10
Наурыз

Көкшетаудағы кездесулерде көкейкесті мәселелер көтерілді

10 наурыз 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Көкшетау қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Ақ жол» партиясының лидері Азат Перуашев, «Қазақстанның Ұлттық индустриялық палатасы» төрағасы, Мәжіліс депутаттығына үміткер Дмитрий Васильев, патрия атынан Ақмола облысы бойынша бір мандаттық жүйемен Мәжіліс депутаттығына үміткер Меруерт Қазбекова, Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықов аймақтағы өндіріс орындарын аралады. 

Штаб өкілдері алдымен «Новопэк» ЖШС – полимерлерден жасалған ұнтақ жарма өнімдеріне арналған қаптамаларды шығаратын отандық ірі өндіруші кәсіпорнына барды. 

Үгіт-насихат тобы кәсіпорын жетекшілері және жұмысшылармен кездесіп, партияның саяси бағдарламасын таныстырып, сайлаушылардың талап-тілектерін тыңдады.

- «Осы өңірден бір мандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына есімі елге танымал Меруерт Қазбекова үміткер болуда. Оның әкесі Ақмола облысындағы көптеген кен орындарын алғаш ашушы, белгілі геолог болған. Меруерттің өзі кәсіпкер, өмір бойы оппозицияда болды. 2001 жылы «Ақ жол» партиясын құруға атсалысқан, партиямыздың ең тәжірибелі мүшесі. Көкшетаулықтар жерлесін қолдайды деп ойлап, сенім артамыз», - деп сөзін бастады партия төрағасы Азат Перуашев.

Жиында ұжым қызметкерлері ипотекалық несиенің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, баспана кезегі, мүгедек балаларға көмек көрсету, халық тұтынатын тауарлардың қымбаттауы, ауылдан келген жастарды жұмыспен қамту сияқты мәселелерді көтерді. 

Мекеме қызметкері «бізден медициналық сақтандыруға ақша ұсталады, емхана, ауруханаларда қан, зәр талдаулары тегін болғанымен басқа медициналық қызметтер ақылы және ұзын сонар кезек. Ал, өз таңдауымызбен жеке клиникалардың қызметін қабылдайтын болсақ, оғанда өз қаражатымызды төлейміз. Сонда біз медициналық сақтандыруға не үшін жарна төлеп отырмыз.?», – деп сауал да қойды.

- «Бұл өте үлкен мәселе. Нақты медициналық сақтандыруға көшу қажеттігін көп жылдар бойы айтып келеміз. Қазір жасалған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде «сақтандыру» емес, салық. Жұмыс істейтін адамдар тиісті жарнасын медициналық сақтандыру қорына төлеп жүр. Ал сол жиналған қаражаттарды жұмсайтын кезде, жарна иелерінен сұрамай, қордың өзі игеріп отыр. 

Өзінің жарнасы түсетін әрбір азаматтың медициналық сақтандыру қорында жеке есепшоты болуы тиіс. Осы арқылы кез-келген адам өзіне емхана мен дәрігерді таңдау керек. Сондай-ақ, көрсетілген медициналық қызметке төлем жасау құзіреті өзінде болуы тиіс. 

Сонда қызметкерлер өз міндеттеріне ұқыптылықпен қарайды, ал жұмысына адал медицина қызметкерлері ауыр еңбегі үшін лайықты жалақы алады. Тіпті науқас өзін сапасыз емдегені үшін медициналық ұйым мен қызметкердің қызметтеріне төлем жасаудан бас тарта алатындай құғығы болуы керек. Нағыз әлеуметтік медициналық сақтандыру деген осы.

Сонымен бірге, спортпен шұғылданып, темекі шекпей, арақ ішпей жүйелі түрде скрининг өтіп, өз денсаулығына мұхият қарайтын адамдар бар. Яғни, мұндай азаматтардың есепшотында көбірек жинақ жарнасы болуы тиіс. 

Ал, өз-өзінің денсаулығына немқұрайлы қарайтын азаматтар да бар. Мысалы арақ ішетін, темекі таратын, спортпен айналыспайтын, емхана мен ауруханаға қатты ауырғанда ғана барып, көмекке жүгінетін. Түптеп келгенде қазіргі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өзгелер салған жарнаны расыменде мұқтаж (әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасы т.б.) адамдармен қатар, осындай азаматтарға пайдаланып отыр. Бұл дұрыс емес.  Яғни, қазіргі сақтандыру жүйесі «нағыз сақтандыру» емес, салық. 

