Адамдар өздерінің шағымдарын айта келді
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жылдың 12 тамызы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының кеңсесінде азаматтарға қоғамдық қабылдау жүргізді. Жерлес депутат әр келгенінде оған мұң-мұқтаждарын арқалап, бұйымтайларын айтып, араша сұрайтындар көп. Бірі өздерінің конституциялық құқықтары өрескел бұзылғанын айтса, енді бірі күнделікті тіршіліктің қам-қаракетінен туындаған жөнсіздіктерге көмектесуін қалайды. Бұл келген азаматтардың барлығының арыздары қабылданып, жеке кездесулер өтті.
Халық қалаулысы кейбірінің шағымдарын жеке кітапшасына түртіп алса, енді біріне жергілікті филиал арқылы тиісті орындарға хат жазылатынын айтты. Адамдар жайдан-жай арызданып келмейді. Тиісті орындардан әділдік таба алмағасын осылай істеуге мәжбүр болады. Ол осында келгенде ғана емес, Парламентте жүргенінде де жергілікті жерден хаттардан көптеп жолданатынын айтты. Сондықтан өз тарапынан бұл хаттарға байланысты ықпал ету шаралары жасалатынына сенім білдірді.
Мысалы, Көкшетау қаласының тұрғыны Дана Құсайынова жалға алған пәтерінің ақысын төлеу қымбат екеніне шағымданады. Шиеттей балаларымен жұмыссыз отырғандықтан мемлекет ата-анасыз қалып, жетімдер үйінде тәрбиеленгендерге қамқорлық жасаса деген тілегі бар екенін жеткізді. Бірақ, оған арнайы кезекпен мемлекет үш бөлмелі пәтер берген екен. Сондықтан әркім өз күнін өзі көруі керектігі, мемлекетке алақан жаятын уақыт өткенін айтқан халық қалаулысы оған үйде отырып шағын бизнеспен айналысудың жолын ұсынды. Оған заң жағынан көмек көрсетілетінін айтты.