12
Тамыз

Филиал жұмысы жандататын болады

 «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жылдың 12 тамызы


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысындағы жұмыс сапары кезінде партияның жергілікті филиалында болып, белсенділермен кездесу өткізді. Онда филиал жұмысын жандандыру жайына жан-жақты тоқталды. Бизнес өкілдерінің мүддесін қорғайтын партияның орталық аппаратында қолға алынған міндеттер жайлы да хабардар етті.



Енді аз ғана уақыттан соң Парламенттегі фракция жұмысы басталады. Онда жергілікті жерлерге шыққан халық қалаулыларының түйіп қайтқан толғамдары заңдар қабылдау кезінде басты назарда ұсталатын болады.
Парламент өкіліне жергілікті бизнесмендер Әділбек Ғабдуллин мен Баржақсы Жақанов кәсіпкерлік саладағы толғақты мәселелер жөнінде ой қозғады. Қазір бизнестің адымын аштырмайтын кедергілер де жетерлік. Мәселен, олар жалған кәсіпкерліктің белең ала түскеніне алаңдаушылық білдірді. Себебі, өз салалары бойынша жұмыс істеу барысында осындай жалған кәсіпкерлік нысандарға жиі жолығатыны атап көрсетті. Мұның соңы бастаған істерін алға бастырмай, қаржыны да желге шашуға әкеліп соғады. Сондықтан бизнес нысандарын жалған кәсіпкерліктің зардабынан құтқару үшін заңға уақыт талабына сай өзгертулер енгізу қажет екенін де еске салды.
Меруерт Қазбекова өзінің партиялас әріптестеріне өз тарапынан қолдау білдіруге даяр екенін жеткізді. Мұндай түйткіл мәселелерді шешу үшін құқық және заң саласы жұмысына да жаңаша серпін керегі анық. Жаңағыдай жалған кәсіпкерліктің атын жамылып, бизнесте жүргендерді қан қақсатқан оқиғалардың көбеюіне бұл бағыттағы құқықтық қадағалаудың төмендеп кеткені де әсерін тигізіп отыр.
Меруер Қазбекова кездесу соңында облыстық филиалдың өзі келетін адамдарды тосып отырмай, өздері халық арасына бару керектігін еске салды. Бұл жергілікті филиалдың негізгі міндеттері болуға тиіс. Сонымен бірге, жергілікті билікпен де ортақ мүдде жолында қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін атап көрсетті.

Бақыт Смағұл