25
Қараша

Кәсіпкерлікке көмек әлеуетті арттырады /Аманғали Қалжанов/ - Астана акшамы (Астана)

Өткен апта соңында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына арналған қос брифинг өтті. Оның алғашқысына «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламент мәжілісіндегі фракция жетекшісі Азат Перуашев, екіншісіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов қатысты.
«Мемлекет өміріндегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан сұрақтарға жауапты біз Елбасының жаңа Жолдауынан тауып отырмыз. Және бұл жауаптар «Ақ жол» партиясының ұстанымына өте жа­қын. Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған жаңа экономикалық саясат уақыт талабына сәйкес келіп отыр. Ол бағдарлама көмегімен қазіргі туындап жатқан қиындықтарды жеңеміз деп сенемін» деп сөзін бастаған Азат Перуашев Жолдауда айтылған ойларға жалпақ әлем қызығып отырғанын жеткізді. Дәлел ретінде өзіне Мәскеуден журналистер хабарласып, Жолдауға қатысты көзқарасын білгісі келгенін алға тартты.
Елбасының көрегендігіне тоқталған депутат 2008-2009 жылдары әлемдік дағдарыс кезінде бүкіл әлем «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғанда, Мемлекет басшысы, керісінше, елдің алға ілгерілеуін ойлап, Үдемелі индустриялық даму бағдарламасын іске қосып, экономиканы жаңғыртуға тапсырма бергенін атап өтті.
Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасында басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын қолдауды қажет етіп отырған бес бағытқа бөлу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Азат Перуашевтың пікірінше, бөлінетін қаржының жұмсалуын қадағалайтын комиссия құру керек. Оның құрамына Парламенттегі партиялардың барлық фракциялары өкілдері енгені жөн. Ол қаржының бейберекет шашылмауын, нақты мақсатты істерге бағытталуын бақылауға алу үшін керек.
Сондай-ақ, депутат мораторийге қатысты өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, мораторий тиісті заңнамаларды реттеу мақсатында жарияланады. Мораторий бизнесті алаңсыз жүргізуге мүмкіндік береді деген ақиқатты атап өткен ол аталмыш шараның созылуымен келіспейтінін жеткізді. «Мемлекет пен қоғам тарапынан кәсіпкерлікке қойылатын талаптар мен тиісті заңдар бар. Кәсіпкерлер осы талаптарды орындап, заңды бұзбаулары керек» деді Азат Перуашев.
«Ел экономикасының даму ісінде отандық кәсіпкерлер орасан рөл атқарады. Ал, Елбасының Жолдауында әлемде туындап жатқан қиындықтарға қарамай, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қо­мақты қаржы бөлінетіні айтылды. Бұл – бизнес өкілдеріне деген үлкен көмек. Сондықтан, кәсіпкерлер Жолдауды қолдайды» деді өз сөзінің әлқиссасында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Осыдан кейін ол Жолдаудағы кәсіпкерлерге жүктелген міндеттерге тоқталды. Оның сөзінен ең басты міндеттер ретінде әлемдік дағдарыс жағдайында экономикамыздың қарқынына қарқын қосу, қоғамның кәсіпкерлерге деген сенімін әлсіретіп алмау, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпау секілді мәселелер белгіленгені айқындалды. Сондай-ақ, экспорт көлемін арттыруды да көздеп жатқандарын айтты.
Сонымен қатар, Палата төрағасының сөзінше, мораторийге қарамай, кәсіпкерлік істің дамуына кедергі келтіретін шенеуніктер кездеседі. Өңірлерді аралау барысында осындай келеңсіз жағдайларға жолыққандарын айтып өткен ол осылай созыла беретін болса, ештеңеге қарамай олардың аттарын жария қылуды ұйғарғандарын жеткізді. Алайда, бизнесті дөңгелетуге тосқауыл болатын жағдайларды сырттан іздемей, ішкі жағдайларды да назарда ұстаудың маңызы үлкендігін атап өтті. Соның ішінде кәсіпкерлердің таза бизнес жүргізгені мемлекетке де, өздеріне де тиімді болатынына тоқталды.
Сүбелі сөз
Талғат Ермегияев, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
Әлем алдындағы маңызды уақиға
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында мемлекетіміздің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жария етті. Бұл бағдарлама еліміздің барлық саласындағы ахуалдардың өркендей түсуіне үлкен жол ашары сөзсіз.
