. Мен және Сұлтан Хан Аққұлы бастаған алаштанушы ғалымдар Алаш автономиясы емес, Алаш республикасы деп аталу керек деп санаймыз. Себебі, Алаш зиялылары тәуелсіз Мемлекет, тәуелсіз Үкімет ретінде қызмет еткен. Биылғы жылы Жапонияда табылған құжаттарға қарасақ, 1918-19 жылдары Алашорда шет мемлекеттерге, Жапон үкіметімен арадағы ресми қарым-қатынасты нығайтумен қатар, Париждегі дүниежүзілік конференцияда Жапон үкіметінен Алашорданың делегациясын қолдауды сұрап, өтініш білдірген. Себебі, осы конференция үстінде БҰҰ алғышарты саналатын Ұлттар лигасын құру туралы мәселе қарастырылған. Яғни, Алашордашылар Алаш республикасын әлемдік деңгейде танытуды көздеген. Азаматтық соғыстан кейін большевиктер билікті қолға алды, Алаш көсемдері олармен санасуға мәжбүр болса, Кеңес үкіметінде билік «алаштықтардың» пікірімен санасты, сөйтіп, 1920-жылы Қырғыз АКСР-нің құрылғанын жариялады. Біз Алаш зиялыларының мұндай батырлығы мен батылдығына әділ баға беруіміз керек. Сол кездегі Алаштың саясатын, идеясын жалғастырушылардың ішінде бүгінгі біздің іс-шарамыздың себепкері Жалау Мыңбайұлы да бар. Ол басқа Алаш арыстарымен бірігіп, 1925 жылы совет Үкіметі «Киргиз» республикасы деп жариялаған елге «Қазақ» деген төл атын қайтаруды талап етіп, оны іске асырды. Бұл үлкен ерлік. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құрылатынын жариялады. Ол үшін ата-бабаларымыздың қызмет жолы мен жасаған ерліктеріне әділ баға беруіміз керек. «Ақ жол» партиясы тарихшылардан құрылмаған, бірақ біз үшін Алаш идеясы бүгінгі саясатымыздың тұжырымдамасы. Кейбіреулер Алаш деген өткен заман деп айтады. Жоқ, олай емес. Біз үшін, «ақжолдықтар» үшін Алаш - ұлттық рухымыз, бүгініміз және болашағымыз. Ал Жалау Мыңбайұлы сияқты азаматтарымыздың Алаш жолында істеген еңбектері, олардың елімізге көрсеткен қызметі ешқасан ұмытылмайды. Оны дұрыс насихаттауға тырысуымыз керек. Оны қалай көрсету керек? Бәріңізге белгілі әлі күнге дейін Алаш арыстары деп елге белгілі танымал тұлғалардың есімдерін айтып жүрміз. Әсіресе, осы орталық деңгейдегі, Алашорданы басқараған, жол бастап көзге түскен азаматтарды ғана білеміз. Ол да дұрыс. Бірақ, сол кезде 1920 ғасырдың басында, Алаш деген санаулы азаматардың қозғалысы ғана емес, жаппай қозғалыс еді. Бүкілресейлік «Учредительное собрание» сайлауында Қазақ аймақтарда «Алаш» партиясы үлкен басымдықпен жеңіске жеткен. Яғни, сол идеяны қолдаған, сол идеяны іске асырған миллиондаған азаматтарымыз бар болған. Қазіргі кезде Жалау Мыңбайұлының істеген ерліктерін, тек Батыс Қазақстанның азаматтары біледі, ал ол кісі бүкіл елімізге қызмет етті. Сондықтан, мұндай азаматтар тек өз жері, өз ауылы, өз руының ғана емес, бүкіл қазақ елінің жадында сақталуы тиіс деп есептеймін. Бүгінгі конференцияның да бас қаламыз Астанамызда өтіп жатқаны дұрыс деп санаймын. Осы шараны қолдаған Маңғыстау облысы әкімдігіне, Еуразия ұлттық университетіне, Жалау Мыңбайұлы ұрпақтарына, алаштанушы ғалымдарға өз атымнан және «Ақ жол» партиясы атынан алғыс білдіремін», - деді Азат Тұрлыбекұлы.
