09
Шілде

Қазыбек Иса Алматы қаласында жұмыс сапармен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерімен кездесті

9 шілде 2024 жыл, Алматы қалалық филиалы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді.

Сапар аясында халық қалаулысы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерімен кездесті. Институт директоры Анар Мұратқызы Фазылжан депутатқа институттың қазақ тілі мен тіл білімі саласындағы соңғы жаңалықтарымен таныстырды.

Осылайша, ғылыми мекеме ұжымы Қазақ тілінің ұлттық корпусы сайтын таныстырды. Корпус сайтында қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры жинақталған. Корпустағы мәтін көлемі – 40 миллион. Мәтіндер қазақ тілінің 5 стиль түрінен (көркем стиль, ғылыми стиль, публицистикалық стиль, ісқағаз стилі, сөйлеу стилі) жинақталған. Корпустан сөз, сөзформа (сөз түрленімі) бойынша іздеу жүргізіп, іздеген сөзіңіз қолданылған сөйлемдердің тізімін және олардың дереккөзін көре аласыз. Табылған сөз/сөзформа немесе мысалдардағы кез келген сөз туралы тілдің барлық деңгейіне қатысты ақпарат беріледі.

Корпусты қазақ тілінде сөйлеушілер мен қазақ тілін үйренушілер қолдана алады.

Сонымен қатар Анар Мұратқызы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Картотекалық қоры туралы мәліметпен бөлісті. Картотекалық қор – қазақ сөзінің семантикалық өрісі мен тілдің грамматикалық жүйесін мәтін ішінде тануға мүмкіндік беретін, беделді авторлар мен академиялық басылымдардан, құнды кітаптардан, халықтың тіл қазынасынан жинақталған қазақтілді жазбаша сөз қор саналады. Қор – елдігіміздің бірден-бір нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің лексика-фразелогиялық байлығын, сөзтізбелік құрамын анықтайтын құнды мұра.

2020 жылы Анар Мұратқызының жетекшілігімен бірегей мұрағаттық істерді цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді, олардың көпшілігі, өкінішке орай, тану мүмкін болмады. Соңғы жылдары зерттеушілер мен жас ғалымдар 4,5 миллионнан астам қима қағазды цифрландырды.

Картотекалық қор деректері ендігі кезекте тек тілтанушы ғалымдарға ғана емес, қазақ мәтіндерімен жұмыс істейтін барлық қоғам өкілдеріне қолжетімді болады.

Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қорытынды сөз сөйледі. Ол өзінің депутаттық қызметі мен «Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы» заң жобасындағы нәтижелері туралы айтты.

Қазыбек Иса ҚР Үкіметі жанынан мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия құрылғанын айтты.

Институт тарапынан да ұсыныстар болды. Мысалы, социо-лингвистика бөлімінің ғылыми маманы Қуат мырза келесі мәселелерге назар аударды:

- «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметке қазақ тілін орташадан жоғары білетін кандидаттарды тағайындау мәселесі;

- шетел фильмдерін қазақ тілінде дубляждау мәселесі. Жас маманның айтуынша, бүгінде тек екі фильмде қазақша дубляж бар, оны Уолт Дисней компаниясы қаржыландырса, отандық дубляж компаниялары «Кинематография туралы» заңның нормаларын сақтамайды.

Анар Фазылжан Тіл институты ұжымы атынан тіл күрескері Қазыбек Исаға алғыс айтып, «Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл» мерейтойлық белгішені  табыс етті.