Құпия байлыққа төнген қатер - Туркiстан
Оффшорлық есепшоттарда 32 трлн. доллар сақтаулы. 2013 жылы оффшорларға соққы беру науқаны басталды.
Еліміздің Бас прокуратурасының былтырғы мәліметтеріне сүйенсек, жеке тұлғалар шетелге жыл сайын шамамен 1,5 триллион теңге шығарады екен. Мәселен, тек 2013 жылы қайтарылмаған валютаның жалпы көлемі 200 миллион долларды құрады. Сондай-ақ, Қазақстан оффшорлық аймақтарға қаржы орналастыру жөнінен алдыңғы қатардағы 10 елдің қатарына енеді.
Жалпы, оффшорлық бизнестің қаржы орталықтары шетел капиталын салық жеңілдіктері мен басқа да жеңілдіктер беру, орталық орналасқан елде тіркелген шетел компанияларының табысына салынатын салықты азайту немесе толық жою жолымен тартады. Оффшорлық компания тек салық шығынын азайту ғана емес, шетелдік компанияның атынан келісімді жүзеге асырып, шетелдік банктердегі несие қорларына қол жеткізеді. 2013 жылы Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы 170 елден қаржыларын оффшорлық есеп-шоттарда сақтап келген 130 мың адамның аты-жөнін жариялаған болатын. Аталмыш тізімде британдық Виргиния аралдарында, Гонконгте, Сингапурде, Кука аралдарында тіркелген оффшорлық компаниялардың иелері көрсетілді. Консорциумның 2013 жылы ұсынған тізімінде Ресей вице-премьері Игорь Шувалов, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның әйелі, қызы болған. Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы байлардың қаржысын қандай жолмен жасырын ұстап, салықтан жалтарғандығын дәлелдейтін 2,5 миллионға жуық түрлі құжаттарды көрсетті.
Таяуда Швейцарияның құқық қорғау орындары Ресей Бас прокуратурасының өтініші бойынша бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Елена Скрынниктің есеп-шотын тұтқындады. Скрынниктің шотында 60 миллион франк (60 миллион доллардан астам) болған. Экс-министрдің шотын тұтқындау «Росагролизинг» компаниясынан жымқырылған қаржыны тексеруге тікелей қатысты. Тексеру нәтижесі бойынша, 2007-2012 жылдар аралығында Елена Скрынниктің Швейцариядағы шотына 140 миллион доллар қаржы түскені анықталды.
Әртүрлі баға беру деңгейі бойынша, оффшорлық есепшоттарда 32 триллион доллардан астам қаржы бар екен. Мұндай шоттардағы қомақты қаражаттың басым бөлігі «лас ақша». Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген консорциум осылайша 2013 жылы оффшорларға соққы беру науқанын бастаған. Жалпы, өзге елдің есебінен қағып алып, ешқандай салық төлемей еселеніп артып жатқан оффшорлық байлықтың тәбетіне тоқтау салатын шақ әлдеқашан жеткенін бәрі де аңғарып отырғаны рас.
Еуроодақ елдері салық төлеуден жалтарған азаматтары мен резиденттерінің кесірінен жылына 1 триллион еуродан астам қаржы жоғалтады екен. Еуропалық одақтан оффшорлық аймақтарға жасырылған қаржыдан жиналуға тиіс салық көлемі халықаралық дәрежеде дағдарысқа қарсы бағдарламада қарастырылған қаржыдан екі есе көп. Сондықтан Еуропада салықтан жалтарғандардың жасырын ақшаларына қарсы күрес ерекше белең алды. Еуропа одағының алғашқы соққысы оффшорлық аймақ атанған Кипр мемлекетіне бағытталған. Осыдан кейін Кипр мемлекетінің қаржылық жүйесі қайта оңалмастай қиын жағдайға тап болды. Жасырын ақшаның «жұмақ мекеніне» айналған Люксембург пен Мальта елдері де Еуропалық одаққа мүше жетекші мемлекеттердің қыспағынан оңай құтылмайды.
Оффшорлық аймақтарға қатысты даулы мәселені 2012 жылы Ресей де шешуге тырысқан. Владимир Путин Ресейдің стратегиялық нысандарын «оффшорлық көлеңкеден» шығару қажеттігін ескертіп, инфрақұрылымдық кәсіпорындарға оффшорлармен байланысуға тыйым салған еді. Мемлекеттің инвестициялық жағдайын жақсарту үшін оффшорлық жүйені тоқтату қажеттігін де жақсылап түсіндірген. Тіпті, Ресей билігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді қолға түсіру, шетелдік оффшорлардағы ресейлік компанияларға тиесілі қаражатты елге қайтару жұмыстарымен айналысуды тоқтатпақ емес.
Құпия миллиардтар қазақстанға орала ма?
