Мирзоян ескерткіші қашан алынады? - 'Қазақ Үні' Газеті
Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі Алмас Тұртаев Ақтөбе қаласына іс сапармен келді. Депутат жұмыс жоспарын «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалы кеңсесінде азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдаудан бастады. Бұл шараға өздерін мазалап жүрген проблемалар бойынша қала тұрғындары қатысып, халық қалаулысына өз арыз-шағымдарын жазбаша түрде тапсырды. Түстен кейін депутат қаладағы «Хабар сервис» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде жұмысшылар депутатты жылы қабылдады. Содан кейін Алмас Тұртаев “Ақ жол” партиясына өткен бірнеше жұмысшыға партбилеттерді өз қолымен табыстады. Салтанатты рәсімде сөз алған депутат жұмысшыларға сәт сапар тілеп, ризашылығын білдірді. «Хабар сервис» ЖШС-да болған кезінде Алмас Тұртаев мұнда жеті бірдей газет басылып шығатын баспахананы аралап көрді. Бұл баспаханада “Егемен Қазақстаннан” бастап, “Қазақия” т.б. республикалық басылымдар шығарылып келеді.
Бұл басқосудан соң, депутат Оңтүстік Батыс ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудандағы орта мектеп ғимаратында өткен кездесуде де тұрғындар жекелеген сұрақтарына жауап алуға тырысты. Парламент депутатына мәлім болғаны мұндағы халық өздері сайлаған облыстық қалалық мәслихаттардың депутаттарын көрмеген болып шықты. Депутаттар сайлануын сайланып алып, халықпен етене араласып, жұмыс жүргізбеген екен. Тіпті тұрғындар сайланған депутатты сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де көрмегендерін де жеткізді.
Дәл осындай кездесулер 4-маусым күні Қарғалы селолық округі мен Благодар селолық округтерінде де жалғасты. Екі күн бойы халықпен бетпе бет жүздесіп, мән жайға қаныққан Парламент депутаты 4-ші маусым күні «Рика» телеарнасының кешкілік бағдарламасына қатысып, сұхбат берді. Бұл жерде де көрермендер тікелей эфир арқылы өздерін толғандырып жүрген сұрақтар бойынша, депутатқа сауалдар қойып жатты. Сауалдардың дені тұрғын үй мәселесіне қатысты болды. Қаладағы Мирзоян ескерткішін алуға арналған сауалға депутат бұл мәселені өзінің де қолдайтынын, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары бұл мәселеге ат салысатынын жеткізді.
Телекомпаниядағы кездесуден соң, депутат қала орталығындағы “Н.Ә.Назарбаев атындағы” орталық саябақта қоғамдық ұйымдар жетекшілері, жастармен кездесіп, Қазақстанның болашағы туралы әңгіме қозғады.
Халықпен кездесулердегі мәселерді қортындылау мақсатында Алмас Тұртаев 4-шілде күні қала әкімі Ерхан Омаровпен кездесті. Ресми кездесуде халық қалаулысы екі күн бойғы кездесуде қала халқының берген жазбаша арыз-шағымдарын шаһар басышысына табыстады.
Ақпарат көзі Қазақ үнi (Алматы), № 30 (639)-31 (640), 12.08-19.08.2014