Сонымен бірге, алқалы отырыс аясында конференцияны ұйымдастырғаны үшін «Ақ
жол» партиясына өңір басшылары өз ілтипаттарын жеткізді. Атап айтқанда,
Маңғыстау мен Атырау облыстары, Жаңаөзен қаласы басшылары өз құттықтау
тілектерін жеткізді.
Бір атап өтерлігі, жиынға Жалау Мыңбайұлының ұрпақтары, ізін жалғастырушы
қоғам қайраткерлері де қатысты. Мәселен, мемлекеттік қызмет ардагері,
«Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы»
Айкүміс Досанова мен Ж.Мыңбайұлының ұрпағы Нөкенов Дәуіттің сөйлеген сөздері
көпшілікті елжіретті. Олар өз кезегінде Алаш арысының елге сіңірген еңбегінің
ұшан-теңіз екендігіне тоқталып, сол еңбекті лайықты деңгейде бағалап жатқан «Ақ
жол» партиясы мен партия жетекшісі Азат Перуашевқа риясыз алғыстарын жеткізді.
Конференция барысында Азат Перуашев Қазақ Республикасының 100 жылдығына
орай, Алаш ұлттық идеясын насихаттауға қосқан үлесі үшін «Ақ жол» ҚДП
Президиумы атынан шығарылған арнайы төсбелгімен Алаш зиялыларына деген зор
сый-құрметі мен ұрпақ санасына тарихты терең меңгеруіне арналған сүбегелі
еңбектер атқарған тұлғаларды марапаттады.
Олардың қатарында қаламгер, «Жалау Мыңбаев» кітабының авторы Спан Әбілқайыр
Бақытұлы, «Жалындап өткен жас ғұмыр» кітабының авторы Сисен Демеубайдың жұбайы
Алхамова Шолпан Исамқызы, ІІО зейнеткері, спортшы, Жалау Мыңбайұлы ұрпағы
Ургешбаев Қайрат Шукербекұлы, Түпкараған ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы
Суйеубаев Куаныш Жумабекұлы, Л. Н. Гумильев атындағы ЕҰУ Түркітану және
алтайтану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Әбсеметов Марат Оралбайұлы, Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаты Ноғаев
Асқар Оралбайұлы, жеке кәсіпкер Асауов Темірбек Тыйылұлы, Уралбаев Рустам
Қуанышбекұлы бар.
Ғылыми конференция аясында ҚР Жоғарғы мектебі ғылыми академиясының
академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ҚР ҰҒА
академигі, тарих ғылымдарының докторы Мамбет Қойгелдиевғ Л. Н. Гумилев атындағы
ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының диекторы, PhD, әлихантанушы
Жүсіп Сұлтанхан баянадама жасап Жалау Мыңбайұлының мемлекетшіл тұлға екендігін,
оның өмірінің кейбір тұстарына қатысты тың деректермен бөлісті.
Конференция жұмысының қорытындысы бойынша келесідей ұсыныстар жасалды:
1) Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Мемлекеттік
орталық, Ұлттық архивтердің әлеуетін қосып, "Жалау Мыңбайұлы: өмірі мен
қайраткерлік қызметі" атты жинақ шығарылсын.
2) Ғылым және жоғары білім министрлігінен қайраткер Ж.Мыңбайұлының
қайраткерлігі мен мұрасына байланысты PhD диссертация тақырыбын бекіту мен
қорғау жұмыстарын үйлестіру сұралсын.
3) Ұлт қаламгерлері Ө.Ахмет, С.Адай т.б. Ж.Мыңбайұлы туралы жазған
пьесаларын елордалық, облыстық театрларда сахналау туралы Мәдениет және спорт
министрлігінен сұралсын.
4) Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Орал қалалары мен облыс
әкімдіктерімен Ж.Мыңбайұлы атына лайықты мектеп, көше-даңғыл атын беру
келісілсін.
5)Жалау Мыңбайұлы туралы деректі фильм түсірілсін.