Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков Жезқазған өңіріндегі жұмыс сапарын алдымен «Қазақмыс» корпорациясындағы өндіріс нысандарын аралаудан бастады. Шығыс-Жезқазған руднигі, №57 шахтасына барып жер астына түсіп, ондағы жұмысшылардың жұмыстарымен жақынырақ танысты. Шахта басшылығымен кездескен кезде депутат Нұрлан Жазылбеков: «Шахта басшылығы өз жұмыскерлерінің жағдайы мен мұң-мұқтажын үнемі біліп жүрулері қажет, сол кезде ғана ұжымда ауызбіршілік орнайды. Бұл жұмыс берушілерге де, жүмысшыларға да, толықтай біздің қоғам үшін де тиімді болмақ» деді. Шахта кеншілерімен кездесу барысында жерасты жұмыстарында қажетті өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау жайында да көп мәселелер қозғалды.
Халық қалаулысы «Жезказған-Бейнеу» теміржолының құрылысының объектілеріне ат басын бұрды. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайды. Теміржолдың инфрақұрылысын жүргізетін «Базис-А» ЖШС Жезқазған қаласы жанында 64 тұрғын ұй мен қосымша нысандар салмақшы. «Жол жөндеу» ЖШС тікелей теміржол құрылысы жұмыстарымен айналысатынын атап өткен жөн. Екі серіктестік бойынша 1000-ға тарта адамды жұмысқа қабылдау көзделген. Дені - жергілікті тұрғындар. Құрылыс жұмыстарын 36 айда аяқтау жоспарланған. Желі Абай, Атанши елді-мекендері жанынан өтіп, Жезқазғанға ұласады. Келешекте Сексеуіл станциясы тораптық станцияға айналып, қосымша қызметтер мен тасымалдауды үзбей жүргізу мақсатында инфрақұрылым қызметтері дамитын болады. Аталмыш жобаның іске асырылуы аймақтың дамуына серпінді күш беретіні анық. Сонымен қатар, жүк айналымының еселеп өсуіне байланысты көліктік-логистикалық орталық салу межеленуде. Депутат кездесуге жиналған жұмысшыларға бүл мемлекеттік деңгейдегі құрылыстың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және бақылауымен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
2012 жылы Жезқазған қаласында «Ютария ЛТД» ЖШС тігін өндірісін жетілдіру жобасы іске қосылған болатын. Бүл өндірісте бүгінгі күнге дейін 317,3 дана тігін бұйымдары тігілді. Өткен жылдың ақпан айында көлемі 1 га жылыжай шаруашылығы пайдалануға берілді. Бүгінде одан өнім алынуда. Жылдық жобалық қуаты 500 тонна көкөніс, 100 мың түп гүл өсіру жоспарланып отыр. Өндіріс объектілерін аралап, тігін фабрикасына да табан тіреді. Мекеме ұжымымен кездескен сәтте Нұрлан Жазылбеков: «Міне, Елбасының осындай шынайы қолдауының арқасында сіздердің өңірлеріңізде де үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүргізілуде. Оған айғақ «Ютария ЛТД» ЖШС-ның бүгінгі атқарып отырған жұмыстарынан көруге болады» - деді.
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков «Ақ жол» ҚЦП Жезқазған қаласының филиалы белсенділерімен кездесті. Жезқазған қаласы тұрғындарымен де кездесу барысында қоғамдық қабылдау өткізді. Жағдайларын айтып келген бірнеше кісілердің түйінді мәселелеріне дер кезінде жауабын берді. Кездесу соңында жиналған қалың жұрт «ақ жолдық» депутат Нұрлан Жазылбековке алғыстарын айтып тарқады.