Мен және Парламентті реформалау жөніндегі Жұмыс тобының (мемлекеттік
кеңесші Е. Кариннің төрағалығымен) бірқатар басқа да қатысушылары үшін бүгінгі
талқылау пікірталастың тұжырымдамалық тұрғыдан өзге, әлдеқайда іргелі
деңгейдегі қисынды жалғасы болды. Бұған дейін айтылғандай, сол кезеңнің
өзінде-ақ азаматтар мен ұйымдар Конституцияны реформалау бойынша Парламентті
қайта құруға қатысты ұсыныстардан (ол
өтініштердің өзі алты жүзден астам) үш есе көп ұсыныс жолдаған.
Сондықтан, Конституциялық комиссияның құрылуы Парламенттік реформа
жөніндегі талқылаудан басталған жұмыстан, дәлірек айтсақ, алғаш рет партиялық
тізімдер бойынша сайланатын бірпалаталы Парламентке көшу бастамасын көтерілген
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президенттің Жолдауынан логикалық түрде бастау алады.
Бұл – серпінді идеяның жүйелі өзгерістерге қалай ұласатынының айқын мысалы.
Еске сала кетейін, «Ақ жол» демократиялық партиясы Парламенттік реформа
жөніндегі Жұмыс тобы кезеңінде 50-ден астам ұсыныс жолдады, олардың бір бөлігі
Парламенттің функционалы аясынан тыс болды.
Айта кетерлігі, Конституциялық комиссияның отырыстары тікелей эфирде өтіп
жатыр, бұл барлық азаматтарға процестің тікелей қатысушысы болуға мүмкіндік
береді. Комиссия төрайымы, Конституциялық соттың төрағасы Э. Әзімова, тіпті,
пікірталастың бірде-бір бөлігі «кадр сыртында» қалмауы үшін жиналған комиссия
мүшелерінен талқылауды бастамай, тікелей эфирдің қосылуын күтуді сұрады.
Менің ойымша, алғашқы отырыстың өзінен-ақ көпшіліктің көз алдына
Конституцияның болашақ жаңа редакциясының болжамды кескіндері айқындала
бастады. Бұл — комиссия басшылығының жалған ақпарат пен бұрмаланған
түсіндірулердің алдын алатын, сонымен қатар талқылауға тек комиссия мүшелерін
ғана емес, бүкіл қоғамды тартатын өте орынды шешімі. Комиссияның құрамының өзі
де қызықты: мәслихат төрағалары мен бірқатар перспективті әкімдер арқылы
Республика өңірлерінің барлығы қамтылған; беделді заңгерлермен қатар танымал салалық
сарапшылар, қоғам қайраткерлері, әртүрлі этнос пен жас өкілдері бар.
Комиссияның «жалпыұлттық» құрамы бар деп толық айтуға болады деп ойлаймын.
Оның жұмысына қатысу мүмкіндігін жеке артықшылық ретінде емес, қазіргі
Қазақстанның саяси жүйесінде өзім басшылық ету құрметіне ие болып отырған «Ақ
жол» демократиялық партиясының атқарып отырған маңызды рөлін мойындау ретінде
қабылдаймын.
Әрине, Комиссия құрамында жұмыс істеу, оның болашақ ұрпақтар үшін
тағдыршешті маңызын түсіну — үлкен жеке жауапкершілік жүктейді. Дәл осы күндері
біздің көз алдымызда отандастарымызға қабылданатын шешімдерге икемді түрде
ықпал етуге мүмкіндік беретін, ал ел басшылығына халықтың еркіне сүйене отырып,
табысты әрі өршіл ұлт құруға жол ашатын мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып
жатыр.
Қалай болғанда да, бұл міндетті басқаша емес, дәл осылай көремін.
Ал алғашқы талқылаулардың өзі мұндай түсінікті басқа әріптестердің де
қолдайтынын көрсетті. Осыған байланысты сөз сөйлеулердегі байыптылық,
тұжырымдардың мұқияттылығы және көтеріңкі көңіл күй байқалады: ауқымды іске
ортақтас болу әрдайым жігерлендіреді.
Сондай-ақ, бұл реформаның «мәжбүрлі» сипатта еместігін атап өткен жөн.
Әдетте басқару жүйелері тығырыққа тірелгенде ғана мұндай өзгерістер жасалатын
еді. Ал мемлекеттік басқаруды түбегейлі қайта құруды бастай отырып, Президент
Қ. Тоқаев әлем елдерінде жинақталып келе жатқан сын-қатерлерді ескере отырып,
алдын ала қадам жасады. Кез келген терең реформаның басталуы қиындықтармен
қатар жүретіні анық, алайда жаңадан құрылып жатқан институттар арқылы қоғамның
ел басшылығының орта және ұзақ мерзімді қадамдарына деген сенімінің берік
іргетасы қалануда.
Шын мәнінде, Мемлекет басшысы сайлаушылармен кері байланысы бар, теңгерімді
мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ете алатын күйзеліске төзімді саяси құрылымды
қалыптастыру жауапкершілігін өз мойнына алды. Ал Халық Кеңесін құру секілді
кейбір форматтар мемлекет пен азаматтық қоғамның кең ауқымды өзара іс-қимылын
қамтамасыз ететін инновациялық әрі бірегей шешімдер болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа — өз алдына жеке мақсат емес,
оны әлдеқайда кеңірек қарастыру қажет: бұл — технологиялар, білім және бәсеке
ғасырының сын-қатерлері мен мүмкіндіктері алдында ел мен ұлтты жаңғыртуды
институционалдық тұрғыдан қамтамасыз ету.
Ал мемлекеттің бұл жаңғыртуға жүйелі, жоспарлы және кәсіби түрде кірісуі —
қазіргі ашық әрі тынышсыз әлемде Қазақстанның табысқа жетуіне жақсы
мүмкіндіктер жасайды.