16 қазан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатына бір мандаттық жүйемен
сайланған депутат Дәурен Ахметжаев тұрғындардың шағымы бойынша Жамбыл ауданы
Қапал ауылында салынып жатқан жол құрылысының жұмыстарына зерделеу жүргізді.
Депутаттың айтуынша, мердігер «AYAN B HOLDING» ЖШС бүгінде жол жабындысын төсеу жұмыстарын
аяқтауға жақын қалған. Алайда Қапал ауылы тұрғындарының жол сапасына көңілдері
толмай тұр.
Тұрғындар жол сапасына қатысты ескертулері мен шағымдарын айтып, Жамбыл
аудандық мәслихатына, облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаевқа
қайырылған.
Тұрғындар тілегі бойынша ақжолдық депутат жергілікті мәслихаттағы
әріптестерімен бірге Қапал ауылының кіреберісінде төселген жолдың асфальт
жабынын арнайы барып көріп, жауапты мердігер компаниясының басшысына ескерту
жасады.
«Жол – елді мекеннің айнасы, халықтың күнделікті өмір сапасын айқындайтын
басты көрсеткіштің бірі. Сондықтан жол құрылысының сапасы қашанда қатаң
бақылауды қажет етеді. «AYAN B HOLDING»
ЖШС-нің жол жабындысын төсеу жұмыстарына қатысты өзіміз көріп, анықтаған
кемшіліктер бойынша мердігерге нақты ескерту жасадық. Жауапкершілікті арттырып,
тұрғындар шағымын назарға алуды тапсырдық», - дейді Дәурен Хайроллаұлы.


