29
Сәуір

"Дети войны" медалі Закариянова Самал әжемізге табысталды

29 сәуір 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

Шығыс Қазақстан облыстық "Ақ жол" демократиялық партиясының филиалы тағы бір Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалық шағын бастан өткерген асыл жанды марапаттады.

"Дети войны" медалі Закариянова Самал әжемізге табысталды.

Самал Закарияқызы 1936 жылы Зайсан ауданы, Жаңа Тұрмыс ауылында дүниеге келген. Әкесі "халық жауы" атанып, сәби кезінен тағдыр тауқыметін көрген. Балалық шағы соғыстың қиын-қыстау жылдарына тұспа-тұс келді. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, Самал әжеміз ауылдағы басқа балалармен бірге еңбекке араласып, егін арамшөбін жұлып, мал бағып, масақ терген.

Білімге деген құштарлығының арқасында Зайсан қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Ұзақ жылдар бойы мектепте тарих пәнінің мұғалімі, балабақша меңгерушісі болып еңбек еткен. Сонымен қатар партия ұйымының хатшысы қызметін де қоса атқарған.

Самал әжеміз көп балалы ана. Жолдасы Қабдырахман Жәмкенов екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірген. Ол "Күміс алқа" иегері, сондай-ақ "Ана даңқы" ордені мен бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.

«Мен еңбекпен өткен өмірімді мақтан тұтамын. Бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік етіп, бала-шағамның ортасында өмір сүріп келемін», — дейді Самал әжеміз.

"Ақ жол" партиясы ұрпаққа үлгі болар осындай тағылымды тұлғаларды ардақтауды жалғастыра береді.