29 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Бауыржан Найзақұлов Тараз қалалық
мәслихатындағы әріптестерімен бірге шаһардағы құрылыс жұмыстарына зерделеу
жүргізді.
Депутаттар алдымен № 25 мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Білім ошағы
ғимаратындағы негізгі жұмыстар аяқталуға таяу. Мердігерлердің жоспары бойынша
нысан 1 қыркүйек – Білім күнінде пайдалануға беріледі.
«Мектеп асханасында бітпеген біраз жұмыстар бар. Сондай-ақ аула
абаттандырылуы керек. Депутаттар құрылыс толық аяқталғанда тамыз айында тағы
бір келіп зерделеу жүргізеді», - дейді Бауыржан Найзақұлов.
Депутаттар тобы бұдан кейін «Қарасу - 2» каналының абаттандыру жұмыстарын
және Мыңбұлақ шағын ауданы № 57 үйдің
ауласындағы балалар ойын алаңының абаттандыру жұмыстарын барып көрді.
«Қарасу – 2» каналының қазіргі жай-күйі қынжылтады. Іші қоқысқа толып
қалған, суы аз. Көп болып тазалық жұмыстары жүргізілсе, су арнасы бетоннан
құйылса, каналдың суы да далаға кетпес еді.
Ал балалар ойын алаңының құрлысы жоспарға сай жүргізілуде. Тұрғындар
мердігерлерге сметалық жобада көрсетілмеген талап-тілектерін жеткізген. Оның
бірқатарын мердігер орындап берген. Депутаттар басқа да ұсыныстарды бірлесе
шешуге болатынын жеткізді.