Президент Қ.Тоқаев былтырғы Жолдауында «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен», - деген болатын.

Шын мәнінде нағыз сақтандыруға көшсек, әр адам қай клиникаға барғысы келеді? Кім дәрігердің көмеген алғысы келеді? Мұның бәрі өз таңдауыңызда әрі қолыңызда жарна салып, жинаған қаражатыңызды өз денсаулығыңыз үшін жұмсай алуыңызда. Міне, сол кезде сіздерде қазіргідей ауыртпашылық болмайды. 

«Ақ жол» партиясы нағыз әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді  парламентке өтсе әрі қарайда жалғастырады.», - деді партия лидері Азат Перуашев.

Сол күні республикалық штаб мүшелері «Еуразия» компаниясының ұжымымен де кездесіп, сайлауалды тұғырнаманы таныстырды.

Кездесуде бір қызметкер «Осындай сайлаулардан не пайда бар? Егер Үкімет, министрлер мен әкімдер істеген жұмыстары үшін халық алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ болса...», - деп сұрақ қойды. 


- «Біз Парламенттік Республиканы жақтаймыз. Бір адам, тіпті ең дарынды болса да, елдегі барлық мәселені шеше алмайды. Бұл билік тармақтарын бөлу функциясы, тежемелік пен тепе-теңдік балансы, мұнда парламент пен мәслихаттар түріндегі өкілді органдар маңызды рөл атқаруы тиіс. Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жетістіктері мен кемшіліктеріне де жауапты болады. Өткен 30 жылда бізде қаншама дағдарыстар мен девальвациялар болса да, әкімдер мен министрлер жемқорлықпен ұсталса да, билік партиясы ешқашан саяси жауапкершілікті мойнына алмай, биліктен кетпей отыр. Үкіметті парламенттік партия жасақтап, халық алдында есеп беретін кезде саяси жауапкершілік пайда болады.  Яғни, бұл ұлттық сенім үкіметі болмақ», - деді Азат Перуашев.

Жиналғандардың басым көпшілігі кредиттері бар екенін айтса, енді бір сол несиені төлеуді мерзімінен өткізіп алып, қиындыққа тап болып отырғандарын да жасырмады.

- «Бір апта бұрын «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң күшіне енді. «Ақ жол» партиясы 8 жылдан бері мұндай заңның қабылдануын талап етіп, бұл норма үшін көптеген ұсыныстарын берді. Бірақ Үкімет пен Ұлттық банк біздің ұсыныстарымыздан бас тартты. Десекте, 2 жыл бұрын Алматыда пәтер иесін үйден шығаруға келген 5 адамға қатысты қайғылы жағдай мен несие пайызы өсіп кеткен келіншектің балаларын көп қабатты үйден лақтырған оқиғаларынан кейін ғана бұл проблемалар шешіле бастады. Парламентте әріптесіміз Дәния Еспаева бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын басқарып, былтыр «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданды. Сол ұсыныстарымыздың ішінде халық үшін маңызды деген үшеуіне тоқталып өтейін.

- бірінші, мысалы, несие алушы қарызын жабу үшін күш салса да, ол қарыздың пайыздары өсе береді. Бұл бітпейтін, адамды банк шырмауынан шығармайтын құлдық әрекет. Сондықтан біз борышкер алған «несиенің пайыздарын тоқтатуды» сұрадық.

- екінші, 3-5 жылға дейін қосымша уақыт беру, бұл ұзартқан уақыт ішінде жоғарыда айтқандай несие пайыздары қосылмайтындай «қарызды қайтару мерзімін ұзартуды» ұсындық. 

- үшінші, борышкердің жалғыз баспанасын банктер мен коллекторлардың тартып алуына тыйым салуға ұсыныс бердік.  Аталған екі талабымыз қолдау тауып, қазіргі күшіне енген заңда бар. Ал үшінші талабымыз жартылай орындалды. Неге жартылай? Егер сол жалғыз баспана кепілге (залогқа) қойылмаса, оны банк басқа мақсатпен алған несиесі үшін тартып алмайды. Біз мұны қорғадық. Ал, ипотекалық несие арқылы алынған жалғыз баспанасын тартып алу туралы банктердің құқығын Ұлттық банк сақтап қалды. Бірақ біз мұны дұрыс емес деп санаймыз. Сол себепті біз үшінші ұсынысымызды толық іске асыру үшін күресті жалғастыра береміз. Жалпы Заңға енгізілген жоғарыда аталған талаптарымыз борышкерлер үшін үлкен жеңілдік береді деп үміттенеміз. Осы Заң күшіне енген алғашқы күннен-ақ 3 мыңға жуық адам өтініш берді. Яғни бұл заңға халық арасында сұраныс өте жоғары деп айтуға болады.  

