Халықты қырған Мирзоянның көшесі қашан алынады? - 'Қазақ Үні' Газеті
Осындай тақырыпта өткен дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының белсенділері атсалысты. Басқосуда ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қаладағы Мирзоян ескерткішін жоюды ұсынды. Оған себеп – тарихи ақиқат. Арыстарды аттырған адам көше атын иемденуге лайықты емес. Ақтөбенің ескі қала аумағындағы орталық көшелердің бірінде Мирзоян ескерткіші әлі де міз бақпай қақшиып тұр.
Қазақстанды 1933-1938 жылдары ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап, Сталиннің сенімді серігіне айналған тарихи тұлғаның ескерткішінде кейінгілердің ісі де болмады. Елге басшы болып келіп, қазақ тілінде сөйлеп кеткен Мирзоянды ел еркелетіп «Мырзажан» деп атап кеткенін де білеміз. Бірақ, сол «Мырзажанның» бұл атқа лайық болмағанына көзіміз әбден жетті. Оның нағыз зымиян болғанын тарихи деректер дәлелдей түсті. Мысалы, 1937 жылы Сталинге жазған құпия хаттарының бірінде ол репрессияға ұшыраған адамдардың санын тағы да 1600 адамға көбейтуге рұқсат сұрайды. Алаштың ардақты ұлдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан сияқты арыстарды атуға қосымша квота сұраған Левон Мирзоянның қызметтік хатының жария болуы «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының мүшелерін де бей-жай қалдырмады. Партия филиалы кеңсесіне көптеген қоғамдық ұйымдардан, қатардағы партия мүшелерінен, қаладағы көшенің Мирзоян аталуына ашу-ызаларын білдірген хаттар келіп түсуде. Халықтың ашу-ызасын туғызбай, тарихи әділдікті орнату мақсатында Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы тез арада Л.Мирзоян атындағы көшенің атын қазақтың үш арысының бірінің атына ауыстыру жөн деп есептейді. Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровқа партия филиалының басшысы Асқар Садықов осы мақсатта ашықхат жолдады.
Ескерткішті жоюға бағытталған дөңгелек үстелге философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан, облыстық Өлкетану музейінің қызметкері Бекарыстан Мырзабеков, облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Зәпен Жұмабаевалар шақырылды. Өкінішке орай, әкімдіктегі ақжағалылар бұл басқосуда төбе көрсеткен жоқ. Алғашқылардың бірі болып сөз алған профессор Алтай Тайжан: «Бұл қаладағы белгілі бір топтың, қалталы адамдардың қолымен істелген іс. Бұл адамға ескерткіш орнату тарихи заңдылық бойынша әділетсіз іс. «Ауылдың аты атама, көшенің аты көкеме» деген заман келмеске кетті. Халық кезінде мыңдап осы бір адамнан зәбір көрді. Ендеше, неге ол адам көшенің атын иемденуі тиіс?! Отырыстағы айтылған ұсыныстар іс жүзінде жүзеге асуы қажет», – деп сөзін түйіндеді.
Ал, заңгер Бақтығұл Қанатов өз ойын былай сабақтады: «Алматы, Астана қалаларында Мирзоян есімін өшіру ісі ертерек қолға алынды. Біз де дер кезінде осындай ел игілігі үшін атқарылар істі кешіктірмей қолға алуымыз керек». «Қазақия» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақжігіт: «Бұл мәселені партия филиалының заңгері, қоғам қайраткері Бақтығұл Қанатов көтерген еді. Шынымен де қазақтың кең пейілділігі өзіне сор болып жабысқан сияқты. Мирзоян деген зұлымды «Мырзажан» деп ел басына көтерді. Сол бір зұлмат жылдары халықтың жартысынан көбі ашаршылықтан өлді. Бейбіт күнде халқымыз қырылып қалды. Репрессия кезінде өзбек ұлтынан 7 адам ғана атылыпты. Ал, атылған қазақтың саны 25 мыңға бір-ақ жетеді. Соған қарамастан, Мирзоян адам ату үшін тағы да жоғарыдан квота сұрайды. Асыра сілтеу әдісін өзінің солақай саясаты арқылы жүзеге асырған адамды біз құрметтеуге тиіс емеспіз» деп өз пікірін білдірді.
«Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Асқар Садықовтың айтуынша, қалалық мәслихат бұл ұсынысты қолдаса, ескерткіш жойылып, көше аты ауысуы мүмкін. Жас тарихшы Айшуақ Дәрменұлы да нақты фактілерге сүйеніп, өзінің Мирзоян туралы зерттеп келгенін жеткізді. Оның айтуынша, Ақтөбеде ескерткіш ел Егемендік алғаннан кейін 1997 жылы қойылған. Қазақты ұлт дәрежесіне жеткізуге атсалысқан Алаш ардақтыларының есімдерін иемденген Ақтөбеде бірде бір көше жоқ. Есесіне, 2001 жылы Мирзоян туралы кітап жарық көрген. 30-шы жылдары елді өркендету барысында Мирзоянның біраз еңбек атқарғандығы туралы сол кітапта бүге-шүгесіне дейін жазылады. Бірақ, Мирзоян қазіргі тарихшылардың берген бағасы бойынша, сталиндік механизмнің бір тетігі ғана. Мирзоян туралы әлі де зерттейтін нақты тарихи деректер өте көп. Дөңгелек үстелде сөз алған партияның белсенді мүшесі Зауза Молдабаева да өзінің нағашы ағасының репрессияға қалай ұшырағанын әңгімелеп берді. «Халықты қойдай қырған жауыздың Ақтөбедегі көшенің атын иемденуге қақы жоқ» деді.
Ал, қылышынан қан тамған сол бір зұлмат заманда қандықол, «асыра сілтеу бомасын, аша тұяқ қалмасын!» деген құпия саясаттың ең белсенді орындаушысы Мирзоянды халық жақсылығын дәріптеп «Мырзажан» деп атап кетуі мүмкін емес. Мысалы Викторды-Бектұр деп тіл орайына келтіріп айтатындай, сол кездің қазақтары Мирзоянды «Мырзажан» деп оның есімін қазақшалап алуы да әбден мүмкін. Бірақ. Сол «Мырзажан» орталықтың «қырып, жоюға» бағытталған саясатын мықтап тұрып жүзеге асырды. Қазақ елі тарихта көрмеген қорлықты осы бір зұлмат жылдарды басынан кешірді. Халықтың жартысы ашаршылықтан қырылып қалды. Бейбіт күнде қырылып қалған халықты Голощекиннің қанды қырғынынан кейін Мирзоян алдаусыратқандай болғаны да тарихтан белгілі. Тарихи деректер бойынша, 1936 жылы Қазақстан Республикасы құрылды.
1933-1938 жылдары елде индустрия саласы дамыды. Сол жылдары Мәскеуде қазақ мәдениеті мен әдебитенің онкүндігі дүркіреп тұрып өтті. Ел еңсесі көтерілгендей болды. Осы жылдары Мирзоянның да беделі арта түседі. Бірақ ол, шын мәнінде, партияның орындаушысы ғана еді. Ал, оның нағыз зымиян екені таяу жылдары архивтегі деректі материалдар арқылы ғана әшкере болды. Мирзоян-сталиндік механизмнің бір тетігі ғана. Қазіргі тарихшылар Мирзоянға осындай баға беріп отыр. Дегенмен, тарихшылар үшін Мирзоянның зұлымдығы әлі де зерттеуді қажет ететін тың тақырып.
Ал, Ақтөбенің өзінде үлкен сілкіністі күтіп тұрған көшелер көп. Алақандай қаладағы көшелердің аттары ал-құла. Тарихи деректерге сай келетін көшелердің аттары саусақпен санарлықтай. Елге еңбегі сіңді демек түгілі, Қазақстанға үш қайнасы сорпасы қосылмайтын Олег Кошевой деген сияқты көше аттары жетіп-артылады. Сондықтан. «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының басшылары Асқар Садықов пен Мұхтар Әбілқайыров әкімдікке хат жолдап, жалпы Ақтөбедегі барлық көшелердің тізімін алуымыз тиіс деп шешті. Сол арқылы партия филиалы тарапынан сараптама жасалады. Ол кезде тек Мирзоян ғана емес, өзге де көше аттарын иемденіп жүрген «лайықсыз» есімдердің қара тізімі жасалуы мүмкін. Ал, қисынға келмейтін қала көшелері елге еңбегі сіңген біртуар азаматтардың аттарымен алмастыру мәселесі көтерілетін болады. Ал, Мирзоян көшесіне қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысушылардың дені бірауыздан Мирзоян ескерткішін жойып, оның атындағы көшені Алаш ардақтыларының бірінің есімімен алмастыруды ұсынды.
Ақпарат көзі Қазақ үнi (Алматы), № 32 (641), 19.08-26.08.2014