Жаңа мүшелерге куәліктер тапсырылды
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жылдың 12 тамызы
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың қатысуымен игі шара өтті. Осы күні халық қалаулысының қолынан партия мүшелігіне қабылданған бір топ адамға куәліктер тапсырылды. Осы шараны ашып, жүргізген облыстық филиал төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл жиналғандарды Парламент Мәжілісі сайлауынан кейінгі саяси көрсеткіштерге тоқталды. Аталған саяси сайлау күні Ақмола облысы бойынша 380 мыңдай ақмолалықтар сайлауға қатысса, оның 30 мыңға жуығы «Ақ жол» партиясын қолдап дауыс берген екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Азаматтар өздерінің таңдауларын осылай жасауы ақмолалық филиалға да үлкен жауапкершіліктер жүктелетінін көрсетеді.
Қазір әлемдегі демократиялық үрдістерде сайлауда дауыс берген адам саны партия мүшелігінің көрсеткішін анықтайды деген пікірлер білдіріліп жүр. Демек, Ақмола облыстық филиалындағы арнайы тіркелмеген, бірақ, өздерінің «ақжолдықтармен» мүдделес екенін білдіретін азаматтар санының отыз мыңға жетуі үлкен саяси күш бар екенін көрсетеді.
Бұл жолы партияға бір топ зиялы қауым өкілі мүшелікке өтті. Олардың қатарында өңірге танымал ғалым, әдебиетші, тарихшы, ғылым докторы Сәбит Жәмбек те бар. Ол өзінің тілек сөзінде кешегі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның басқаруымен азат ел құрмақшы болған «Алашорда» үкіметінің, оның ішінде «Алаш» партиясының мұрагерілігін өзіне алған бүгінгі «Ақ жолға» ел мүддесі жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Партияның жаңа мүшелеріне көшбасшымыз Азат Перуашевтің жуырда шыққан экономикалық саясат жайлы кітабы да салтанатты жағдайда табыс етілді.