Қалталылардың шетелдегі капиталын елге қайтаруға Қазақстан да барын салуда. Бүл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шетелде ештеңені жасыра алмайтыныңды, бәрін анықтауға болатынын өздеріңіз де байқап отырсыздар. Жақында HSBC банкі ақшасын сонда сақтайтын 100 мың адамның тізімін жариялады. Қазақстандық қалталылардың бар ақшасын сыртта сақтайтындығы түсініксіз. Ол біздің Отанымыз емес, онда бізді ешкім күтпейді, ешкім жақсы көрмейді. Бұған дейінгі капиталды заңдастыруда ешкімді жазалаған жоқпыз. Бүл жолы да жазаламайтынына кепілдік беремін. Сырттағы ақшаны Қазақстанға әкеліңіздер, ол ақша өзімізге жұмыс істесін», - деген болатын. Тіпті, Мемлекет басшысы сырттағы қаржыны елге қайтарудың жалғыз мүмкіндігі ретінде мүлікті жария етуді ұсынды.
2014 жылы Қазақстан рақымшылық шарасын қолға алды. Бұл қадамға еліміз шетелдерде сақталған қаржыны Қазақстанға қайтару мақсатында барды. Дәл мұндай амнистия Қазақстанда бұрындары да жасалған. Еліміздегі алғашқы қаржы амнистиясы 2001 жылдың маусымында жүзеге асырылды. Бір ғана айға созылған рақымшылық шарасы кезінде Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпкерлерді, көлеңкелі бизнеске қатысы бар жандарды адалдыққа шақырған еді. Сөйтіп алғашқы амнистия кезінде 480 миллион доллар қаржы елге қайтарылды. Екінші қаржы амнистиясы 2006-2007 жылдары болды. Бұл кезде елімізге шетел банктерінде сақталған 7 миллиард доллар отандық банктерге алмастырылды. Ал 2014-2015 жылдарға жоспарланған қаржы амнистиясы еліміздегі үшінші ірі шара болды. Қаржы амнистиясының үшінші кезеңінде қазынаға 12 миллиард доллар қаржы түсуі тиіс. Мұндай болжамды Экономикалық зерттеулер институты жасаған. Ал наурыз айындағы шараның аралық нәтижесі бойынша капиталы мен мүлкін амнистиялауға 16 мың өтініш түсіпті. Олар 125 миллиард теңге көлеміндегі байлығын заңдастырмақ. Үшінші амнистия кезінде Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті жария етуге үлкен үміт артылды. Үміт артылған осы миллиардтардың біраз бөлігі қазір шетелдік оффшорлық аймақтарда құпия сақталып отыр. Алайда сол жасырын жолмен келіп, оффшорлық шоттарда жатқан қыруар қаражаттың иелерін нақты атап айту мүмкін болмай тұр.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Ақ жол» партиясы «HSBC» банкі швейцарлық бөлімшесінен табылған құпия шоттардың қазақстандық иегерлерінің аттарын жария етуді талап еткен болатын. Өйткені Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы анықтаған деректер бойынша банктен Қазақстанның 82 азаматына тиесілі 251 банктік шот табылған еді. Соның екеуі белгілі кәсіпкерлер болса, қалған 80-інің есімі еш жерде аталмады. Бүл шоттарда барлығы 435 миллион доллар болған. Олардың арасындағы ең бай клиенттің шотында 145 миллион доллар бар. «Бүгінде бүл қаражаттардың басқа мемлекеттің пайдасына тәркілену қаупі бар. Бұған байланысты бұл шоттардың кімге тиесілі екендігін және олардың шыққан тегі заңды болып табылатындығын анықтау керек. Егер де бүл қаражаттардың жемқорлыққа қатысты күдіктенуге негізі бар болса, онда оларды алып, Қазақстанның пайдасына қайтаруға тырысу керек. Елімізден заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар, қаражатты шет елдерде жасырмай, отандық экономикаға инвестициялауға мүмкіндік береді. Егер де шоттардағы қаражаттар заңды иелеріне тиесілі болып жэне жария бизнесте жасалған болса, онда мемлекет оларды қорғауға жәрдемдесуі тиіс», - дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. Оффшорлық шоттарға жасырын қаржы орналастырған қазақстандықтардың аты-жөнін анықтау мақсатында «Ақ жол» партиясының депутаттарынан құралған «Kazakhstan Financial Integrity Centen» қаржылық қоғамдық қоры Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумына тиісті сауал жолдаған еді. Алайда консорциум мұндай ақпараттың тек ресми мемлекеттік органдарға ғана берілетіндігін ескерткен жауап хат жолдады.
Сондықтан, «Ақ жол» партиясы еліміздің Бас прокуратурасынан Ұлыбритания мен Швейцарияның уәкілетті органдарына Қазақстан азаматтарының арасынан аталған шоттардың иелерінің толық тізімін беру туралы сұраныс жолдауды ұсынды. Мемлекеттік органдар ләм-мим демей, үнсіз қалған сияқты. Неге?..
