14
Қараша

Дәурен Ахметжаев зерделеу жұмыстарын жалғастыруда

14 қараша 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясынан сайланған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дәурен Ахметжаев облыстық мәслихат депутаттарымен бірге  Тараз қаласындағы зерделеу жұмыстарын жалғастырып, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне барды.

Қазір спорт кешенінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Казарма алқабындағы 180 орындық №65 орта мектепте құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ал Құмшағал станциясындағы №19 мектептің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, мектептен тыс ұйым ашу жобасы қолға алынған. Аталған нысандарды аралап шыққан депутаттар Шөлдала алқабындағы №70 Келешек мектебіне, Тараз қаласындағы №7 мектепке 300 орындық оқу ғимараты мен акт залының қосымша құрылысына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс талаптарының сақталуына назар аударды.

Ақжолдық депутат зерделеу барысында өзі назарға алған бірқатар олқылықтарға тоқталды: «№7 мектепте жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Атап айтсам, футбол алаңшасының газоны оның арасына себілетін ұнтағы дұрыс жасалмаған. Білім мекемесіндегі оқушылар отыратын парталары, ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары сапасыз», - дей келе, әрбір нысан қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын маңызды жоба екенін атап өтті. Зерделеу барысында жұмыс қарқыны, құрылыс сапасы және сметалық міндеттемелердің орындалуы жан-жақты сарапталатынын жеткізді.

«Уақытша құрылған комиссияның негізгі міндеті – құрылыс сапасын бақылау, жобалардың уақытылы әрі талапқа сай орындалуын қадағалау, сондай-ақ бюджет қаражатының ашық және тиімді жұмсалуына бақылау орнату», - деп түсіндірді Дәурен Хайроллаұлы.