Осы жаңа экономикалық бағдарлама аясында елорданы еліміздің әр аймағымен байланыстыратын алып торапты жетілдіру шарасы жоспарланған. Атап айтқанда, әуе, автокөлік, темір жолдарды жақсарту, индустрия, энергетика, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салалар, тұрғын үй инфрақұрылымы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бағыттары қамтылған.
Президент Жолдауында «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізу барысына да ерекше назар аударды. Әлбетте, бұл – тарихта кез келген елдің маңдайына бұйыра бермейтін ұлттық жоба. Сондықтан, бұл «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, аянбай тер төгуді қажет етеді.
Көрме кезінде екі миллионнан астам қатысушы болады деп күтіліп отыр. Демек, елорда әуежайында жаңа терминал салу, ұшып-қону жолағын жөндеу, сол сияқты жаңа темір жол вокзалының құрылысы осы жоспарларымызды еркін жүзеге асыруымызға мүмкіндік береді.
«ЭКСПО-2017» іс-шарасы еліміздің айнасы, бет-бейнесі десек те болады. Халықтың тұрмыс-тіршілігінен бастап, инфрақұрылымның даму үрдісі әлемнің назарына ілінеді. Сондықтан, Елбасының Жолдауында Астананың келбетін жақсарта түсіп, әлемдік деңгейдегі алып шаһарға айналдыру туралы тапсырмасы баршамыздың асқан жауапкершілігіміз бен ерен еңбек етуімізге тікелей байланысты болмақ.
Ерхат Есқалиев, «KAZLOGISTICS» Қазақстанның көлік одағының бас директоры:
Стратегиялық қам-қарекетіміздің нұсқаулығы іспеттес
Жолдауда әлемде орын алып жатқан дағдарыс жағдайынан еліміздің мейлінше зардапсыз шығуы мен шикізаттық тәуелділіктен арылу жолдары кеңінен қамтылды. Әсіресе, көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуына, Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасу мәселесіне айрықша мән берілді. Бұл саладағы ауқымды жобалардың біразы қазірдің өзінде еңсеріліп тастағанын айта кетуіміз керек.
Үкімет 2020 жылға дейін көлік инфрақұрылымына 58 млрд доллар инвестиция құймақшы. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына қатысып жатыр. Жаңғырған Жібек жолының 2787 мың шақырымы біздің ел арқылы өтеді. Бұдан бөлек Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана-Ақтөбе, Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды-Жезқазған – Қызылорда, Атырау-Астрахань жолдары салынады.
Көлік қатынасының көкжиегін кеңейтетін тағы бір жоба – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы эко­­номикалық аймағы. Оның аясында арнайы әуежай, құрғақ жүк порты, Жетіген-Қорғас темір жолы және Ақтау теңіз портымен тікелей жалғанатын автожол пайда болады.
Қорғас өте маңызды халықаралық көлік дәлізі саналатын «Батыс-Шығыс» жолының бойында жатыр, ол одан әрі елдің батысына таман «Шығыс-Оңтүстік» жол тармағына барып қосылады.
Президент атап өткендей, «Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паром өткелі және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал етуі тиіс».
Дүниежүзілік банктің қалыптасқан пайымынша, халықаралық саудадағы төмен көрсеткіш шығыны көп логистиканың салдарынан болады. Яғни, көлік инфрақұрылымының нашарлығы логистикалық қызмет көрсетудің уақытылы орындалуына, бағасына, сапасына теріс әсер етіп, жеме-жемге келгенде сауданың тұралауына, сәйкесінше жүк жөнелтушілердің басқа қолайлы тасымалдау жолын іздестіруіне әкеп соғады.
Сондықтан біздің алдымызда мықты көлік-логистикалық оператор құрумен қатар, осы саладағы халықаралық көшбасшылармен әріптестікті кеңейту, баға және маркетинг саясатын жүргізе отырып көлік-логистика нарығының инфрақұрылымына инвестиция жасау, қызмет көрсетудің нақты сапа стандарттарын қалыптастыру міндеті тұр.
Жаһандық бәсекелестік жағдайында саяси, экономикалық үдерістерді аңдап отырған еліміз өзінің жеке жоспарын жасады. Аталмыш Жолдау, оның аясында жария етілген «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты – осы қам-қарекетіміздің нұсқаулығы іспеттес.

Дерекнама -  Астана акшамы (Астана), № 131 (3188), 18.11.2014