Айта кетейік, «Ақ жол» партиясы бұған дейін де бірнеше рет Қазақстан экономикасында оффшорсыздандыруды жүргізу және жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктердің шетелдегі шоттарына қатысты банктік құпияны жою қажеттігін айтып, дабыл қаққан. Қазақстандықтар инвестиция салған елдердің қатарында Нидерланды, Ұлыбритания, Швейцария, сондай-ақ, Виргиния аралдары, Кипр, Люксембург бар. Әрине, бұл жерде оффшорлық аймақтарға кеткен қайтарымсыз ақша туралы болып отыр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев: «Біреу елден миллиардтарды шығарып байи түседі, ал біреулер елде жүріп жұмыс таба алмай ақшасыз қиналады. Жоғалған миллиардтарға кәсіпорындар құрып, жұмыс орындары ашылуы тиіс еді. Шетелге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қаржы ғана емес, сонымен қатар шынайы еңбекпен, бизнес арқылы түскен қаржы да шығарылуы мүмкін. ондай жағдайда бүл қаржыдан салық төленуі тиіс, тым болмаса 10 пайыз көлеміндегі жеке табыс салығы төленуі қажет», - дейді.
Қазақстанға оффшорлық аймақ қажет пе?
Оффшорлық аймақтар мәселесі біздің еліміз үшін ғана емес, ТМД және Еуропа одағы елдері үшін ортақ түйткілге айналып отыр. Елімізде қомақты қаржының оффшорлық аймақтарға құйылып жатуы жиі талқыға түсіп, сыртқа кеткен қаражатты елімізге қайтару жолдары іздестіріліп жатқаны аян. Алайда 2014 жылдың наурыз айында «лас ақшалар» жинақталған оффшорлық аймақты Қазақстанның аумағында құру туралы да бастама
көтерілді. Мұндай бастама жай ғана емес, Парламент мінберінен естілді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов қалталы отандастарымыздың оффшорлық аймақ болып табылатын Виргиния аралдарына 3 миллиард 600 миллион доллар, Сейшель аралдарына 2 миллиард 600 миллион доллар, Кипрде 1 миллиард 900 миллион долларды сақтап отырғандығы туралы есебін естірткен. Әрине, бұл өте қомақты қаражат! Сондықтан Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов өз ішімізде оффшорлық аймақты қалыптастыруды қолға алу қажет дейді. Қазір оффшорлық аймақ дамыған елдердің барлығында бар. Тек бізге әзірге 50-ге жуығы ғана белгілі. Тіпті, көршілес Ресей де Қиыр Шығыста осындай оффшорлық аймақ құруды қолға алды. «Бүгінде екі ел арасындағы шекарамыз ашық. Оның үстіне Бірегей экономикалық кеңістік аясындағы жағдайға келсек, онда қазақстандық капиталдың басым бөлігі Ресейде ашылуы қарастырылып жатқан оффшорға ағылып кететіні әбден белгілі. Үшіншіден, келешекте оффшорлы аймақтар шетелден капитал тартуда негізгі құралға айналуы мүмкін. Сондықтан да өзінің «ойын ережелері» айқындалған мұндай аймақ ашсақ ұтылмасымыз анық. Бүл ретте Жезқазған немесе Семей қаласын оффшорлық аймақ үшін ең қолайлы аймақ деп есептеймін. Тұтастай алғанда, салыққа салмақ түсірмейтін оффшорлық аймақ ашылса, кәсіпкерлерге де тиімді әрі дүниежүзінен капитал тартуға мүмкіндік туар еді. Сонда дүниежүзінен ақша келеді сол жерге. Күллі ел солай жасап жатқанда, бізге қарап отыруға болмайды», - дейді халық қалаулысы.
Алайда қазіргі уақытта бүкіл әлем оффшорлық аймақтардың экономикалық емес, саяси қырына баса назар аударуда. Соның эсерінен оффшорлық аймақтар әлем елдерінің қарсылығына тап болды. Ал олигархтар артық қаржыларын оффшорда емес, Швейцария мен испан банктерінде сақтағанды жөн санай бастаған тәрізді. Мұндай жағдайда біздің елімізде оффшорлық аймақ қалыптастыру қисынсыз болмай ма? Оның үстіне азаматтарының заңсыз табысы туралы кез келген мемлекеттің сұрау салуға, тіпті, оффшорды жауып тастауға да құқығы бар. Сондықтан, бүгінгідей қым-қуыт заманда оффшорлық аймақ құрудан бұрын, сыртқа есепсіз ағылып жатқан қыруар қаражат пен оффшордағы қазақстандық компанияларды қадағалау маңызды болып тұр.
Дерекнама - Туркiстан (Алматы), № 44 (1110), 05.11.2015