«Ақ жол» партиясының бұл бастамасы халық үшін тиімді  әрі жеңілдік болды деп есептейміз. Бір ғана өкінішіміз, Үкімет талабымызды дер кезінде қолдағанда, 8 жыл ішінде қаншама азаматтарымызды осындай ауыртпашылықтан құтқаруға болатын еді. Бірақ әліде бұл Заң қарыз алушылардың берешек ауыртпалығын жеңілдетудің маңызды құралына айналып, қиын өмірлік жағдайға тап болған мыңдаған азаматтарға нақты көмек көрсететіні сөзсіз», - деді партия төрағасы.

Мұнан соң, штаб өкілдері ауылшаруашылық техникасын шығаратын Қазақстандық аграрлық-инвестициялық зауытына барды.

Үгіт-насихат тобы партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі тұжырымдарына тоқталып, зауыт жұмысшыларымен емін-еркін әңгіме құрды. Әңгіме барысында сайлаушылар азық-түлік бағасының шарықтап өсуі, жас отбасыларға бала туған сайын мемлекеттен қолдау көрсету, ауылдан келген жастарды баспанамен қамтамасыз ету проблемаларын айтты. 

«Ақ жолдықтар» Көкше өңіріндегі үгіт-насихат жұмыстарын Ақмола облысының жергілікті мәслихаттарына «Ақ жол» демпартиясынан ұсынылған кандидаттарымен кеңес өткізіп, қорытындылады. 

Жиында зейнеткерлердің автобуста жүру ақысы қозғалды. Көкшетаулық азамат Астана қаласында пенсионерлер үшін жол жүру ақысы тегін, ал бізде қарияларымыз ақылы жүреді. Бұл мәселенің шешу жолын қалай қарастыруға болады?, - деп сұрақ қойды. 


- «Бұл мәселе тек сіздерге немесе зейнеткерлерге ғана емес, жалпы қоғам үшін өте маңызды. Расында біздің Конституциямызға сәйкес, сондай-ақ, унитарлы мемлекет болғандықтан барша азаматтарымыздың өмір сапасы бірдей болу керек. Егер нақты жол жүру ақысына келсек, бұның барлығы жергілікті әкімдіктің саясатына байланысты. Олар кейбір автопарктерге субсидия береді. Ал, кейбір өңірлерде субсидия бөлінбегендіктен зейнеткерлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға немесе көпбалалы отбасылар мен оқушылар ақылы жүреді. Мұндай субсидия көбінесе орталық облыстарға ғана беріліп жүр. Мысалы, Семей, Рудный қалаларындаға автопарктер өздерінің құны 150 теңге болса, 100 теңгеден жинап отырмыз, 30 жылдан бері бірде-бір субсидия алмағандарын айтты автопарк басшылары. 

Негізінде бұл мәселені де біздің партиямыз бұрыннан көтеріп жүр. Теміртауда да болған бұл проблема айтылды. Оны Үкімет басшысының орынбасары Скляр мырза қадағалап жүр. Автопарктердің қалалық ассосациясының жетекшісімен тікелей байланыстамыз. Үкіметте екі-үш рет арнайы отырыстар өткіздік. Соның арқасында Үкімет бюджеттік кодекс арқылы жергілікті бюджеттердің әлеуметтік маңызы бар маршруттарына субсидия бөлу құқығын жергілікті маслихаттар мен әкімдіктерге беріп отыр. Ол проблеманы шешу үшін жергілікті маслихаттарда «Ақжолдың» депутаттарын көбейту керек.», - деді А.Перуашев. 

Кеңесте көтерілген  өзге де ұсыныстарды үгіт-насихат тобы назарға алытындарын жеткізді және 19 наурыз күні «Ақ жол» демпартиясын қолдау үшін сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге шақырды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штаб мүшелері сайлаушылармен кездесулерін Қызылжар және Кереку өңірлерінде жалғастырады.