9 мамыр 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
Шығыс Қазақстан облыстық «Ақ жол» партиясы филиалы төрағасының орынбасары
Меруерт Смағұлова Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен Шығыстың асыл мұрасы — соғыс және
ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимовты құттықтады.
Құрмат Рахимов жүз екі жасқа таяп қалса да, әлі де елмен бірге, бір сапта.
Кеше ғана елордада өткен Жеңіс парадына қатысып оралған ардагер, бүгін туған
қаласы Өскеменде жерлестерімен бірге мерекені атап өтті.
Майдангер 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Беларусь пен Балтық жағалауы
елдеріндегі ұрыстарға қатысты. Жеңіс күнін Кёнигсберг қаласында қарсы алған.
Соғыстан кейін әскери училищені тәмамдап, шекара қызметінде борышын өтеді. 1965
жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер саласында еңбек етіп,
облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны
үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен
наградталған.
«Ақ жол» партиясы ардагердің ерен ерлігіне, адалдығы мен елге сіңірген
еңбегіне терең ризашылығын білдіреді. Мұндай тұлғалар — ел рухының тірегі,
ұрпаққа өнеге.

