09 қаңтар 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Өңірлік даму министрлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (бұдан әрі қарай - МЖӘ) шеңберінде сумен жабдықтау саласына жеке бизнесті тарту жөніндегі «Ақ жол» партиясының ұсыныстарын қолдайды – партияның тиісті ұсыныстары жазылған хатына министрліктен ресми жауап келді.
2013 жылдың желтоқсанында ҚДП-сы Өңірлік даму министрлігіне су қорларын тұтынудың ресурсты үнемдеу тетіктерін жасауға ұсыныстарын жолдағанын естеріңізге саламыз. Мұнда сумен жабдықтау және су бөлу жүйелерін конкурстық негізде жұмыс тәжірибесі бар жеке операторлардың басқаруына беру жолымен концессия бойынша МЖӘ-ті енгізу және іс жүзінде жүзеге асырудың қажеттілігі туралы әңгіме болып отыр. Концессия қаржылық ресурстардың құнын және оларды беру мерзімін қоса алғанда, тиімді жағдайда инвестициялар тарту сияқты басты міндеттерді шешуге қабілетті, онсыз сумен жабдықтау және су бөлу жүйелерін толыққанды жаңғырту мүмкін емес.
Концессиялық қатынас сумен жабдықтау және су бөлу саласында – мемлекет үшін де, және бизнес үшін де келешегі бар үлгі. Ұсынылып отырған үлгі су құбыры-кәріздік жүйелерін жаңа технологияларды пайдаланумен қайта жөндеу, жаңғырту және салуды жүргізуде, сенімді пайдалануға және тұрғындарды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге кепілдік беретін болады. Өз кезегінде ҚР бюджеті осы салаға қайтарымсыз бөлініп жатқан қомақты бюджеттік қаражатты үнемдейді, тиісінше салықтар алады, жаңа жұмыс орындарын құрады», - деп сенеді «Ақ жол» партиясы.
Хатта, су құбыры-канализация шаруашылығын кез-келген меншік түрінің оператор-компаниялары мемлекет тарапынан қаржыландырылмай басқаратын Еуропаның және Американың дамыған елдерінің халықаралық тәжірибесі келтірілген болатын. Жаңғыртуға барлық инвестициялар жылдық 1-2 %-бен заемдық қаржы есебінен салынады. Отандық тәжірибеден Шымкент қаласында және Сайрам ауданында тұрғындарды 16 жыл бойы сумен қамтамасыз етіп келе жатқан «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің қызметі мысал ретінде келтірілген. Кәсіпорын құрылған күннен бастап мемлекет бюджетінен бір тиында алған жоқ. Кәсіпорын әлемдегі алдыңғы қатарлы өндірушілердің жаңа технологияларын кеңінен қолдануда, тұтынушыларды суды есепке алатын құралдармен 100 %-ға қамтыған. Жүйені жаңғыртудың нәтижесінде судың шығыны бір адамға тәулігіне 450-ден 114 литрге дейін төмендеп отыр.
«Су саласындағы кәсіпорындарды реформалау мәселесі шиеленісіп тұр. Министрлікпен осы салада МЖӘ-ті дамытудың одан арғы келешегін талқылау мақсатында облыс әкімдерінің орынбасарларының, су арналары жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізілген болатын. Құрылған жұмыс тобы ағымдағы ахуалға және МЖӘ тетіктерін енгізудің мүмкіндіктеріне талдау жүргізді. Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік-Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс-Қазақстан облыстарында МЖӘ енгізудің пилоттық жобаларын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды, - деп баяндалады жақында келіп түскен министр Б.Жәмішевтің қолы қойылған ресми жауапта. – Жалпы алғанда министрлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану жолымен сумен жабдықтау саласына жеке бизнесті тарту жөніндегі Сіздердің ұсыныстарыңызды қолдайды».
Сондай-ақ, жауапта қазіргі уақытта министрлікпен осы салада қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде белсенді жұмыстар: заңдарға, заңға тәуелді актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізілетіні, концессия шарттары бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қалыптастыру және бекіту тәртібі туралы қаулы дайындалатыны туралы атап өтілген.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және жеке бизнестің мүдделерін қорғау бойынша жұмысын жалғастыра береді.