04
Маусым

Нұралхан Көшеров Азия чемпиондарын марапаттады

4 маусым 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы

Түркістан облысының спортшылары өткен айда халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Шри-Ланканың Коломбо қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз 8 алтын медаль олжаласа, Қытайда өткен ескек есу сайысында 3 алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Астана қаласында пара дзюдодан өткен әлем чемпионатында Түркістан өңірінің 2 спортшысы жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық жарыстарда ел абыройын асқақтатқан спортшылармен кездесті. Ол жеңімпаздарды құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.

– Сіздер еліміздің атын әлемге танытып, көк Туымызды биікте желбіреттіңіздер. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спортты дамытуға бағытталған тапсырмасының нақты нәтижесі. Президент өз Жолдауында «Спорт – ұлт саулығы мен жас буынның болашағына жасалған маңызды инвестиция» деп атап өтті. Облыста осы бағыттағы жұмыстар қарқын алып келеді. Биылдың өзінде 73 спорт нысаны пайдалануға берілді, ал 2025 жылы тағы 51 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Біз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз және бұл жұмыс жалғасады. Жеңісті жолдарыңыз алдағы уақытта да жалғаса берсін. Түркістаннан әлемді таңқалдыратын чемпиондар әлі де шығады деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында даңқты бапкер Мырзағали Айтжанов, бокстан Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай мен ескек есуден чемпион Артём Терещенко сөз алып, көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына алғыстарын білдірді. Олар алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтап, жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салатындарын айтты.

«Ақ жол» партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық бокс федерациясының президенті Сұлтан Көшенов  қаржылай қолдау көрсетті.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде спортты дамыту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы спорт нысандарының саны артып келеді. Қазіргі таңда халықаралық стандарттарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы қарқынды жүруде.