8 қыркүйек 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы
Ерейментауда маңғыстаулық жастар қанатының «Ананың ақ сүті» және «Қыршын» қойылымдары қойылды. Қойылымдарды тамашалауға ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. ҚР Жоғарғы мектебі Ғылыми Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, драматург, жазушы Өтен Ахмет, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев, ақын, Ұлттық кеңестің мүшесі Қазыбек Иса, Ақтөбе облысы қоғамдық кеңес төрағасы Бағлан Баймағамбетов, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлұлы, Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Нариман Әлдібеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев, Перуаш Кәрімұлы атындағы орта мектептің ұжымы және Ерейментау ауданының тұрғындары қатысты.
2019 жылдың 8 қыркүйек күні, «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының (театрының) әуесқой әртістері, «Жастар жылы» аясында, Алаш идеялары мен мұратын көздеген, ағартушылық ісін қолға алып, бастарын қатерге тіккен және батыр бабаларының салған сара жолынан айнымаған, сол үшін ауызбен айтып жеткізе алмайтын ауыр жазаларды бастан кешкен жастардың қайсарлығы мен есімдерін ұмыттырмай, жасөспірімдерге насихаттау мақсатында, Үмбетей жырау атындағы Ерейментау аудандық Мәдениет үйінде «Қыршын» атты тарихи драмалық қойылымын сахналады.
Содан соң Ереументау ауданы Малтабар ауылында жат ағым жетегінде кетпеудің дара жолы – отбасы мен дәстүрлі діннен, адамгершілік қасиеттерден қол үзбеу керектігі және діни сауатсыздықтың құрбаны болған қазақ жастарының тағдыры мен бір ғана отбасындағы жағдай арқылы қоғамдағы трагедия көрсетілетін "Ананың ақ сүті" қойылымы Ерейментау ауданы, Малтабар ауылы "Перуаш Кәрімұлы" атындағы орта мектеп ұжымына сахналады.
Қойылымның авторы, жазушы даматург Өтен Ахмет.
Жалпы, «Ақ жол-жастар» жастар қанаты Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасының қолдауымен көптеген діни қойылымдар яғни, жазушы, драматург Өтен Ахметтің «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» және «Асыл сөз Media» шығармашылық берлестігінің директоры, ф.ғ.к., дінтанушы Асылбек Әуезханұлының «Адасу», «Уланған сана», «Шын дос» «Жалғанда жақсылық жасаған жақсы» атты шағын сахналық қойылымдарын көрерменге ұсынып жүр.
Бұған дейін, Маңғыстау, Қостанай, Ақтөбе облыстары бойынша (ауыл/қала/аудан/) колледж, мектеп, Түзету мекемелері бойынша 128 жерде сахналанып, 100 000-нан астам көрермен қамтылған.
Бұл діни қойылымды «Ақ жол» жастары өзінің қызығушылығымен, әуесқойлығымен және табиғи дарындылығымен сомдады. Келген көреремен 35 минуттық еңбекті тамашалап, өмірден алынған көріністі мойындап, еріксіз көздеріне жас алды. Сондай-ақ, мағыналы дүние көрсетіп, көрермендерді сезімге бөлеп, "ананың қадірін" оқушылардың бойына сіңірген Маңғыстаулық жастарға мектеп ұжымы шығармашылық табыс, алар асуларыңыз биік болсын деп алғыстарын білдірді.