27
Ақпан

Отандық өнім әлемдік нарыққа шығады /Айхан Шәріп/ - Айкын (Алматы)

 
Әлемді астаң-кестең еткен дағдарыс мемлекеттердің мүмкіндігі мен әлеуеті, қарымы мен қабілеті үшін нағыз сынға айналуда. Елбасы айтқандай, бұл сыннан мемлекеттердің бәрі бірдей шыға алмауы мүмкін. Қазақстанның жағдайы нешік?
Амалы қандай? Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республи­калық бюджетке» түзетулер енгізетін заң жобасы қаралып, мақұлданды. Осыған орай Парламентке келген Үкімет мүшелері қалаулыларға қабылданып жатқан шаралар жайын баяндады.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов ұлттық валютаның тағдырына әзірше алаңдамауға болатындығын қайталады. Өйткені төлем балансы теңгерімді. 2014 жылы Ұлттық банктің алтын-валюталық активінің көлемі 17 пайызға өсіп, 28,9 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың активтері былтыр 3,9 пайызға артып, 73,6 миллиард доллар болды. Осылайша, өткен жылы Қазақстанның халықаралық резервтері тұтастай алғанда, 7,3 пайызға ұлғайып, 102,5 миллиард долларға жетті.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қиындыққа кезіккен қазақстандық ірі, маңызды кәсіпорындар қорғаусыз қалмайтындығын мәлімдеді. Бір ғажабы сол, бизнесмендердің тауарларын шетелге сатуға, яғни оларға клиент іздеуге көктем бастала салысымен, Үкімет мүшелері де білек сыбана кіріспек.
– Бүгінде әлемде, соның ішінде Ресейде қиын жағдай болып жатыр, – деді бірінші вице-министр. – Осының бәрі біздің еліміздің экономикасына, соның ішінде өнімі экспортқа бағытталған отандық өндірушілерге әсер етпей қоймады. Сол себептен, Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет біраз іс-шаралар атқаруда. Біз Еуропаға, Қытайға шикізат экспорттаймыз, ал өңделген өнімдердің негізгі экспорттық бағыты – посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер болып табылады. Сондықтан өз көршілерімізге – Орталық Азия, Кавказ мемлекеттеріне, Қытайға, Ауғанстанға экспортты арттыруға жол ашуға күш салудамыз.
Бақытжан Әбдірұлының сендіруінше, Үкімет «экспорттық бағдарланған кәсіпорындардың өндіріс көлемін сақтап қалумен шектелмей, оны ары қарай ілгерілету мақсатын қоюда». «Тиісінше, Үкімет соған қажетті жаңа тәсілдер мен тетіктерді қалыптастырды. Үкіметтік іс-шаралар жоспары бекітілді, ол 80-нен аса ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын қамтиды. Біз, Үкімет мүшелерінің бәрі облыстарды аралап, іс-сапар жасап, сол кәсіпорындардың бәрімен танысып шықтық» деді ол.
Осының қорытындысында мемлекет отандық өндірушілерді темір жол бойынша жеңілдетілген тарифтермен қолдауды бастапты. Бұған қоса, электр қуаты тарифі бойынша да жеңілдік ұсынылуда екен.
– Қаржылық қолдау да қарастырылған. Ұлттық қордан 35 миллиард теңге бағытталуда, – деді Б.Сағынтаев. – Бұл қаражат бірінші кезекте, сол тауар өндірушілерді несиелендіруге, лизингті қолдауға жұмсалады. Мысалы, локомотивтерді лизингтік несиеге беруге жол ашылды. Экспорттық қолдау шаралары қолға алынуда. Мәселен, Кентаудағы трансформатор зауытының өнімдерін Түрікменстан сатып алуға ниет білдіруде. Бірақ олар алдын ала төлем жасауға келіспейді. Бұл ретте біздің «ҚазЭкспортГарант» зауытқа кепіл қаржы берді. Бұл да үлкен көмек.
«Қазақстанда жасалған» таңбалы тауарларды әлемдік нарыққа жылжыту үшін Үкіметте қазіргі кезде сауда миссиялары бекітіліпті: «Наурыз айынан бастап, олар әлгінде аттары аталған мемлекеттерге жолға шығады. Негізгі мақсат – отандық тауарларды жеткізу бойынша сол мемлекеттердегі жергілікті компаниялармен келіссөздер жүргізіп, экспорттық келісімшарттарға қол қойылуына қол жеткізу» деді Бақытжан Сағынтаев.
Нұротандық депутат Нұртай Сабильянов қазіргі шақта бюджеттің әр теңгесін ұқыппен, ұтымдылықпен жұмсау мәселесін көтерді:
– Бюджеттің жаңа жобасында Елбасының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға қосымша 20,5 миллиард теңге бөлінді. Бірақ шалғай ауылдардағы фермерлер осы қаржыларға қол жеткізе алмауда. Қаржы тек ірі шаруа қожалықтарына ғана тимеуі керек. Осыған назар аудару керек. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына да қосымша қаржылар қосылуда, сонда бұған барлығы 51 миллиард теңге бағытталады. Оның 30 миллиардтайы кәсіпкерлік субъектілерді субсидиялауға жұмсалмақ. Оның тиімділігіне көңіл бөлінуге тиіс.
Депутаттың мәліметінше, мысалы, 2013 жылы бюджеттік субсидия иеленген 30 кәсіпкер мемлекетке бір тиын салық төлемепті. Тағы 60-тан астам субъекті небары 1-20 мың теңге салық аударған. «Тіпті бірде-бір жұмысшыны алмаған субъектілерге субсидия берілген. Мұның сыртында 1 ғана жұмысшысы бар 150-ден артық кәсіпкер субсидия алған» деді ол.
Депутат Азат Перуашев шенеуніктердің іссапарлық және әкімшілік шығындарын қысқарту сыртында, ірі көрсеткіштер мен жетістік жеңістер әкелмейтін спорт түрлерін қолдау көлемін де азайтуды ұсынады:
«Жергілікті барлық бюджеттер спорттық объектілер мен нысандарды қаржыландырады. Бірақ жергілікті спорт басқармаларының бюджет қаржысын бөлу кезінде басшылыққа алатын қағидаттары спортсүйер қауымда сұрақ тудыруда. Жаһандық додаларда Қазақстан қоржынына қай спорт түрлері медаль салады? Бокс, ауыр және жеңіл атлетика, күрес. Алайда, барлығын қоса алғанда, өңірлер 2015 жылы боксқа – 1,5 миллиард, күреске – 3,1 миллиард, ауыр атлетикаға – 487 млн теңге бағыттамақ. Жүргізілген оңтайландырудан кейін де ең үлкен шығын футбол үлесіне тиіп отыр: футбол клубтарын ұстап тұруға 14,6 миллиард теңге бюджет қаржысын жұмсамақ» деген депутат бүкіл әлемдегідей, футболды өзін-өзі қаржыландыруға шығаруды ұсынды.
Ең бастысы, басқа елдер әлеуметтік төлемдер көлемін қысқартуға барып жатқанда, Қазақстан бюджеттің түзетілген нұсқасында да барлық әлеуметтік міндеттемелерін бұрынғы бекітілген көлемде сақтап қалды.
 
Дерекнама - Айкын (Алматы), № 38 (2670), 27.02.2015